Бас тақырып

«Жайлы мектептің» жайы қалай?

«Жайлы мектептер» қалай салынып жатыр? Пайдалануға қашан беріледі? Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президентке берген есебінде биыл өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 7100 орындық 10 мектеп пайдалануға берілетінін айтты. Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқан өңірдегі бірнеше білім ошағының құрылысымен танысты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жалпы, жайлы мектептердің жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талаптарға сәйкес таңдалып алынған. Президенттің мега жобасын сапалы іске асыруда спортзалдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті, бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр.

– Облыста 18 жайлы мектеп салынады. Әкімдіктің айтуынша, инженерлік инфрақұрылымның барлық мәселелері шешілген. 10 мектепті жылдың соңында пайдалануға береміз деген жоспар бар. Біз аралаған нысандар арасында Шет, Бұқар жырау аудандары бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан бұл жоба үш ауысымдық және апаттық мектептерді жоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалалық №101 мектеп-лицейінің үш ауысымда жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Үш ауысымды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Гүлдер» шағын ауданында 300 оқушыға арналған мектеп те пайдалануға беріледі. Мектептегі спорт ғимаратын заманауи талаптарға сай жасалуда. Жоғары атап өткендей, дене шынықтыру сабағын бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізбес үшін жобалық қуатына қарай спорт залдары ашылады. Оқушыларды мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы да қатаң бақылауда болмақ. Автобустар тоқтайтын аялдамаларды дайындап, мектепке апаратын жолдарға жарық беріледі.

«Гүлдер» шағын ауданындағы мектеппен қатар өңірде қазіргі таңда апатты жағдайда үш мектеп жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Олардың орнына Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық және Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүруде.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, жыл сайын аталған мектептерді қоса алғанда педагогке қажеттілік шамамен 500-600 бірлікті құрайды. Мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 80-85 пайыз болғандықтан, қалған сағаттар педагогтерге және зейнет­керлерге таратылады. Өңірдегі оқушыға білім беретін маманға тапшылық мәселесі «Жайлы мектептердің» пайдалануға берілуімен шешілмек.

– Қазіргі таңда білім ошақтарының құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде. Мерзімі мен сапасы ерекше бақылауда. Жаңа мектептер жеті түрлі талапқа сай 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық болып, ауылда, қалада да жаңа бірыңғай стандарт негізінде. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары бар. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Заман талабына сай толықтай жабдықталады, – дейді облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.

Өңірде мектептер құрылысының ауқымды жүріп жатқаны қала тұрғындарының да бақылауында. Білім ошақтарының басым бөлігі облыс орталығында орналасқандықтан, шағын аудандарға да жіті көңіл бөлінген. Мәселен, Балқаш қаласында бой көтеретін мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда білім ошағының құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған.

– Мектеп үш қабаттан тұрады. 900 орындық білім ошағының жиын залы және 2 дене шынықтыру залы, асханасы, кітапханасы бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке бөлімдер салынған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары, сантехникалық жұмыстар, электр тоғын тарту қолға алынған. Шатыр жұмыстары жүріп жатыр. А1, А2 блогындағы шатыр жұмыстары аяқталып қалды. 80 пайызға жуық жұмыстар орындалды, – деді құрылыс учаскесінің басшысы Қаныш Қалауов.

Балқаш қаласында мектеп тапшылығы бар. Тіптен, кейбір мың оқушыға шақталған білім мекемелері бүгінде 1 350 балаға дейін оқытуға мәжбүр. Мектеп пайдалануға берілген соң мәселе түбегейлі шешілмек.
2025 жылдың соңына дейін Қарағанды облысында 18 жайлы мектеп салынып бітуі тиіс. Оларда 12 500 оқушы білім алады. Бастысы – облыстағы апаттық жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесі толық шешіледі.

– Қарағанды облысында 2025 жылға дейін барлығы 21 мектеп, оның ішінде 18-і – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынуы тиіс. «Жайлы мектептер» жайлылықтың жоғарылауымен ерекшеленеді, – дейді облыстың білім басқармасының баспасөз қызметі.

Десек те, депутат Асхат Аймағамбетов келесі жылға алаңдау бар екенін айтады.

– Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, келесі жылдың құрылысы бойынша тендер әлі өткізілмеген екен, яғни, құрылыс әзірше басталмайды. Сәйкесінше, жазғы уақытты, құрылыс маусымын пайдаланып алмау, келесі жылдың құрылысын уақытылы аяқтамау қаупі бар. Бұдан бөлек, осы мектептерде жұмыс істейтін басшылар мен ұстаздар қазірдің өзінде дайын болуы керек. Осы мәселелерге уәкілетті органдар назар аударып, мәселені шешуді тездетеді деген ойдамын, – деп атап өтті депутат өңірге сапары барысында.

«Жайлы мектептердің» жобасы мен жабдықталуын жақсартуда мұғалімдердің ескертулері мен ұсыныстары та ескерілген. Мәселен, оқушыларға ыңғайлы болуы үшін сыртқы киім ілетін орынды (гардеробты) астыңғы қосымша қабатқа көшіріп, барынша кең етіп жасау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жылдамдығы кемі 100 Мбит/сек болатын интернетпен қамтамасыз ету де күн тәртібіне қойылды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button