Руханият

Жарқырасын, жұлдыздар!

Баланың бойындағы табиғи талант пен шығармашылық қабілет – қоғамның баға жетпес байлығы. Ал, сол қабілетті дер кезінде байқап, оны қолдап, дамыту – мемлекет пен қоғамның басты міндетінің бірі. Қарағанды қаласында өткен Artsport «Жарқын болашақ» фестивалі – дәл осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан тың бастамалардың бірі. Бұл фестиваль – тек өнер додасы ғана емес, балалардың рухани әлемін байытып, өз-өзін тануына жол ашатын алаң.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл фестиваль – әлеуметтік маңызы зор бастаманың жарқын көрінісі. Балалардың шығармашылығы мен талантын қолдауға бағытталған ауқымды шарада 2000-нан астам жас өнерпаз бас қосты. Фестивальдің басты мақсаты да сол еді. Artsport бағдарламасын кеңінен насихаттап, көпшілікке мән-мазмұнын кеңінен түсіндіру еді. Талантты балаларды қолдап, олардың бойындағы шығармашылық әлеуетін ашуға, өзіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.

– Artsport «Жарқын болашақ» – бұл жасампаздық пен шығармашылықтың қуатты энергиясы. Әр бала өз қабілетін танытып, сүйікті ісімен айналысуға берілген үлкен мүмкіндіктер алаңы десек, артық айтқанымыз емес. Әр баланың бойында туабітті қабілеті болады. Сол қабілетті аша білуіміз керек. Сол себепті осындай іс-шаралардың маңызы зор. Ал, осы фестивальді дәстүрге айналдырсақ, балаларға қолдау білдіретін үлкен кеңістікке айналатынымыз сөзсіз, – дейді фестиваль ұйымдастырушысы Ксения Иванова.

Фестиваль аясында өткен шаралар түрлі форматта өтті. Алдымен балалар көңілді флешмобқа қатысып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Одан кейін би де билеп, ән де шырқады. Көрермен назарына театрландырылған қойылым ұсынды. Сурет те салып, шешендік өнер сайысында бақ сынады.
Фестивальге Теміртау қалалық «Шолпы» хореографиялық ансамблі де қатысты. Ансамбль бишілері осы фестивальге арнайы бес түрлі қазақ биін алып келген көрінеді.

– Біз үнемі осындай фестивальдерге қалмай қатысып жүреміз. Әрі балалардың өздеріне де ұнайды. Шыны керек, осындай байқауларға қатысу арқылы баланың ой-өрісі кеңейе түседі. Әрі айналасымен қарым-қатынас орнатып, тіл табысады, – дейді ансамбльдің хореографы Данагүл Егізекова.

Artsport «Жарқын болашақ» фестивалі – балалар шығармашылығын қолдауға бағытталған мемлекет саясатының нақты жемісі. Бұл шара жас ұрпақтың талантын ұштап, өнерге деген ынтасын арттырып қана қоймайды. Әр баланың бойындағы жеке қабілетін танып, оны дамытуға үлес қосатын бірден-бір шара.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Back to top button