Жақсының – жағасы, елдің – ағасы,

     Қабиден ЕГИШЕВТІҢ есімі берісі – Қарағанды аймағында, әрісі – ел аумағында жақсы мәлім. Сүйегі – асыл, парасаты – биік азамат көзі тірісінде соңынан ерген ағайынға ғана емес, маңайын қаумалаған жұртқа да пана бола білген жан. Иә, тумысынан мінезге бай Қабекең жанға жасаған жақсылығының арқасында құрмет-қошеметтен де кенде болмапты. Марқұмнан көрген шарапаты жайлы таңнан-таңға ұрып сүйсіне әңгімелейтін көнекөздер жетерлік. «Бір ұл бар әкесінен кете туар, бір ұл бар әкесіне жете туар, бір ұл бар әкесінен өте туар» деген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы тәмсілдің соңғысына лайық болар…

Қабиден Егишұлы абырой мен беделдің биігіне аяғы көктен салбырап түсе қалған жоқ. Өз заманының батпағын белшеден көріп өсті. Көзін тырнап ашысымен жетімдіктің мехнатын тартты. Қызыл империя салтанат құрған зұлмат дәуірдің зобалаңын елмен бірге өткерді. Өбектеп бетінен сүйер ананың мейіріміне, алақанына салып аялар әкенің тұлғасына қаршадайынан мұқтаж болды. Алайда, «жетім екенмін» деп жаси қоятын мінез Қабекеңде тумысынан жоқ-ты.

Бетке ұрып, бұлтарысқа лақтыруға тырысқан тағдырына қаймықпай қарап, әр сынақтан сүрінбей өтуге тырысты. Қазақтың қарғадай баласы қайсарлықтың өр үлгісін әйгілеп, жұрт тамсанып әңгіме қылар ерлердің біріне айналды. «Түлкі болған заманды тазыдай шалды». Өйткені, ата-анасынан айырылып, еңіреген жетімдердің бар сүйенері де, шағынары да осы Қабекең еді.

Қазақ «тек жібермейді» деп жатады. Қабекеңнің осал болуға құқы да жоқ еді. Әкесі Егеш Қарауылдың Шұңқыршасынан болса, анасы Мақпал қазақты ұйыстыра білген Төренің қызы еді. Арғы әкелері Қонақай бабалары кезінде аумаққа беделді, аузы дуалы байлардың бірі болған. Қарқаралы ауданының Бақты ауылы тұсындағы «Қонақай асуы» деген тау текті атаның есімін иеленген. Қабекең осы жердегі №16 ауылда 1927 жылы дүниеге келді.

Аласапыран кезеңдерде ата-анасынан көз жазып қалған Қабекең бозбала шағында Қарағандыға келеді. Он алты жасар жасөспірім күнкөріс қамымен «Сталинуголь» тресінің 33/34 шахтасына тұтатушы (запальщик) болып орналасады. Ауыр жұмысты мойымай көтере білген балаң жігіттің бұдан кейінгі өмірі Қарағанды көмір алабымен тығыз байланыста өтеді.

Соғыстан кейінгі ауыр кезең. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен уақыт. Әркім өз қарекетімен тіршілік құрып жатыр. Қабекеңнің іскерлігі де ісмерлігі осы шақта көрінеді. Жақын-жуық інілерін ертіп, шалбар тігуді кәсіп қылады. Кәдімгі кенеп матадан өзі пішіп, көктей тігіп, базарға шығарады. Әлгі тіккен шалбарларын жұрт лезде таратып әкетеді сонда. Сөйтіп, Қабекеңнің «американский» деген шалбарларын жарты Қарағандының жігіттері киім қылады.

Қарынның қамымен жүріп, Қабекең туыстарын да іздей бастайды. Найманның қызы, керекулік Дәметкен Түскейқызымен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Осы шаңырақта Қабекең алғаш рет Қарағанды маңындағы Қарауылдардың басын қосады. Зұлмат шақта жан-жаққа босқан ағайынның осы дастарқаннан кейін жұбы жазылмайды. Бұл – Қабекеңнің қанына сіңген бауырмалдық қасиетінің шынайы көрінісі еді.

Зердесі – зерек, еті – тірі азамат кейін оқу-білімге бас қойғанда маңайындағы туыстары тірек бола білді. Қабекең Ташкентке оқуға аттанамын дегенде ағайыны ортадағы жалғыз қара биені базарға апарып, пұлдап береді. «Болам деген баланың бетін қақпай, белін буған» жақындары өздеріне келешекте пана бола алар азаматқа дер кезінде қолдау көрсете білді.

Жұмыс істей жүріп Қабекең өзінің сауда ісіне машығы барын танытады. Содан болар, басшылық мұны 1949 жылы «Карагандауголь» тресінің «Новый городтағы» сауда базасына аға жұмысшы ретінде жөнелтеді. Жыл өтпей әлгі дүкеннің сауда агенті, кейін сауда жүргізушілігіне тағайындалады. 1960 жылға дейін трест дүкенінің меңгерушісі, сауда бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарады.

Өндіріс базасындағы маңызды міндетімен қатар, Қабекең білім алуды да ұмытқан жоқ. 1954 жылы сауда жүргізушілер курсынан өтіп, 1958-1960 жылдары ҚазКСР Кеңестік сауда министрлігі Семей техникумын тәмамдайды. 1963-1968 жылдары Мәскеу қаласындағы кеңестік сауда институтында білімін жетілдіреді. Сондай-ақ, Ленинград қаласындағы сауда курстарында біліктілігін арттырады.

