Руханият

Жан мен тән

Ұлы Абай эстафетасын «Самородный сары алтындай» (Абай) ақынымыз, өлеңдерін тамсана оқитын, публицистикасы талайы тасып тұрған талай журналисті шаң қаптыратын Абзал Бөкен маған жолдапты. Жалғыз маған емес. Ақындығы да, адамгершілігі де ақбас Алатаудай Несіпбек Айтовқа және Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбековке ұсыныпты. Абзал – «Ақтоғай вальсінің» авторы болып-ақ тарихта қалған ақын. Мұнан әрі ежіктеп жазу – қағаз бен қаламға салмақ, әрине. Мен Абайдың жетінші қара сөзіне тоқтадым. Бұрынырақ «Ой-тамызықта» келтелеу жазғанмын. Біреу оқыды, біреу оқымады. Қайыра оралып, енді өзім ұққан, түсінген пайымымды ортаға салайын. Жәнібек Әлиман бауырымдай.

Жетінші қара сөзі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады, біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды».

 Абай енді жанды былай бейнелейді:

 «…Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».

Тағы Абайдан цитат:

 «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан».

Абай адам жаратылысын жаңқадай шағады. Жіліктеп, жілік майына шейін ішкізеді хат танитын бүкіл адамзат пендесіне. Мұны ұқпағандарды сүмірейтіп, хайуанға апарып бір-ақ теңейді. Абай құлдилатып әкеліп, даналық ойын екі-үш сөйлеммен түйіндейді: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік».

Батыс философтары бас қатырып айтысып, әлі күнге дейін бір мәмілеге келе алмай жүрген түйінді Абай атамыз осы қара сөзінде соқырға таяқ ұстатқандай шешіп берген. Ежелгі Греция, бертіндегі неміс, француз, итальян философтары «Сананы тұрмыс билей ме, тұрмысты сана билей ме» («Бытье определяет сознание или сознание определяет бытье») деген адамзат алдында тұрған кермені әлі талқылап келеді. Соның ішінде неміс философы И.Кант қана «Сознание определяет бытье» деп табандап тұрып, әйгілі Фейербах, совет заманында шығармаларын Құрандай жаттаған Карл Маркспен айтысқан. Маркс сәл жалтарып, «Бытье определяет общественное сознание» деген екен. Қоғамы – біз. Адамдар. Абай атамыз Кант та, Маркс та емес, «Тән жанға құлдық ұру керек» деп, бір қазақтың емес мұқым адамзаттың қалай өмір сүру тәртібін де, тәлімін де даналықпен жазып отыр.

Абайдың қара сөздерін жүз рет оқыдым десем, өтірік болады. Қайталап көп оқыдым. Жас күнімде де, бертінде де. Жүгіртіп өте шығады екенбіз.

* * *

Абай эстафетасын қандыкөйлек інім, досым, әріптесім Базарбай Әлеуханұлына жолдадым. Себеп пен салдар болады. Айтайын.

Ұлы Абай жайлаған Бақанас бойын бірге көрдік. «Көкорай шалғын, бәйшешекті», «Күркіреген өзенді», «Шалғыннан жоны қылтылдап, шұрқырап жатқан жылқыны», «Желсіз түнде дірілдеген сәулені», «Сыбырласқан ағашты» бірге қиялмен елестетіп, көзбен көргендей болдық. Ең кереметі – Ұлы Абайдың соңғы демі үзіліп, рухы Аллаға ұшып кеткен Қырықошақты, Абай су ішкен бұлақты қатар жүріп аралаған едік. Аралатқан – бүгінгі классик жазушымыз Мұхтар Мағауин.

Ал, ендігі эстафетаны Абай атасының табанының ізі қалған жерді басқан Базарбай бауырыма жолдадым.

Мағауия СЕМБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Президент сыйлығының иегері

Басқа материалдар

Back to top button