Руханият

Жаңаша білім беру – заман талабы

       Соңғы кезде ата-аналардың, ұстаздар мен оқушылардың да әңгімесіне арқау болып жүрген жаңаша білім беру жүйесі туралы біз не білеміз? Оның ел болашағы үшін, жас ұрпақтың сапалы да саналы білім алуы үшін қандай маңызы бар? Бұл сұрақтың көпті толғандыратыны анық.

Білім саласында жұмыс жасап жүргендіктен, заманауи білім беру мәселесін зерттеп, зерделеп көрген болатынмын. Жаңаша білім беру бойынша курстардан өтіп келген біраз мұғалімдердің сабағына қатысып, бұл жүйенің бұрынғы жүйеге қарағанда қаншалықты өзгешелігі бар екендігіне терең үңіліп көрдім.

Ең алдымен мені алаңдатқан бағалау жүйесі еді. Анық түсінбесем де, бұрынғы бағалауға қарағанда біршама басқаша екендігін білетінмін. Бірақ, критериалды бағалаудың тиімділігіне көзім жеткен секілді. Себебі, бұрын баланың нақты сол пәндегі тақырыпты меңгергендігін «5», «4», «3», «2» деп бағалай салатынбыз. Ал, қазір мүлдем басқа… Әрбір оқушыға өзінің деңгейіне қарай тапсырмалар беріп, қалыптастырушы бағалауды пайдаланады. Оқушыға мұғалім тарапынан айтылатын «дайын емессің, отыр бағаң екі», «неге дұрыс жазбағансың, мен саған «3» қоям» деген сөздердің оқушы үшін қолайсыз екендігі сөзсіз. Бұл – біздің құлағымыз үйренген дәстүрлі бағалау түрі. Ал, қазіргі оқушылардың өзін өзі бағалауы, топтық бағалау, критерилер мен дескрипторлар арқылы бағалау әрбір оқушыға ілгері жылжып, білім алу үшін талпынуға үлкен әсерін тигізеді. Екінші бір көңілге күдік ұялатқаны – үштілділік мәселесі болды. Мен мұғалім ғана емес, ата-ана да болғандықтан, «бұл қалай болар екен?» деген сұрақ көкейде жүргені рас. Дегенмен де, бұл мәселеде болашақта өз шешімін табады деп сенемін.

Қазақ халқының мақалында «Тіл білген – ел біледі» дейді. Егер балаларымыз ана тілімізбен бірге орыс және ағылшын тілдерін меңгерсе – нұр үстіне нұр емес пе? Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өзі жетпістен аса тіл білгендігінен ғұлама атанып, әлемге мәшһүр болғандығын бәріміз білеміз.

Дамыған елдерде тіл үйрену мәселесіне үлкен көңіл бөледі. Неге біздің де балаларымыздың тіл біліп, жер біліп, өзгелерден оза шабуына кедергі болмауымыз керек. Егер үш тілді терең мегертетін ұстаздар болса, оған жағдай жасалса, ата-аналардың қарсы болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Әрбір ата-ана өз баласының жан-жақты болғанын, ертеңгі күні ел үшін де, өзі үшін де қажетті маман атанып, білімі мен білгені көп азамат ретінде қалыптасқанын қалайды.

Сондықтан да, өзгерістерге күдікпен емес, үмітпен қарағанымыз дұрыс.

Анар ТЛЕУБЕКОВА,

Ә. Бөкейхан атындағы №76 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button