Жадымда жүрген жайсаңдар
Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы – талай жас журналистерді қияға қанат қақтырған ұлағат ұжымы, еңбек ұстаханасы. Мұнда Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты қазақтың қабырғалы қаламгерлері еңбек еткен.
Өзімнің еңбек жолымды бастаған осы қара шаңырағымда бірге қызмет атқарған абзал ағаларымнан өшпес өмірлік өнеге алдым. Газеттің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында сол бір жадымда жүрген жайсаңдар жайлы қалам тартуды жөн санадым.
1. Тілекеңнің тәрбиесі
Әлі есімде, 1985 жылғы желтоқсан айының бел ортасы еді. М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, одан соң Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметімді атқарып, белін салтанатты әскери шерулерде ғана тағатын былғары ақ белбеумен шарт буынған сыптығырдай сержант формасымен туған ауылым Жаңаарқа ауданының Атасу теміржол станциясына қайтып оралғанмын.
Бірнеше жыл бойы туған ауылымнан жырақ кетіп, Атасуымды қатты сағынып қалыппын. Маған салса, ауылымнан ешқайда кеткім-ақ келмейді. Әттең, аядай ауыл Атасуымда газет редакциясы жоқ. «Атасу айнасы» деген газет ашуға әбден-ақ болар еді. Бірақ, оған қаржы бөлетін құрылтайшы мен газет басатын баспахана қайда?
Енді қайтпек керек? Аудан орталығына барып, «Жаңа арқа» газетіне жұмысқа тұрайын ба? Мүмкін, Жезқазғанға барармын? Әлде Қарағандыға тартып кетсем бе екен? Осындай ойлардың шырмауында бірер күн жүрдім.
Әуелі Қарағандыға бардым.Ешқайда бұрылмастан тұңғыш өлеңімді жариялаған, сәт сапар тілеген, кейін Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауысарымда қолыма мақтаулы мінездемесін берген, көңілге ыстық облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына келдім.
– Сәлеметсіз бе?– деп сәл имене амандасып, кең кабинеттің орта тұсына жете бере тұрып қалыппын. Редактор Тілеухан Жүсіпов үлкен басымен орнынан тұрып, маған қарсы жүрді. Жылы жымиған қалпында қолын беріп амандасып:
– Иә, қандай шаруамен келдің маған?– деп алдындағы шағын столдың жанына отырғызды да, бетіме әкелік, ағалық мейірімге толы нұрлы жүзімен күлімсірей қарады. Мен Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргенімді, одан кейін әскер қатарында болғанымды, енді қызмет қарастырып жүргенімді айттым.
– Оның дұрыс екен. МГУ-дің журналистика факультетін бітірген жігітті қызметке алмағанда, кімді аламыз? Кәне, дипломың өзіңде ме?-деп қолын созды.
Дереу қойын қалтамнан табақтай көк дипломды суырып алып бердім. Дауысы барқыттай жұмсақ, орысшаға өте жатық тілмен:
– «Решением Государственной Аттестационной Комиссии Московского Государственного Университета имени М.Ломоносова присвоена квалификация «литературный сотрудник газеты», деп МГУ-дің сол кездегі ректоры, академик Логунов пен журфактың сол кездегі деканы, профессор Засурскийдің фамилиясына дейін оқып шықты да, маған қарап:
– Төлеубай, біз сені редакциямыздың аппаратына тілші етіп қабылдаймыз. «Орталық Қазақстан» газеті – кезінде үлкен жазушылар еңбек еткен, аптасына алты рет шығатын бірінші санатты беделді басылым. Бізден басқа облыстық газеттер аптасына 5 рет қана шығады, ал біз 6 рет шығамыз. Редакциямызда қызметкерлерге алаңсыз шығармашылық жұмыспен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Журналистеріміз кабинетте бір-екі адамнан ғана отырады. Ұжымымыз жақсы, ынтымағымыз дұрыс, газетіміз абыройлы. Таралымы 20 мыңның үстінде, – деді.
