Рухани жаңғыру

Жаңғыру кілті білімде

   Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі басымдығы – ұлттың болашағы, халықтың әл-ауқаты, қазақ халқының біртұтас ағза ретінде заман көшіне сай бейімделуі, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Жаңа тарихи кезеңге нық қадам басып, бұқаралық сананы тиісті бағытқа өзгерту. Ал, болашаққа бағдар әлбетте, жаңа буыннан, жас ұрпақтан бастау алады.

Елбасы әрқашан жастарды еліміздің алтын қоры ретінде бағалап келеді. Оған дәлел – Елбасының сындарлы саясаты. Аталмыш бағдарлама аясында өскелең ұрпақ үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған. Нақтырақ айтсам, білімнің салтанат құруы ерекше орын алып отыр. Себебі, білімге деген құштарлық, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – қазақ халқының қанында бар қасиет. Жастарды емін-еркін оқытып, сол құштарлықты жүзеге асыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Оның айқын көріністері – «Болашақ» бағдарламасы, елімізде өте жоғары деңгейдегі оқу орындарының ашылуы, зияткерлік мектептер жүйесінің қалыптасуы, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы. Тәуелсіз елдің жастары үшін, еркін елдің ертеңі үшін бұл да бір үлкен сый болмақ. Әлемдегі дамушы «үшінші әлем» елдерімен, тіпті, көптеген дамыған елдермен салыстырғанда қазақ елі әлдеқайда басымдыққа ие. Елбасының қазақ халқы үшін, жастар үшін жасап жатқан еңбегіне баға беру мүмкін емес. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біздер, яғни, жастар, кемел елдің келешегі заман талабына сай білім алып, Ұлт көшбасшысының мақсатын жүзеге асыруда өз үлесімізді қосуымыз қажет. Ал, мақсат болса айқын, бағытымыз анық, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу, яғни, Мәңгілік Ел болу.

Осы рухани жаңғырудың бір бағыты – еліміздің өсіп, өркендеуіне кедергі болып отырған сыбайлас жемқорлықтан арылу болмақ. Сол себепті, қоғам ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оған қарсы білім беру, халық сауатын арттырып, ағартушылықты күшейту маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, әрбір адамның өмірге деген көзқарасы отбасынан бастау алады, ал оның тұлға болып қалыптасып, одан әрі дамуына зор үлес қосатын білім ордасы – мектеп, одан кейін жоғарғы оқу орындары. Сол себепті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтағы Департаменттері білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асуын ерекше назарға алып отыр.

Атап айтсақ, мектеп қабырғасында «Адал ұрпақ» еріктілер клубының құрылуы, жоғары оқу орындары мен орта білім беру оқу орындарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартияның» қабылдануы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл омбудсмені» жобалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру және қазақстандық патриотизм сезімін нығайтып, білімнің салтанат құруына оңтайлы әсерін тигізеді. Өйткені, жастарды сапалы білімге, сол арқылы адал еңбекке шақыру білімнің салтанат құруына бағытталған басты міндеттердің бірі.

Ұлы дана, ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы». Дәл осы тәрбие ұғымына адалдық, шыншылдық, турашылдық жатады. Баланы жастан демекші, аталмыш қасиеттерді әрбір жасөспірімнің бойына сіңіріп, санасына құю арқылы адал ұрпақ тәрбиелеуге болады. Жастайынан ақ пен қараны айыра біліп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренген бала ғана өсе келе адал тұлға болып қалыптасып, үлкен жетістікке жете алады. Ол үшін ең әуелі ата-ананың, содан кейін ұстаздың берер тағылымы маңызды орын алады. «Адал бол», «Адал ұрпақ», «Адал ұстаз» атты жобалардың да басты мақсаты – баланы тура жолда тәрбиелеу болып табылады.

Білімнің салтанат құруының да негізгі бағыты – ашықтық пен еркіндік. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Сол себепті әрбір жас буынның, ХХІ ғасырға лайықты нақты үш қасиетке ие болғаны абзал. Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар жастардың алға басуына сөзсіз қажетті алғы шарттардың санатында. Ал білім алушының бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты иммунитет болмаса, аталмыш қабілеттердің болғанына қарамастан, жас ұрпақтың тағдыры құрдымға кетуі әбден ықтимал.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Ал, біліммен қатар міндетті түрде тәрбие де жүруі тиіс.

Қорыта келе, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында және салауатты әлеуметтік орта қалыптастыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздіксіз білім беру мен жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Заманымыздың ертеңін жасайтын жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеумен қатар, қазіргі қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықтан таза тұлғаларды қалыптастыру бүгінгі ұстаздардың басты назарындағы міндеттердің бірі болуы тиіс.

Әкім САҚТАПБЕРГЕН,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы міндетін атқарушы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button