Жаңалықтар

Жан жылуы бар адам

    Шала туған балалар – медицинадағы үлкен проблема. Жыл өткен сайын олардың саны да азаймай тұр. Десек те, дүниеге келген сол сәбилердің тағдыры алдымен дәрігердің қолында. Перзентханаға келген әрбір анаға үміт сыйлап, шала туған сәбидің денсаулығына жауапты болып жүрген Жезқазған қаласы Перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Гүлнәр Блялова – «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икеIMG-20170613-WA0007мді, анадай мейірімді болуы тиіс», – дейді.

Неге балалар шала туылады? Мерзімінен бұрын босануға түрткі – болашақ ананың дұрыс күтінбеуі әрі шектен тыс үрейленіп, толқуынан. Сол сияқты, жүктілік кезінде темекі шегіп, алкоголь қолданатын аналар болады. Кейбір отбасылар асыраушысы болмағандықтан, баланың өмірге келгенін қаламайды. Мұның бәрі құрсақтағы балаға әсер етеді, – дейді акушер-гинеколог.

Жезқазғандағы Перинаталдық орталықтың қызметкері бүгінгі таңда – шала туған баланың өміріне жауапты адам. Қауіп-қатері жоғары әйелдерді қабылдайды және жүкті әйелдерге І, ІІ, ІІІ триместрде УДЗ скрининг жасайды.

Жалпы, ғылым жүктіліктің 22-37 аптасында туылған нәрестелерді шала туылған санайды. Орташа есептегенде, дене салмағы – 2500 граммнан аз, бойы – 45см ден төмен нәрестелерді шала туылғандар қатарына жатқызады. Перинаталдық орталық болса жоғары қауіп-қатермен жүкті, босанған, босанатын әйелдерге және нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек ұсынады. Мысалы, 22-33 апталық+6 күн жүктілік мерзімінен ерте босануға, салмағы 1500,0 грамм не төмен шала туған нәрестелерге, деңгейі төмен мекемелерден ауыстырылған және гинекологиялық науқастарға көмек көрсетеді. Сөйтіп, «жүктіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасын тиімді жүргізіп, біліктілігі жоғары медициналық көмек көрсету арқылы жас нəресте мен əйелдердің өмір сүруіне кепілдік береді.

2012 жылдан бастап перзентханада Жезқазған аймағына кеңестік-көліктік қызмет (ККҚ-КТС) көрсету ұйымдастырылған. Бұл қызмет жоғарғы қауіп-қатерлі жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жас босанған әйелдерге кеңес беру және көлікпен жеткізу мақсатын көздейді.

Бүгінгі таңда перзентханада 28 дәрігер және 82 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Орталықта Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының жаңа технологиялары бар. Қауіпсіз жүктілікті және босануды қамтамасыз ету үшін ана мен баланың бірге болуы ұрыққа КТ бақылауын жасау арқылы жатыр тыртығы бар әйелдерді өз еркімен босандыру, ұрықтың құрсақ ішінде даму тежелуі кезінде және ауыр преэклампсия кезінде эпидуралды жансыздандыру, кесір тілігін жасағанда регионарды жансыздандыру кеңінен қолдану, салмағы аз нәрестелерге туа салысымен профилактикалық негізде куросурф жасау, сондай-ақ, «Insurae» тәсілімен назотрахеалды интубация арқылы СРАР-қа ауысу, нәрестелерге аудиологиялық скрининг жасау секілді салаларды қамтиды.

Перзентханада жабдықталған кабинет акушер-гинекологтардың жұмысын жақсарта түсуге жол ашып отыр. Соңғы үлгідегі заманауи құрылғы саналатын «4 d УЗИ» әйелдердің жүктілігі кезінде ультра дыбыстық зерттеудің барлық түрін жасауға және сол арқылы жылдам әрі дәл диагноз қоюға мүмкіндік беруде. Жүкті әйелдер құрылғының көмегімен сәбиін сау күйінде дүниеге әкелуде, – дейді акушер-гинеколог. Гүлнәр Кәрімқызының қарауына сәбиін сеніп тапсырған Қарсақпай кентінің тұрғыны «Өткен жылы екінші баламды босануға келдім. Салмағы үлкен болғандықтан, кесір тілігін жасауды өтіндім. Сабырлық сақтап, жұмыста жауапкершілікпен атқарды. Өмір мен өлім арпалысқан қызметті атқарып жүрген дәрігер жүрегінің түгі бар», – дейді.

Көбіне І – ІІ дәрежедегі шала туған балалар бір жасқа жеткенде даму бойынша дәрігерлердің көмегімен өз құрдастарын қуып жетеді, ал ІІІ – І V дәрежедегілер – 2 жасында. Әйел жүкті болғаннан бастап есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Ана мен бала денсаулығын нығайтуда бар жағдай жасалса да, науқастардың көбі медициналық көмекті міндетті қызмет түрі көріп, дәрігерге дөрекілік танытады. Жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауын мүлтіксіз орындап, кеңесін уақытында пайдаланса сәбиін аман-есен, оңай босанар ма еді?!

«Аяғы ауыр әйелді аман-есен босандыру Алланың қалауымен болатын іс. Әртүрлі жағдай болады. Өмір мен өлім арпалысқанда тәуекелге баратын кездер көп» дейтін Гүлнәр Кәрімқызы – бүгінде мейірімді әже. Балаларының бақытын бәрінен жоғары қоятын ана, қызметін мүлтіксіз атқаратын дәрігер. Әлбетте, адамның өміріне араша бол деп ешкімді қысастықпен дәрігер жасай алмайсың. Мамандыққа адалдық өз алдына, жүрек қалауы керек-ақ. Бұл – біз әңгімелескен Перинаталдық орталықтың бір маманы ғана. Бақыт ұясы саналатын бұл жерде сәби саулығына жауапты ақ халаттылар көп. Орталық мамандарының айтуынша, шала туған балаға көрсетілетін алғашқы жәрдем – ана денесінің жылуы. Сондықтан, жүкті әйелге алдымен керегі – жүректегі мейірім.

Ал, кезіндегі қазақтың мейірімді аналары бесікке салуға әрі бөлеуге келмейтін шала туған балаға «тымаққа салу» дәстүрін жасаған. Сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына іліп қояды екен. Нәресте жұмсақ тымақта өзін ана құрсағында жатқандай сезінеді.

Қазір ел нәрестені тымаққа салмайды. Бала «қыңқ» етсе, дәрігердің кезегінде. Содан болар, дәрігер – Құдайдан кейінгі екінші адам.

Аяулым Совет.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button