Костюмінің өңірінде депутаттық белгісі жарқыраған, сөзі салмақты, өзі маңғаз редактордың мені баласынбай, терезесі тең адамша сөйлескеніне қысылып та отырмын.
– Бүгін – сәрсенбі, сәтті күн. Қызметке қабылданғаның туралы бұйрықты қазір шығартқызсам, жұмысқа кірісе бересің бе? Әлде ауылға барып, әкей мен шешейді қуантып, алдымыздағы дүйсенбіден бастап шығасың ба?-деп бетіме қарады.
– Ауылға сенбі, жексенбіде де барып келемін ғой. Қызметімді бастай берейін, – дедім.
– Иә, солай еткенің дұрыс болар,– деп Тілекең өзінің бірінші орынбасары Есімбек Бәйтеновті шақырып алды да, мені қай бөлімге жіберетіндерін ақылдасты.
– Әзірше Төлеубайды хат бөліміне тілші етіп жіберейік. Басқа бөлімдер жас жігітке ауыр соғар. Сіз бұған қалай қарайсыз, Еске?– деп редактор орынбасарына бұрылды.
– Иә, сол дұрыс болар. Хат бөліміне жіберейік,– деді Ескең.
Осылайша, 1986 жылғы 28 қаңтардан бастап облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің тілшісі қызметіне кірістім.
Ертеңінде таңертең лездеме үстінде Тілекең мені редакцияның еңбек ұжымымен таныстырып, қызметіме табыс тіледі.
– Е, көмектесеміз ғой.
– Құлағынан тартып, мұрнынан бұйдалаған тайлақтай ертіп аламыз көшімізге.
– Тартпағанда!
– Ертпегенде!
– Әлі-ақ газеттің қара жорғасы болып шыға келеді. Біз де аспаннан екі аяғымыз салақтап түсе қалған жоқпыз,– деп Зарқын Тайшыбаев, Шайхан Жандаев, Еркін Лұқпанов, Бағдат Мекеев, Айқын Несіпбаев, Мағауия Сембаев, Саттар Тұрғамбеков, Дәулет Мақашев сияқты кілең «сен тұр, мен атайын» дерлік ығай мен сығай журналист ағаларым жан-жақтан қолпаштап, көтермелеп әкетті.
– Тууу, сендер өздерің ұядағы арадай гуілдеп, есін шығардыңдар ғой інішектің. Ұялтпасаңдаршы оны!– деп Гүлсім Оразалиева мен Оңайгүл Тұржанова апаларым араша түсіп жатыр…
Газет жұмысына енді араласқан алғашқы айларымда Тілекең көлемді материалдармен көзге көрінуіме тікелей өзі ықпал етіп отырды. «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегерлері, қарағандылық соғыс ардагерлері Мүтәш Сүлейменов, Иван Карабанов, Николай Покатилов жайлы очерктер топтамасы, Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраев туралы поэма-очеркім, Социалистік Еңбек Ері Қасым Тәукенов пен медицина ғылымының докторы, профессор Қани Мұсылманбеков жайлы көлемді материалдарым газет редакторы Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіповтің тікелей тапсырмалары бойынша жазылған еді.
Жеңіс мейрамы қарсаңында орыс тіліндегі бір кітаптан қарағандылық қазақ жауынгері жайлы жазылған бір тарауды да маған аудартқызып, газетіміздің үш санында жариялатқаны есімде. Осының барлығы қаламымның ұшталуына, жазуға төселуіме игі ықпалын тигізді.
Тілекеңнің берген тапсырмасын ойдағыдай орындап шығуға жан-тәнімді сала кірісуші едім. Ол кісінің сенімін ақтап, газетке жақсы материал дайындауды өзімнің борышым деп білдім. Редакцияның апталық лездемелерінде менің газет бетінде жарияланған материалдарым жақсы бағаланып жүрді. Редакциямыз орналасқан ғимараттың бесінші қабатындағы «Қызыл тақтаға» да бірнеше рет ілінді.
Ол кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында сондай бір тамаша дәстүр бар еді. Аптаның таңдаулы деген материалын секретариаттың жігіттері бір апта бойы «Қызыл тақтаға» іліп қоятын. Мұның өзі журналистердің арасындағы шығармашылық бәсекеге жол ашатын.
Тілекең қарымды қаламгер, үлкен ұйымдастырушы еді. Ол кісі облыстық газетке редакторлық етіп отырған жылдары Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында «Орталық Қазақстан» газетінің күні аясында редакция ұжымының газет оқырмандарымен кездесулер өткізуі игі дәстүрге айналған болатын.
Қарамағындағы қаламгерлермен қатар Тілекеңнің өзі де облыс өмірі мен экономикасының алуан тақырыптарына арналған проблемалық мақалалар жазып тұрды. Республикалық баспалардың бірінен ол кісінің «Арқадан – Атлантикаға дейін» деп аталатын тартымды кітабы жарық көрді.
Тілекеңнің ұсынысымен ашылған «Бейсенбі күнінің қонағы» деп аталатын жаңа айдармен облыстың танымал адамдары жайлы бүкпесіз ашық сұхбатқа құрылатын материалдар топтамасы газет бетінде тұрақты түрде беріліп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов басшылық қызмет пен шығармашылық жұмысты абыроймен қатар алып жүрді. Өзгелерге жеке басымен өнеге бола білді.
Өмірден тым ерте өтіп кеткен Тілеухан ағаның жарқын жүзі жадымда жатталып қалды. Көзден кетсе де, көңілімнен кеткен жоқ.
2. Сапкеңнің сабақтары
«Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына жұмысқа қабылданған бұйрығым дайын болған соң, редактор Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов:
– Сапиолла Ансаров деген байырғы қаламгер, беделді журналист ағаң бізде хат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Сен сол кісінің қарамағында боласың. Өте әділ, шындықты бетке айтатын, мінезі тік адам. Жас журналистке біздің Сапкең сияқты ардагер азаматтың тәрбиесін көрген теріс болмайды,– деді құлаққа жағымды қоңыр барқыт даусымен. Содан кейін ол кісіге телефон шалып, өзіне шақырды.
Сәлден кейін редактордың кабинетіне сәл еңкіштеу келген ұзын бойлы, тарамыс денелі, бурыл шашты егде адам кірді. Әкеммен жасты адамды көріп, орнымнан тұрып, сәлем бердім.
– Сапке, мына жігіт Москва университетінің журналистика факультетін бітірген жас маман. Оқудан кейін әскер қатарында да болып қайтыпты. Қызметке қабылдап, сіздің бөлімге тілші етіп жібергелі отырмыз. Тәрбиелеңіз, жұмыстың жайын түсіндіріңіз. «Жас келсе – іске» деген ғой, әлі-ақ қызметке төселіп кетеді. Сіздің де қолыңыз ұзарып қалады,– деді редактор.
– Қай жерденсің, бала?– деп сұрады Сапкең.
– Жаңаарқа ауданынанмын.
– Әкең мен шешең бар ма?
– Бар.
– Онда дұрыс, бала. Жаңаарқа ауданының жігіттері жаман болмайды. Маған да өзіңдей жас жігіт керек болып жүр еді. Жақсы болды-ау. Тілеухан қарағым, қамқорлығыңа рахмет. Бұл балаға алаңдама. Өзімнің тәрбиемде болады ғой,– деді Сапкең.
– Ал, қадамың құтты, жұмысың жемісті болсын! Отыратын қызмет орныңды Сапкең өзі көрсетіп, атқаратын жұмысыңның жай-жапсарын түсіндіреді. Бізде күн сайын таңертеңгі сағат 9-дан 15 минут өткенде күнделікті редакциялық лездемеміз болып тұрады. Ертең таңертең уақытында кел, ұжыммен таныстырамын. Келістік пе?– деп Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов бетіме әкелік мейіріммен күлімдей қарап, қолын ұсынды.
-– Келістік, ағай. Сеніміңізге рахмет! – деп Сапкеңнің соңынан ердім.
Сапкең редакцияның алтыншы қабатындағы сыртында «Хат бөлімі» деген жазуы бар кең кабинетке бастап әкелді. Бөлмеде екі стол, бірнеше орындықтар тұр. Кіре берістегі столдың басында толықша келген орта жастардағы әйел отыр екен. Әрі таман тұрған екінші столдың басы бос.
– Мынау Мәриям деген апаң болады, біздің бөлімде хат тіркеуші болып жұмыс істейді,– деп оны маған таныстырды да, Мәриям апайға қарап:
– Ал, мына бала бізге тілші болып қызметке келді. Москваның университетін бітіріпті, өзіміздің Жаңаарқа ауданының баласы көрінеді,– деді.
“Табиғат достарының отауы” атты арнаулы беттің материалдарын дайындау бұдан былай менің міндетіме берілетін болғанын айтты.
Одан басқа хат бөлімі ай сайын дайындайтын «Оқырман хаттары», «Қарағанды қақпаны» деп аталатын арнаулы топтамалар бар екен. Соларды әдеби жағынан өңдеп, қайта қорытып, газет бетінде жариялауға дайындап отыру керек.
– Бізде жол есебі деген бар. Редакцияның бір қызметкерінің күнделікті нормасы – 150 жол материал дайындау. Бұл – машинкаға басылған үш бет материал. Күн сайын кешкісін секретариатқа түскен материалдардың есебі шығарылып, таңертеңгі лездемеде хабарланып отырады. Сондықтан қатардан қалмай, басқалармен бірге редактордың алдында атың аталып отырғаны дұрыс. Жұмыстың да жүріп жатқаны осылай көрінеді,– деді Сапкең.
– Мына хаттарды қорытып, газетке дайындау керек. Бірақ, асығыстық жасама. Қызметке енді кіріскен сенен басшылар бірден жол есебін талап ете қоймайды. Әуелі оқырмандар хатын байыппен оқып шық, негізгі мазмұнын, айтар ойын ұғып ал. Қабығын аршып, дәнін ала білу керек. Хат қорыту дегеніміз – осы. Содан кейін журналистік өңдеуден өткізіп, машинкаға бастырып, менің қолыма беруің керек,– деп мән-жайды тағы да тәптіштеп түсіндіріп жатыр.
Осындай асыл адамдармен бірге қызмет атқаратыныма қуандым.
Әлі есімде, редакцияға қызметке орналасқан соң бір айдан кейін алғаш рет іссапарға шықтым. Бағытым – Қарқаралы ауданы.
…Наурыз айының басы еді. «Сарыарқа» табиғат достары отауының» кезекті бетін көрікті де көркем Қарқаралы табиғатының мәселелеріне арнамақшы болып, мен материал жинап қайту мақсатымен Қарқаралы қаласына аттандым.
Қарқаралыда үш күн болдым. Қала сыртындағы орман шаруашылығына барып, қорық пен табиғат мүйісі мұражайын тамашаладым. Қорықшы жігіт қоршау ішінде алаңсыз жайылып жүрген әдемі еліктер мен маңғаз бұғыларды көрсетті. Қойын дәптеріме табиғат қорғау тақырыбына байланысты керекті мәліметтерді толтырып алған соң Қарағандыға қайттым.
Сол Қарқаралы ауданынан дайындаған «Сарыарқа» табиғат достарының беті редакциямыздың кезекті лездемесінде жоғары бағаланды. «Сұлуды адам жаны қимайды екен» деп аталатын алғашқы көлемді проблемалық мақалам да осы топтама бетте жарық көрген еді. Жасыратыны жоқ, әріптес ағаларымның лездемеде айтқан жылы лебіздеріне кәдімгідей масайрап қалдым.
