Ресми

Жаңарған орталықтың жаңа мүмкіндіктері

Қарағандыда жөндеуден өткен әлеуметтік қызметтер орталығы жұмысын бастады. Кең әрі ыңғайлы ғимаратта кеншілер қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, отбасыларды қолдау орталығы және ұзақ өмір сүру орталығының филиалы орналасқан. Қала күні қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталықтың жұмысын арнайы келіп тексерді.

Сурет: облыс әкімдігінің сайтынан

Толық қалпына келтірілген және қажетті құрал-жабдықпен қамтылған ғимарат қала орталығында, Чкалов көшесі, №7 үй мекенжайында орналасқан. Аялдама жақын. Мұнда қаланың барлық бөлігінен келуге ыңғайлы.

Орталықта кезек жоқ, барлығы автоматтандырылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолжетімді. Екі лифт бар. Ана мен балаға арналған бөлек бөлмелер жабдықталған.

Ашылғанына екі күн болған орталыққа қазірдің өзінде 250 адам үлкен операциялық залда кеңес алып үлгерген.

– Бұл жерде Қазыбек би атындағы ауданның мекенжайы бойынша әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесіне де орын бұйырыпты. Ал, отбасыларды қолдау орталығының бірегей жоба екенін айта кету керек. Некені бұзу кезінде медиация қолданылып, девиантты мінез-құлқы бар балалармен жұмыс жүргізіледі және көпбалалы аналарды қолдауға баса назар аударылады. Қала әкімдігі 2023 жылы төрт инватакси машинасын сатып алған еді. Олар да осында, – деп атап өтті Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

Жөндеуден өткен ғимаратта онға жуық балаларға арналған ойын алаңы бар.

Ата-аналар кеңес алып жатқанда, сәбилер орталық мамандарының бақылауында болады.

Екінші қабат Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қалалық филиалына бөлініпті.

Шаһардың аға буын өкілдері үшін тегін секциялар мен үйірмелер де ашылған.

Пайдалануға берілген жаңа ғимараттың ыңғайлылығы туралы Пришахтинскіден келген көпбалалы ана Раушан Маясарова пікір білдірді.

– Бірден бірнеше мәселемді шешуге мүмкіндік алдым. Үлкен ұлымның мүгедектігі бар, адвокат та тегін кеңес берді. Психологиялық тренингке қатыстым, онда отбасылық қатынастар мәселелері ортаға салынды. Енді жаңа мамандық игеру үшін курстар туралы біраз мәлімет білемін. Шаршамай, жұмысымызды бітірдік, – дейді Раушан Маясарова.

Орталықтың ашылу құрметіне қазақстандық Dos-Ortopedia компаниясы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қажетті арбасын алуға бес сертификат дайындапты.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button