“Жапырағын жайған бәйтерек”
Жапырағын жайған бәйтерек,
Тереңге тартқан тамырын.
Сезбеппін әке ертерек,
Жаныңның ыстық жалынын…
Иә, сен салған осы бір ән, сенімен бірге жүрген сәттерді еске түсіреді. Содан бері 30 жыл өтіп кетіпті… Зымыраған уақыт, білінбей өте шыққан бейқам тірлік. Өзің салып кеткен сүрлеу жолмен жүріп келеміз. Сен жетпеген белеске, сен аспаған асуға ұрпағың жетсе екен деп келеміз. Аллаға мың мәрте шүкір! Бұғанасы қатпай, оң-солын танымай қалған балаларың ер жетіп, бір-бір шаңырақ болды. «Шырағың сөнбесін» деген қазақ, сен жаққан шырақты өшірмей, немерелерге жалғастырып келеміз. Бүгінде ұлың ұяға, қызың қияға қонды. Бір-бір үйдің тізгінін ұстап, бірі үйдің отағасы, бірі үйдің отанасы болып отыр. Сенің қайғың ата-анаңа ауыр тиді, іштей мүжілді, қамкөңіл тірлік кешті. Жылап тұрып күлді. Артындағы ұрпағына ғұмыр тіледі, маған сүйеу болды. Сабырынан қалған ұрпағы өз бауырларымен бірге өссе деді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген аталы сөздің мағынасы терең, айтары көп. Сенің көзіңді көрген, бірге жүрген, құлын-тайдай тебісіп өскен құрбы-құрдас, жора-жолдас, сыныптас, курстас, қызметтес, аға-іні, шәкірттерің, бәрі-бәрі біздің аралас-құралас, жақын-жуығымызға айналды. Қуаныш тойымыздың төрінде, аман-саулығымызды сұрасып, тілеулес көңілмен ашық-жарқын дидарласып, ниеттес болып жүрген ағайыннан кем емес. Осының бәрі-бәрі сені ұмытпаған, сені сыйлаған жақсылардың арқасы.
«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген халық емеспіз бе? Әкелерінің жақсылығы алдыларынан шығып келеді, қай жерге барса да, кімге жолықса да «Ой, сенің әкең керемет ақкөңіл еді, ашық еді, әнші, сері еді, отырған жердің сәні, әуелеткен әні, қисынды әзілі, үлкен-кішіге деген сыйластығы қандай!» деп айтудан жалықпайтын. Үнемі еске алып отыратын жора-жолдас, көз көрген таныстарының сөзіне мақтанып, марқайып келеді. «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген, осындай мейірім шапағатты естіген, ізгілік пен ықыласты көрген есті бала жанына шуақ, бойына қуат алары сөзсіз. Балаларың сен салған сол сүрлеу ізді жалғап, әкесін көріп бауырмалдық танытқан үлкендердің соңынан «ағалап» еріп келеді.
1991 жылдың 9 шілдесі шаңырақты шайқалтып, естіген елді есеңгіретіп кетті. Ми қайнатар шіліңгір шілденің ыстығы кешкі бесін кезіндегі алай-дүлей соққан дауылға ұласты… Бұл сол күнгі елдің есінде қалған, көз алдында болған табиғаттың тылсым сыры еді. Иә, дәл сол күн, дәл сол уақыт сенің өміріңді мәңгілікке тоқтатты. «Тағдырдың жазғанына шара жоқ, маңдайға жазғаны сол, туғанда пешенесіне сол жазылыпты, дәм-тұзы таусылған» деген ескіден келе жатқан тоқтам сөздермен жұбанып қала бердік. Шынында да солай шығар, кім білген…
2021 жылдың 9 шілдесі өмірден өткеніңе тура 30 жыл. Заман өзгерген, заң өзгерген, өзгермеген тек сені көрген туған-туысың, жора-жолдасың, жақын-жуығың. Өзің туып өскен қара шаңыраққа жиналып балаларың мен бауырларың, ағайын-туыс, құда-жекжат, аралас-құралас, жора-жолдас, көз көрген таныстың барлығына құран оқытып, дұға бағыштады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халық даналығына сүйеніп, еске алдық. Жатқан жерің жайлы болсын!
…Жапырағын жайған бәйтерек,
Тереңге тартқан тамырын, – деген өлең шумақтары сенің ұрпағыңа арналғандай. Бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтерекке айналып келеміз.
Тіл-көзден аман болғай!
Т.КАБИЕВА, журналист-ұстаз.