Жанға жақын латын
Облыс орталығында орналасқан №101 мектеп-лицейі қашанда жақсылықтың жаршысы болып келеді. Ел көлеміндегі бастамаларды да бір ауыздан қолдайтын – осы білім ошағы. Рахат ҚАЗТАЕВ басқаратын қара шаңырақ латын әліпбиіне көшу мәселесіне де жуырда үн қосты. Мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымы, жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өткен кездесу өзекті мәселенің басын шалды. Іс-шараға «Болашақ» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Құрманғазы СЕМБИЕВ және Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ оқытушысы, ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ қатысты.
Ғалымдар мәлім еткендей, осынау мектеп-лицейдегі кездесу өте кең ауқымда өрбіді. Мазмұны терең, айтары мол болды басқосудың.
Әрине, көптің көкейіндегі мәселенің маңыздысы осы болар. Латын әліпбиіне көшсек, біз не ұтамыз?
Сан саққа жүгірген ойдың түйінін осы жиыннан іздедік. Біз де, мектеп мұғалімдері мен оқушылары да. Мектеп басшысы Рахат Қазтаев жүргізген кездесуде алғашқы болып Құрманғазы Сембиев сөз алды. Ғалым тарихқа үңілді. В.Радловтың зерттеулеріне зер салды. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» (орыс зерттеушісі Г.Потанин) деген сөздің тереңіне бойлады. Бұл сөздің астарында қазақтың сөздері әуенді-сазды айтылады, «жүрекке жылы тиеді» (Абай) деген мән жатса керек!
Ғалымның айтуынша, әлемдегі 1 миллион 150 мың қазақ латын әліпбиін меңгерген көрінеді. Яғни, бұл қатарда шет елдерде тұратын қандастарымыздың үлесі басым. Негізі, латын әліпбиін қолданатын халықтардың көшін түріктер бастап тұр. 67,3 миллион түрік латын әліпбиін жазу-сызуына пайдаланады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, латын әліпбиінің жаңа нұсқасын зерделейтін жұмыс тобы құрылғаны баршаға мәлім. Құрманғазы Сембиев осы жұмыс тобының негізгі мақсатына да тоқталды.
Ал, Айтбай Жұмағұлов «Латын әліпбиіне көшу – бір-бірімізге деген бауырмалдығымызды арттырудың кепілі», – деді. Айтбай Ботпайұлы латын әліпбиіне көшудің тиімділігін қазіргі қоғаммен байланыстыру арқылы алға тартты. Мәселен, ұялы телефонды балабақшадағы баладан зейнеткерлерге дейін күніге пайдаланады, латын әліпбиінен айналып өтпейді. Ғаламтор парақшаларымен жұмыс барысында да ағылшын тіліне және латын әліпбиіне жиі жүгінеді. Тоқетерін айтсақ, латын әліпбиі – ғылымның тілі, қоғамды бір арнаға тоғыстыратын күшке ие. Жаһандану жолындағы еліміздің де латын әліпбиін қолданысқа енгізу арқылы ұтары көп.
Жиын барысында мектеп мұғалімдері де латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстарын жіпке тізді. «Жаңғыру жазудан басталады» дегенді айтты. Жоғары сынып оқушылары ағылшын тілін жетік меңгергендерін көрсетіп, латын әліпбиін қолдануға да әбден әзір екендерін жеткізді.
Басқосуға қатысушылар латын әліпбиін қолданысқа енгізу мәселесін қолдайтындарын айтып тарқасты.
№101 мектеп-лицей директоры Рахат Қазтаев жиынға қатысқан ғалымдарды білім ошағының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мектептің техникалық базасы күн санап нығая түскен. Педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру жүйелі жолға қойылған. Нәтижесінде, оқушылардың білім, ғылым, өнер, спорт саласындағы жетістіктері де ұшан-теңіз.
Негізі, мектеп-лицей ұл-қыздарды техникалық салаға баулуға терең мән береді. Робототехника кабинетіндегі шығармашылық жұмыстарға, автокөлік жүргізуге оқытатын арнайы пәнге де оқушылардың қызығушылығы басым. Білім ошағының жетістіктері мұнымен шектелмейді. «Ұлы Қазақстанның ұлағатты ұл-қыздарын тәрбиелеу жолында тынбай еңбек ете береміз», – деді Рахат Қайратұлы.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