Білімі мен білігі келіскен азамат 1960-1963 жылдары «Абайуголь» тресінде басшылық қызметін жалғастырады. Бұдан кейінгі еңбек жолында Қарағандыдағы балық зауытына жетекшілік етіп, 1965 жылы Қарағайлы кен-байыту комбинатының құрылымдық бөлімшелеріне басшылыққа ауыстырылады.

Әсілінде, Қарағайлыға қызмет ауыстыруға Қабекеңнің өзі ниет танытқан. Қарағандыдағы жолдастары райынан қайтаруға тырысып, «мұндағы қызметің беделді, Қарағайлыда не бар?» деген сыңайдағы әңгіме қозғапты. Сонда табиғаты қаншыл Қабекең «ол жаққа туған-туыстың, ағайынның ортасында болу үшін барамын» деген екен.

Қарағайлыда да Қабекең абыройсыз болмады. Жарқын мінезді азаматты туған өңірінде де айқарма құшақпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Қызмет бабымен жүріп өңірдегі лауазымды басшылармен етене араласты. Алайда, оларды қызметтік қызығушылықтардан тыс, достық пейілдер де жақындата түскен еді.

Солардың бірі – Қайдар Бурабаев ағамыз. Қабекең туралы сүйсіне сөз қылған Қайдар ағамыздың естеліктері адам жанын жадырата түскендей.

«Мен Қабекеңмен жүзбе-жүз кездесіп, танысқаннан бұрын, атағына қанық едім. Жетпісінші жылдардың басында Қарқаралы қаласында төрт жыл тұрдым. Сол жылдары үйге керек-жарақ алу үшін отбасымызбен Қарағайлы кентіне жиі баратынбыз. Және іздегенімізді түгел табатынбыз. Сонда, әсіресе, шешем разы болып, «дүкендері бай, тегі, басшылары пысық-ау» деп алғысын білдіруші еді. Кейінірек «Қырғыз» кеңшарында сегіз жылдай директор болып қызметін атқарғанда Қабекеңмен жақынырақ білістік. Бүркітті ауылындағы жақын ағайындарына жиі келіп тұратын. Біраз өте аудан басшылығына келіп, қатар жұмыс атқарғанда, тіпті, жиі араластық. Сол жылдары Қабекеңнің іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне көзім жетті. 1982 жылы мен аудандық атқару комитетіне төраға болғанда Қабекең жол жөндеу мекемесінің басшысы екен. Осы жұмысында да ол кісі өзінің іскер басшы екендігін көрсете білді. Мекеме жұмысшыларына арнап бірнеше тұрғын үй, мекемеге қажетті базалар, Қарқаралы көлемінде бұрын болмаған кішігірім бассейні бар монша салды. 1975 жылы ғой деймін, Қабекеңді Қарағайлы кен байыту комбинатының азық-түлікпен жабдықтау бөлімінің басшылығынан негізсіз босатып жіберіпті. Кейін бөлімнің жұмыс көрсеткіші төмендей бастаған соң, мен 1985 жылы облыс басшылығына, түсті металлургия министрлігіне Қабекеңді бұрынғы қызметіне қайта тағайындауын сұрап, хат жаздым. Өтінішім қабыл болып, ол кісі қызметіне қайта оралды. Қарағайлы кентінің саудасы қайта жанданып, көптеген табыстарға қол жеткізді. Міне, Қабекеңнің ұйымдастырушылық қабілетінің жемісі осылайша жұмыс барысында көрінетін», – дейді Қабекең жайлы Қайдар ағамыз. Бір кісідей біліскен адамның сөзі – бұл. Жанында жүріп, таныстан досқа айналған жанның пікірі.

Дос демекші, Қабекең жүрген жерінде жұртпен еркін тіл табысып, көркем мінезінің арқасында жолдас жинай білген адам. Қабекеңнің талай жылдар лауазымды қызметтерде болып, білім саласында басшылық міндеттерді атқарған ұлы – Бекежан ағамыздың айтуынша, көзі тірісінде Қабекең үйіндегі қазанның астындағы от өшіп көрмепті. Дос-жарандардың бірі келіп, бірі кетіп жатады. Қабекеңмен алпыс жыл отасқан Дәметкен анамыз сол мол қонақтың біріне де қабақ шытпай, дастарқанын жайып отырады екен. Ерінің ыңғайына жығылып, сыйлы меймандардың алдында мейманасын тасытып отырған.

Қонақтар – шетінен ығай мен сығай. Бұлардың қатарында Қабекеңнің алдыңғы буын әріптестері, талай жылдар бойы облыстық сауда басқармасын басқарған М.Әбілов, В.Стоякин, Н.Кимнен басқа бүгінде елеулі тұлғаларға айналған түрлі сала мамандары да жетерлік. Арасында ұлы академиктер – Евней Бөкетов пен Әбілқас Сағыновтың орны бір бөлек. Есімі елге мәлім ел ағалары – М.Бөкенов, С.Досмағамбетов, М.Шаекин, Қ.Бурабаев, М.Түлкібаев, профессор Д.Шаймұханов, «Карагандапромстрой» басшылары – К.Балабеков, А.Кәрібаев, К.Альсенов, Г.Ревазов және тағы басқа беделді азаматтар осы үйде болып, Дәметкен анамыздың қолынан талай дәм татқан екен.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қабекең мен Дәметкен анамыз бірге алпыс жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, саналы да салиқалы өмір сүрді. Өнегелі отбасында алты баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған ұрпақ бір қауым елге айналды. Тәубе дейік. Әкелерінің есімін биік ұстаған азаматтар ел игілігі үшін еселі еңбек етуде.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.