Жан жылуын сыйлаған
Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, қарт адамдарды қоғамға бейімдеу мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Бұл істе негізгі жүк әлеуметтік қызметкерлердің мойнында. Олар баламен де, жаспен де, кәрімен де тіл табысып, денсаулық жағдайына қарай түрлі көмек көрсетеді. Медициналық көмек, кейде психологиялық немесе педагогикалық, мәдени, құқықтық көмек, тіпті, қарттардың үйін жинастырып, сүт-нанын, дәрісін әкеліп береді. Қыс демей, жаз демей, өз жауапкершілігіндегі жандарға асығады. Олар да әбден үйренген, күтеді.
Баланың бәрі бірдей
Нарғыз Ерзада – 16 жаста. Сал ауруына шалдыққан ол үйден білім алады. Әлеуметтік қызметкер Назигүл Сүлеймен оған аптасына екі күн барады.
– Мен Нарғызды 7 жасынан бері білемін, – дейді Назигүл Мұратқызы. – 1 сыныпқа барғаннан бері келіп жүрмін. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу бөлек. Баланың денсаулығына, қажеттілігіне, көңіл-күйіне қараймын. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектептен келген педагогтің тапсырмасын орындаймыз. Нарғыз айтқанды тез қағып алады, тек, жазудан қиналамыз.
Сабақ орындалғаннан кейін қалған уақытты Нарғыздың қалауынша өткізеді. Кейде сурет салады, ертегі оқиды, бояйды. Жапырақтардан жасалған апликациясын көрсетті.
– Бір балаға 2 сағат бөлінеді. Оны өзіміз жоспарлаймыз. Бұл ретте баланың көңіл-күйіне баса назар аударамын. Бастысы, балаға жайлы болуы тиіс. Күнделікті үш балаға барып шығамын. Бүгін мысалы, Айым және Тұрар деген балаларға бардым. Әрқайсының белгіленген уақыты бар, балалар да сол кезге үйренген. Ата-аналары барлық жағдайды жасауға тырысады, – дейді әлеуметтік қызметкер.
Нарғыздың Назигүл Мұратқызына бауыр басқаны айқын көрінеді. Әжесі Рымбике Жакупова оның өз ісіне берілген, білікті маман екенін айтып отыр.
Нарғыз енді екі жылдан кейін 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандардың санатына ауысады. Бұл санатпен үйде әлеуметтік көмек көрсетудің басқа бөлімшесі айналысады.
«Мәңгі» балалар
Карбышев көшесі бойында психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге арналған бөлімше жұмыс істейді. Мұнда 80 адам тіркелген.
– Жүріп-тұра алатындары ғана бөлімшеге келіп, әлеуметтік қызметкерлердің бақылауымен ойын ойнайды, 15-45 минуттай сабақ өтеді. Олардың өзін әлеуметтік қызметкерлер алып келіп, жеткізіп тастайды. Жүре алмайтындарының үйлеріне барып, көмек көрсетеді, – дейді бөлімше меңгерушісі Гүлжан Шымболова.
Гүлжан Қабылқызының айтуынша, сабақтар арнайы жеңілдетілген бағдарламамен оқытылады. Олардың қабылдауы баланыкіндей. Бөлімшеде бір жақсысы ойнауға, сенсорлық дамытуға, спорттық тренажерларда жаттығып, арнайы креслода массаж алуға болады.
– Кинотеатр, театрға жиі барамыз. Абай, М.Әуезов атындағы кітапханалармен тығыз байланыстамыз. Бұл – мәдени қызмет. Барлық мерекелерді атап өтеміз, – дейді бөлімше меңгерушісі.
Виктор Цхай мұндағы мамандардың мақтанышы десе болатындай. Ол жеңіл атлетика мен волейболдан көптеген медаль жеңіп алыпты.
– Алтын, күміс, қоланы жеке-жеке алсақ, әрқайсынан 60-тан астам медалім бар. Спортпен шұғылданғаныма 15 жыл болды. Жаттығуға күн сайын барамын, қалдырмаймын, – дейді ол.
Мұнда келетіндердің ең үлкені – 61 жаста. Виктор сияқты бірен-сараны болмаса, көпшілігі «мәңгі» бала. Жас балаға қандай күтім керек болса, бұлар да соған мұқтаж.
Қарттар жалғызсырамайды
Қарттар үшін тамағы мен дәрі-дәрмегін жеткізіп, үй шаруасына қолғабыс етсе, сол – қызмет. Қарттарға әсіресе, жалғызілікті кісілерге тұрмыстық көмек, медициналық, психологиялық, сенімхатпен зейнетақысын әкеліп беру арқылы құқықтық көмек жиі көрсетіледі.
Мұнда бастысы – көңіл бөлу екенін айтады бөлімше меңгерушісі Аманкүл Алинова.
– Жалғызбасты адамдар үшін негізгісі – тұрмыстық көмек. Сыртқа шығып келе алмайтындар үшін азық-түлігін, дәрі-дәрмегін әкелу, дәрігерге, мерекелерде ұйымдастырылған шараларға апару тағы басқа міндеттер әлеуметтік қызметкердің мойнында, – дейді Аманкүл Оралханқызы.
Аманкүл Оралханқызы бүгінгі баратын үшінші адамы – Евгения Карстен жайлы аз-кем айтты.
84 жастағы Евгения Ивановна Ресейде туып-өскен. Екінші дүниежүзілік соғыз кезінде келіпті. Алғашқыда елдің оңтүстік өңірінде, бертінде Қарағандыға көшіп келген. Бірінші болып жолдасы, сосын екі баласы дүниеден озады. Немере, шөберелері бар, бірақ, олар басқа қалада.
Әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаж әр қарттың ғұмырбаянында бір ұқсастық болса, ол – осы сәттегі жалғыздығы. Әлеуметтік қызметкерлер соны сезіндірмеуге тырысады.
Қазыбек би ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі басшысы Жұпар Смаилованың айтуынша, аудан бойынша 132 әлеуметтік қызметкер бар.
– 9 бөлімше қарттар мен жалғызбасты жандарға көмек көрсетуге арналған. Онда 720 адам бар. 2 бөлімше мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсетеді. Бөлімше мамандары 136 баланың үйіне барады. Сосын 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бір бөлімше жұмыс істейді. Әр маман бір адамға аптасына 2 рет барып, 2 сағат көмек көрсетеді, – дейді Жұпар Қонысқызы.
Әлеуметтік қызметкерлер аптаның төрт күнінде белгіленген мекенжайларға барып, көмек көрсетеді. Ал, сәрсенбіде кеңседе жиналып, құжаттама жұмыстарымен айналысады.
Жұпар Қонысқызы маман тапшылығы жоқ екенін де атап өтті. Еңбекақы да 2020 жылдан бастап өскен. Мәселен, сол жылы 50%, кейінгі екі жылда 25%-ға артқан. Дегенмен де, қиын жұмыс екені анық. Бұл адамдардың жан жылуы болмаса, мұндай ауыр, эмоционалды қиын әрі еңбекақысы да аз жұмысқа келмес еді. Жан дүниесінде мейірім, жүрегінде аяушылық ұялағаннан болар.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz