Ресми

Жанам деген жүрекке от береміз

Облыс əкімдігінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен жастар ісі жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Күн тəртібінде мектеп оқушылары арасында кəсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру, мүгедектігі бар жастарды əлеуметке бейімдеу жəне құқығын қорғау туралы маңызды мəселелер талқыланып, 2023-2025 жылдарға арналған жастар саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік жоспардың Қарағанды облысында орындалу барысы айтылды.

«Жастар қолдауды қажет етеді»

Аймақ басшысы қазіргі уақытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Кеңес отырысында оқушы жастар үшін кəсіптік бағдар беру мəселесі қаралды.

– Жастар – қоғамның ең белсенді жəне қолдауды қажет ететін бөлігі. Қоғамдық кеңес мүшелерін жастар саясатындағы өзекті мəселелерді талқылауға шақырамын. Көтерген бастамалар жастардың түйткілді мəселелерін шешуге сеп болады деген сенімдемін. Бізде 7-10 сынып оқушыларына кəсіптік бағдар беру ісіне баса назар аударылып отыр. Əрбір он жыл сайын əлемде жаңа, тың мамандықтар пайда болады. 21 ғасырда жаңа мамандықтардың пайда болуы жаппай жұмыссыздыққа, орын тапшылығына, жаңа технологиялардың қарқынды дамуына жəне жаһандық компьютерлер қызметіне тікелей байланысты. Осы орайда, мектеп оқушыларына кəсіптік бағдар беру жұмысы өзекті мəселеге айналып отыр, – деді облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Кеңес отырысында кəсіптік бағдар беру жұмысы қалай жүзеге асырылып жатқанын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Əдекенова баяндады.

– Кəсіптік бағдар беру аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда: кабинеттер жұмысы, кəсіптік сынамалар өткізу, мамандық таңдау ға қажетті ұсыныстарды автоматтандыру, Mycollege.kz жобасын жүзеге асыру жəне т.б. Кəсіптік бағдар беру жұмысында мектеп пен колледждердің бірлескен қызметіне ерекше назар аударылады. Колледждер базасында жылына төрт рет жəне оқушыларға жұмысшы мамандықтар туралы түсінік қалыптастыру үшін кəсіптік сынамалар өткізіледі. Биылғы оқу жылында кəсіптік сынама 53 колледж базасында 72 мамандық бойынша өткізілді. Оған 8000 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты, – деді Бақтыгүл Науқанбайқызы.

Кəсіптік бағдар беру жұмысы бойынша «Мамандығым – болашағым», «Медицинаға қадам», «Педагогикалық сынып» жобалары қолға алынған. Облыстың 18 инновациялық мектебінде медициналық сынып ашылған. Ал, 20 мектепте «Педагогикалық сынып» жобасы жүзеге асырылуда.

Ермағанбет Бөлекпаев өңірде медицина саласындағы кадрлардың қажеттілігін атап өтіп, басқармаға жалпы білім беретін мектептердегі медициналық жəне педагогикалық сыныптарды ұлғайту бойынша бейінді колледждермен жəне жоғары оқу орындарымен жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Мүгедектігі бар 700 адам жұмыспен қамтылады

Өңірде мүгедектігі бар 55 мың адам өмір сүреді. Оның ішінде 16 жастан асқан еңбекке қабілетті адамдар саны – 31 031. Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдар қатыса алатын жұмысқа орналастыру жобаларының тізбесі кеңейтілуде. Биыл 700 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.

– Облыста мүгедектігі бар жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 37,1% құрайды. Кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл мүмкіндігі шектеулі 700 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Біз 427 адамды жұмысқа орналастырдық, оның 105-і жастар, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Əсем Жүніспекова.

Сонымен қоса, халықтың əлеуметтік осал топтары үшін биыл 191 грант беру жоспарланған. 1,62 млрд. теңге сомасында 2,5 пайызбен 324 адамды несиелендіру де биылғы жоспарда бар.

Жұмыспен қамтудың негізгі шараларының қатарында ведомство басшысы бос жұмыс орындарын, əлеуметтік жұмыс орындарына жолдама, қоғамдық жұмыстарға тарту, «Жастар тəжірибесі» жəне «Бірінші жұмыс орны» жобаларын таныстырды.

Облыста мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орындарын квоталау қолданылады. Биыл квотасы бар 49 кəсіпорын анықталды.

Ермағанбет Бөлекпаев облыстың қалалары мен аудандарында мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту үлесін арттыруды тапсырды. Нақты жоспарлар жасау қажеттігі жəне жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын бақылау қажет екендігі айтылды.

– Ерекше қажеттіліктері бар əрбір адам жұмысқа орналасуға құқылы. Біздің басты міндетіміз – оларға көмектесу. Еңбек ұжымында немесе желіде жұмыс істей отырып, адам қоғамда оның білімі мен дағдылары қажет екенін сезінеді. Ол маман ретінде сұранысқа ие. Бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін əлеуметтік бейімделудің өте маңызды бөлігі, – деді аймақ басшысы.

Жастар мəселелері жөніндегі кеңесте ерекше білім берудің қолжетімділігі де сөз болды. Ерекше білім беруді қажет ететін 14 870 бала бар. 10 арнайы мектеп-интернатта 1525 бала білім алуда. 32 мектепте еңбек шеберханалары ашылған. Соңғы 3 жылда ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қосымша біліммен қамту 77%-ға дейін көбейген.

 

Жұмыспен қамту – маңызды мəселе

Кеңес отырысында жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Рауан Таран 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі жоспардың орындалу барысы туралы баяндады.

– Бүгінгі күні мемлекет үшін өте маңызды мəселе – жастарды жұмыспен қамту, сапалы қолжетімді білім беру, сонымен қатар NEET жастардың үлесін азайту. Қазіргі уақытта NEET жастардың үлесі 8,6 пайызды құрайды. Республика бойынша біздің облыс антилидер болып отыр. Осы мəселе біздің ерекше бақылауымызда. Сондай-ақ, отбасылық цифрлық картаны жүзеге асырудамыз. Оған 18750 адам кіреді. NEET жастардың базасы қалыптастырылған. Бұл 19 мыңға жуық жастарды құрайды. Осы жастармен жұмыс жүргізудеміз. Күнделікті жұмыстар, сонымен қатар қосымша білім алу, оқу курстары ұсынылады. Жастардың жұмыссыздығы жалақының төмен болуына да байланысты. Саран қаласында шина жасау зауыты ашылғаны белгілі. Онда 700-ден астам бос орын болды. Ал, қазіргі уақытта 500-ден астам жас зауытқа жұмысқа орналасты. Əлі де 200-дей ваканция бар, – деді басқарма басшысы Рауан Азаматұлы.

Сонымен қоса, басқарма басшысы «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды жұмыспен қамту жөнінде айтып өтті.

«Биыл 2 375 адамды жұмыспен қамтуды жоспарладық, алайда 2 980 өтінім қабылданды. Жаңа маусымда қатысушылардың шамамен 40%-ы мемлекет тарапынан ерекше қолдауға мұқтаж жасөспірімдер. Олар: көпбалалы, толық емес жəне аз қамтылған отбасылардан шыққан жəне жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жəне қандастар. Қарағандыда алғаш рет 1000 адам қамтылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе көп», – Рауан Таран.

Ермағанбет Бөлекпаев бағдарлама өңір жастары үшін жақсы қолдау екенін атап өтті. Ол қалалар мен аудандардың əкімдеріне бағдарламаға қатысушылар санын 2024 жылы 5000-ға дейін ұлғайтуды тапсырды. 

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Жанкелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button