– Бұл жолғы «Сарыарқаның» бір ерекшелігі – мен Төлеубайдың дайындаған материалдарына қалам тигізген жоқпын. Бала ойлаған жерден шықты. Бөлім меңгерушісі ретінде оған адал еңбегі үшін сіздердің алдарыңызда алғыс айтқым келеді,– деді Сапкең.
Кейін ойлап қарасам, қайран Сапкең көпшіліктің алдында көңілімді көтеріп, тілшілік қиялыма қанат бітіру үшін қолпаштай сөйлеген екен ғой марқұм. Ол кісі маған туған әкемдей қамқорлық жасаған абзал жандардың бірі еді. Редакторымыз бен редакция кәсіподақ ұйымының төрағасы Зарқын Тайшыбаевқа:
– Мына балаға пәтер алып берсеңдерші. Кішкентай сәбиімен пәтер жалдап, одан жатақханаға шығып, қиналып жүр. Мұндай жағдайда ол жазумен, шығармашылық жұмыстармен қалай айналысады?– деп ренжитін.
Ал, шындығында біз үйден онша қиындық көре қойған жоқпыз. Майқұдықтың кіре берісіндегі «Восток-3» ықшам ауданындағы (ол кезде «Восток-5», «Көгілдір тоғандар» ықшам аудандары әлі салынбаған болатын) төрт бөлмелі үйдің бір бөлмесін жалдап, бір жылдан аса тұрдық. Содан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің Оңтүстік-Шығыстағы отбасылық жатақханасынан бір бөлме алдық. Онда 8 ай тұрғаннан кейін қаланың нақ орталығындағы Нұркен Әбдіров даңғылының бойынан екі бөлмелі пәтердің ордерін қолыма берді.
Сапкеңнен алған сабақтарым аз емес. Кейін оның барлығы өмірдің бұралаң соқпақтарында молынан кәдеме жарады.
Облыстық газеттің редакциясында еңбек жолым енді басталған кезеңде туған әкемдей қамқорлық жасаған абзал адам, қарағандылық белгілі қаламгер Сапиолла Ансаровтың өмірден өткенінде де ондаған жылдардың жүзі болды. Жатқан жері жарық болып, пейіште нұры шалқығай марқұмның!
3. Зақаң мен Шәкең
Әлі есімде, сол Нұркен Әбдіров даңғылының бойындағы пәтерімде тұрып жатқан алғашқы айлардың бірінде бір кабинетте қызмет атқарған белгілі журналист Шайхан Жандаев марқұм:
– Ойпырмай, мынау маса дегеніңіз сұмдық болды. Терезе мен балконның есігінен үйге кіріп, түні бойы иттей талап шығады. Төлеубай інім, сенің үйіңде де маса бар ма осы? Түк көрмеген адамдай болып, тымпиасың да отырасың,– деген еді.
Сонда жанымызда бірге отыратын қу тілді қаламгер Зарқын Тайшыбаев әзілі жарасқан Шайхан құрдасын қағытып:
– Өй, сен де қайдағыны сұрайды екенсің. Маса көрсе жанын қоярға жер таппайтын өзің дейсің бе оны? Қылшылдаған жас жігіт емес пе? Маса түгілі, үйіне аю кіріп кетсе де, елең қылмас бұлар!-деген.
– Айтпақшы, солай екен-ау! – деп Шайхан ағам да жымиып еді марқұм…
Жақын араласқан адамдар жақсы біледі, біздің Зарқын ағамыздың қойны-қонышы толған әзіл-қалжың сөздер еді ғой. Зақаң мен Шәкең екеуі түйдей құрдас болғандықтан бірін-бірі әзіл сөзбен түйремесе, отыра алмайтын. Әлдебір кішкентай бойлы адам туралы сөз бола қалса:
– Осы мына біздің Шайхандай-ақ шағын келген шапата адам екен,-дейтін Зақаң жорта.
