Жайлы орта – жанға сая
№15 емхананың ішіне кірген жан бұрын дәл осы жерде сауда үйі болды дегенге сенбес. Кең, жарық холл, толықтай жөнделіп, жабдықталған кабинеттер емделушілерге арналған. Оңтүстік-Шығыстың 15 мыңнан астам тұрғыны өзге емханадан автоматты түрде осында ауысты. Одан бөлек, өз еркімен жазылып жатқандар қаншама?! Заманауи техника мен жайлы атмосфераны көзбен көргеннен кейін шынымен де осында ауысқың келеді екен.
Емхананың жобасы біз көріп жүрген емдеу мекемелерінен бөлек. Сұрасақ, түріктердің жобасымен жасалыпты. Әр бағыттың өз блогы бар. Онда тіркеу бөлімі мен әкімшісі де бөлек. Емхана директоры Роза Разиева бәрін аралатып, таныстырып шықты.
– Бұл емделушілер үшін ыңғайлы, – дейді ол. – Әркім өзіне қажетті блокқа барады, кезек электронды, сол жерден қажетті көмегін алып шығады. Бұл келушілердің ағынын реттеуге қолайлы әдіс екен.
Мәселен, терапевтер бөлек отырады. Оcында тіркелген кез келген адам невропатолог, эндокринолог, онколог, профпатолог, кардиологтың қабылдауында бола алады. Дәл сол сияқты балаларға арналған бөлім бар.
– Әдетте ата-аналар «балаларымыз үлкендермен қатар отырады» деп шағымданады емес пе? Сол үшін педиатрия бөлек орналасқан, – дейді Роза Сабитуллақызы.
Бірінші қабатта амбулаториялық бөлім бар. Онда сараптамалар жасалады, емханаға келгендегі алғашқы тексеруден өтеді. Бір айта кетерлігі, емхана анализдерді өздері жасауға көшкен. Әзірге барлық түрі болмаса да, шілдеге қарай толық өздерінде жасамақшы. – Зертханалық жұмысты наурызда қолға алдық. Шілдеде бірыңғай өзімізде жасауға көшеміз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге биохимиялық, иммуноферментті, жалпы гематологиялық анализдер жасаймыз. «Олимпқа» ай сайын көп ақша кетеді. Өзіңде болмағаннан кейін солай. Өзіңде болған әлдеқайда үнемді әрі сенімді. Сондықтан, өзіміз жабдықтап жатырмыз, команданы да жасақтадық. Мұнда ең заманауи жабдықтар бар екенін айтып өту керек, – дейді директор.
Екінші қабатта әйел денсаулығы, хирургиялық, күндізгі стационар мен реабилитациялық бөлімдер бар екен.
Амбулаториялық хирургия бөлімінде хирург, уролог, маммолог сынды мамандар отырады. Хирургиялық көмек көрсету үшін манипуляциялық кабинеттер мен жабдықтар бар. Роза Сабитуллақызының сөзіне сенсек, емханада науқастарға шағын операция жасау мүмкіндігі бар екен.
– Тәулік бойы қадағалауды қажет етпейтін науқастарға жасалады. Пластикалық хирургтар да өз жұмысына жайлап кірісіп жатыр, – деді ол.
Ай сайын 350-360 адам күндізгі стационарда жатып, қажетті ем-домын ала алады. Ол жерде де өзінің әкімшісі мен тіркеушісі, медбикелері бар. Біз барғанда ауа баптағыш орнатып жатты. Ол да келушілердің жайын ойлағаннан.
Cпортзалға ұқсайтын үлкен зал – реабилитациялық бөлім. Мұнда үшінші деңгейдегі реабилитация жасалады. Яғни, инсульт, инфаркт алғандар, жарақаттан кейінгі оңалту шаралары жүргізіледі. Залда бір адам жүр. Нұсқаушы жанынан бір елі алыстамайды. Науқастардың белгіленген көмекті нәтижелі болатындай тиісті деңгейде алуы да маңызды. Мұнда неврологиялық ақауы бар балалар келе алады. Балалардың жүруіне арналған құрылғыны орнатып жатты. Жақында сумен емдеу шаралары да пайда болатынын айтып қалды директор.
Сәулелік диагностика бөлімінде рентген, маммограф, екі флюорограф, төрт УДЗ аппараты істеп жатыр. КТ мен МРТ аппараттары дайын тұр, бірақ, қосылмаған.
– Лицензия күтіп отырмыз. Ол да жақын уақытта болып қалуы керек, – деді директор.
Орайлы сәтінде көпшілік айтатындай, КТ, МРТ аппараттарына кезектің көптігі жайлы сұрадық.
– 1 ай күтетін кезек қазір жоқ. Бұрын КТ, МРТ-ға басқа жерге жолдама берген кезде, расымен күтетін. Қазір қалада оларды жасайтын орындар көп. Әрі кетсе, бір апта, он күн күтер. Бұл мәселе емес. Ал, тәуліктік мониторингтеу, электроэнцефалографияға кезек болуы мүмкін. Осы міне, проблема. Сондықтан, ондай аппараттарды алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, жоспарлы қабылдауды күту – қалыпты тәжірибе. Шетелде жарты жылға дейін күтеді. Бізде шыдамайды, – деп бөлісті Роза Разиева.
Емханада бүгінгі таңда 270 адам еңбек етуде. 90 дәрігер болса, орта персонал 150-дің шамасында. Жыл басында ғана ашылса да, аз уақыт ішінде заманауи медициналық құрылғылармен де, олардың тілін білетін мамандармен де қамтамасыз ету оңай шаруа емес.
– Осы жер медициналық мекеме болу үшін өте күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Аппараттар әкелінді, мамандар жасақталды. Қазір жұмыс жүйеленді. Әрине, әлі де жасау керек жоспарлар баршылық. Біздің емхана «Viamedis» консорциумының құрамына кіреді. Ел көлемінде ондай тағы үш емхана Көкшетау, Степногорск, Павлодар қалаларында орналасқан. Біздің құрылтайшылар Денис Подгайнов, Ольга Подгайнова және Ербол Нұрғожин осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Степной 4 ықшам ауданындағы №15 емхананы ашқан болатын. Қазір ол жер де істеп тұр. Онда жалпы тәжірибе дәрігерінің 12 учаскесі, 4 педиатрия бөлімі, күндізгі стационар, зертхана бар. 27 мыңға жуық халық тіркелген, – дейді Р.Разиева.
Басшының айтуынша, мамандарға тапшылық жоқ.
– Емхана жұмысы мен оның әр қызметкерінің нәтижелі жұмысы КРІ әдісімен сараланады, – дейді Роза Разиева. – Қаладағы басқа емханалармен салыстырғанда мұндағы еңбекақы жоғары. Мәселен, дәрігерлер 50-60 мың теңгеге, медбикелер 20-30 мыңға артық алады. Содан кейін мамандар өздері келіп жатыр. Мамандармен қамту қиын болған жоқ.
Жансая ОМАРБЕК,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz