Жанарды жаулаған жайдарман
Сейсенбі күні Қарағанды экономикалық университетінде облыс әкімінің кубогіне арналған республикалық «Жайдарман» сайысы өтті. Ойында Маңғыстау облысы, Астана қаласынан келген және қарағандылық командалар бақ сынады.
Жайдарманның Қарағандыдағы жанкүйерлерi мен жанашырлары шараның көңілді өтуіне мұрындық болды. «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ, Қарағанды филиалының басшысы Жомарт Әбіш тізгінді қолға алып, жарысты ұйымдасқан түрде өткізді. Ойынды әдеттегідей «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті – Есен Елеукен жүргізді.
Жалпы, биылғы әкім жүлдесіне арналған жайдарман сайыстарында қазақтың үш биі атындағы жүлделер сарапқа салынды. Бас жүлдеге лайық 350 000 теңгені – «Шет ауданының құрамасы» жеңіп алды. Қазыбек би атындағы арнайы жүлдені (150 000 теңге) Тұран университетінің «Тұран – Астана» командасы иеленді. Төле би атындағы жүлдеге (150 000) Қарағанды экономикалық университетінің құрамасы лайық деп танылды. Жаңаөзен жастар құрамасы Әйтеке би атындағы жүлдені (150 000) жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Тұран – Астана» командасының ойыншысы Жүсіпжан Жамаш – үздік ойыншы атанды. Жас жайдарманшы өзін сахнада шебер ұстауымен, әзілдерді көрерменге әсерлі жеткізуімен ерекшеленді.
Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда облысымызда «Жайдарман» өз көрермені мен қолдаушысын тапты. Жайдарманшылар жанкүйер жүрегінен орын алды.
Олай дейтініміз, жайдарман – сахна мәдениетiн жақсы меңгерген әрі шеберлiгi, ән мен би, сөйлеу мәнерi, ой ұшқырлығы дамыған өнерлі жастардың басын қосты. Мимика сияқты өнер атаулының түрлi жанрларын қамтитын әзіл-қалжыңдары шығармашыл жастардың шеберлiктерiнің жетiлгенін көрсетедi. Бұл жастардың дұрыс қоғамдық пiкiр қалыптастырып, өмірден лайықты орнын дұрыс таба бiлуге баулиды.
Қазіргі таңда әрбір қала мен ауданда «Қарағанды КВН» филиалының өкілдіктері жұмыс жасайды және жергілікті «Жайдарман» фестивальдері өтіп тұрады. Жайдарманда өз қолтаңбасы бар өнерлі жастардың қатары көбейіп келеді.
Аяулым СОВЕТ