Жаңғыру сыры – жазуда
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы өзекті, басты бағдарламаның бірі ол – қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру. «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» делінген онда.
Осы латын әліпбиіне қатысты қазір көптеген қоғамдық талқылаулар, конференциялар, жиналыстар, іс-шаралар өткізілуде. Біз де қарап қалмадық. М.Әуезов атындағы №5 балалар кітапханасында «Латын әліпбиі: жаңғыру жаңадан басталады» атты ақпарат сағаты өткен болатын. Іс-шара мақсаты латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат тарату. Онда №85 орта мектептің 6 «Ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Маржан Аманбаева ат салысты. Іс-шара барысында оқырмандарымызға алдын ала дайындалған «Латын әліпбиінің тиімділігі. Не ұтамыз? Неден ұтыламыз?» атты жобаны көрсеттік.
Латын әліпбиіне қатысты оқушыларымыздың арасында сан түрлі ой-пікірлер айтылды. Жалпы айтқанда, латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстары қарастырылды десе де болады.
Шара «Қазақ тілі – Латын әліпбиімен» атты кітап көрмесіне шолу жасаумен аяқталды.
А.БАЛДАЕВА,
М.Әуезов атындағы №5 балалар кітапханасының кітапханашысы.