Жануарлар дүниесін қорғау – бізге міндет
Ақбөкен саны қазір көп деген дерек бар. Бұл орайда осы саладағы тер төккендердің ерен еңбегін атау ләзім. Бүгінде бұл бағытта орман шаруашылығы қызметкерлері жан-жануарларды қорғауда жыл он екі ай дамыл көрмейді. Осы және өзге де маңызды мәселелер туралы «ОХОТЗООПРОМ ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалы басшысының орынбасары Шындос Омаровпен сұхбаттасқан едік…

– Бүгінгі таңда киіктер саны едәуір артты, оған себеп қорықшылардың тынымсыз жұмыстары екені мәлім, атап айтсаңыз қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазіргі уақытта, Республика аумағында ақбөкендердің Бетпақдала, Үстірт және Оралпопулияциясы тарағаны өздеріңізге белгілі.Ағымдағы жылдың көктемгі санақ нәтижесіне сәйкес, ақбөкеннің Бетпақдала популияциясының жалпы саны – 1 150 000 басты құрайды. Бұл өткен жылғы есеппен салыстырғанда 54,3 %-ке өскен.Еліміздің аумағында ақбөкендер санының өсуіне себепкер болған, жануарлар дүниесін қорғау саласында аянбай еңбек етіп жатқан «Охотзоопром ӨБ» РМҚК ұжымы мен инспекторлық құрамының үлесі орасан зор. Ақбөкендерді қорғау жұмыстарын ұйымдастыру барысында, ҚР ЭжТРМ мен ҚР ІІМ және ҰҚК арасында бірлескен бұйрығын негізге алып Республика аумағында ағымдағы жылдың көктем және күзгі маусымдарда «Ақбөкен» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы бойынша облыстық аумақтық инспекция қызметкерлері мен құқық қорғау органдарымен бірге бірлескен іс-шара жұмыстарын ұйымдастырып, жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ, елді-мекендердегі жергілікті тұрғындарға табиғатты қорғау заңнамасы туралы үгіт – насихат жұмыстары жүргізіледі.
«Ақбөкен» табиғат қорғау акциясының мақсаты – ақбөкен популияциясын сақтау, көбейту және браконьерлікке қарсы күресті күшейту.
Біздегі инспекторлар арнайы құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда қызметтік қару, дене сауыты (бронежилет), қол кісен, дубинка, әкімшілік хаттама тлолтыруға арналған планшет (ЕРАП базасы), видео – жетонмен қамтамасыз етілген.
– Киіктердің көші-қон процесі қалай? Әлеуметтік желіге қарасақ ана бір теміржолдан немесе көлденең күре жолдан киіктер өте алмай жүр деген ақпарат көп. Осыны қалай түсіндіресіз?
– Ақбөкен жануарының Бетпақдала популияциясы көші – қон процесі өңірлер бойынша ауа – райы мен тіршілік ортасынабайланысты өзгеріп отырады. Қысқы маусымдарда ақбөкендер Қарағанды облысының территориясында Теңіздің маңы мен ішкі бұрымы, Нұра ауданының Жанбөбек, Сарыөзен, Соналы елдің – мекендерінің жақын далалық аумақтарында қыстап шығады. Алайда, ауа – райының өзгеріп күн суыған жағдайда ақбөкендердің көп бөлігі Қызылорда, Ақтөбе, Ұлытау облысының территориясына ауады. Яғни, ақбөкендердің миграция бағыты оңтүстік бағытқа қарай ауысады.
Өздеріңізге белгілі болғандай, ақбөкен жануары топтасып жүретіндіктен бір орында тұрмайды және көші-қон процесі кезінде мемлекеттік магистралды күре жолдар мен теміржолдардан қиынға соғады. Мұның алдын алу мақсатында, Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданында магистралды теміржолдардан киіктердің өтуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ, ҚР «Қазақстан теміржол» АҚ бірлестігімен арнайы келісімшарт жасасып, ақбөкендердің миграция бағытындағы магистралды жолдар жиегіндегі темір қоршаулар мен бағаналарды уақытша алу жұмыстары жасалады. осы процестер орындалу барысында, өңірлерде қызметтік іссапарда жүрген инспекторлық құрам ақбөкендерді қорғау мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып, жергілікті әкімшілік пен полиция қызметкерлерімен бірігіп қорғау жұмыстарын атқарады.
– Киікке аңшылық қылған броконьерлер жазасында өзгеріс бар ма? Егер ұсталып жатса қандай соммада өтемақы төлейді?
– 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 337, 339 баптарына ақбөкендерге заңсыз аңшылық жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы бірқатар өзгерістер енгізілді. Мысалы, ҚР ҚК 337 бабы бойынша заңсыз аң аулағаны үшін тағайындалатын ең ауыр жаза мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. ҚР ҚК 339-1 бабы бойынша тағайындалатын жаза: 3 жылдан 5 жылға дейін, 339-2 бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін, 339-3 бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Осы өзгертулерден кейін киік және басқа да жануарларға заңсыз аң аулау фактілері едәуір азаюда.
Егер броконьерлер ұсталып жатқан жағдайда, 1 бас аталық киік үшін – 500 АЕК, 1 бас аналық киік пен төлі үшін – 350 АЕК көлемінде өтемақы төлену міндеттеледі. Егер киік ерекше қорғалатын табиғи аумақ территориясында ауланған жағдайда өтемақы мөлшері 3 есеге көбейеді. (1 киіктің аталығы құны – 5 538 000 тг құрайды.)
Сұхбаттасқан Жан АМАНТАЙ.