– Сенің осы мен десе жының бар ма?-деп Шәкең шыж-быж болады. Ашуланғандағы әдетімен көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, тайдай тулайды. Зақаңа да керегі осы. Қалжың сөздерін одан сайын үдетіп, шақпа тілімен құрдасын шамдандыра түседі. Құрдастардың арасындағы зілсіз қағытпаға қаламдастары да мәз болып қалатын. Біздің Зақаңның қалжыңдары деген адамды күлкіге қарық қылушы еді ғой.
Сол жылдары редакцияның бөлімдері айлық және тоқсандық тақырыптық жұмыс жоспарларын жасап, оларды редакция алқасында бекітіп, күнделікті жұмыс барысында басшылыққа алып отыратын. Шайхан Жандаев ағамыз күнделікті хабар-ошарлар мен спорт тақырыбын жүргізуге жауапты еді. Әлдебір сүйекті мақаланы жазуға алдын ала авторларға тапсырыс беріп қояды. Ол материалдар тиісті уақытында қолына түсе қоймайды да, Шәкең кіжініп, алдындағы қызыл телефонның құлағын қолына алып, материалды кешіктірген авторларға хабарласа бастайды.
Зақаң, Шәкең, мен үшеуіміз бір кабинетте отырамыз. Зарқын ағамыз Шайхан құрдасының аузынан шыққан әр сөз бен оның қимыл-қозғалысын тышқан аңдыған мысықтай қалт жібермей бағып отырады. Содан кейін құрдасын тағы тәлкектей бастайды.
– «А то редактор ругать будет» деп не сандаласың? Соншама не болды? Оқушы бала құсап балпылдап отыр ғой. Ау, сен облыстық газет редакциясының мүйізі қарағайдай журналисі емессің бе? Солай да сөйлесе ме екен кісімен? Ол біз туралы не ойлайды енді?– деп Зақаң жорта ашу шақырған болып, күйіп-піседі. Онсыз да сіркесі су көтермей қапаланып отырған Шайхан ағам:
– Өй, кетші оттамай! – деп оған қолын бір сілтей салады. Артынша ыржиып, Зарқын құрдасынан темекі сұрап тұрады.
Зақаңның бірде Шәкеңді «кәсіподақ арқылы ондатр шапка таратып жатырмыз, сен тізімде жоқсың» деп алдап, редактордың кабинетіне тұра жүгірткені өз алдына бөлек бір хикая. Құрдастардың арасындағы мұндай қалжыңның талайына куә болғаным бар. Сөйткен бала мінезді, аңқау Шайхан ағамның да өмірден өткеніне талай жыл болды.
Еңбек жолымды енді бастаған жылдары облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында бірге қызмет атқарған, ағалық ақыл-кеңестерін айтқан абзал жандардың көбісі бүгінде фәниден бақиға озған. Редактор Тілеухан Жүсіпов, редактордың бірінші орынбасары Есімбек Бәйтенов, жауапты хатшы, кейін редактор болған Рымқұл Сүлейменов, қарағандылық танымал қаламгерлер Қағазбек Сәденов, Сапиолла Ансаров, Қайырбек Сұлтанов, Хайриддин Әубәкіров, Тоқан Әбуғалиев, Жаңабай Түсіпбеков, Шайхан Жандаев, Матай Айнабеков, Базарбай Мұстафин, Самат Жүнісов, Зейнолла Ыдырысов, Бағдат Мекеев, Саттар Тұрғамбеков, Дәулетбек Мақашев сияқты абзал ағаларым бүгінде жер бетінде жоқ. Бірақ, олардың жарқын жүздері, ағалық ақыл-кеңестері, өмірлік өнегелері менің жадымда өмір бойы жатталып қалды.
Басқаша болуы да мүмкін емес қой. Мен үшін осы асыл азаматтардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Олар қазақтың қарапайым азаматтары еді, олар қабырғалы қалам иелері болатын.
Өмірдің бұралаң жолдарының бастауында алдыңнан осындай абзал ағалардың кездескені неткен бақыт! Олардың нұрлы өнегесі өздері өмірден өтіп кеткендерімен түнгі аспандағы Құс жолындай үнемі алдыңда жарқырап жатады екен.
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.