Жаһандық ахуал: жан мен рух
Өткен жолғы бір мақаламызда жазғанбыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамды қазақы түлетуге үлкен бетбұрыс болғандығын. Тарихи санамызға да қайта қанат бітіре бастағаны өз алдына. Адамзатқа тән ар, ізгілік, әділетті де оятарын айта бермейміз. Егер қауызын жарып, халыққа дәнін таратудың тетігін тауып жатса, әрине. Олай етсе бұл – сөз жоқ, теңдессіз бағдарлама.
Жалпы бағыты, түпкі мақсұты алысты меже тұтқан мұндай бағдарламаны халық санасында жүргізудің жолы мықтап бекісе, дамудың көкесі жүреді елде. Алғашқы үш жылда оның алғашқы қадамдары жасалды да. Бұл жерде халықтың санасында жүргізудің жолы дегенді қайталап айтуға тура келеді. Біз бұған дейінгі тәжірибе бойынша халық санасын өткен шара, жасаған той, берілген ас өсіріп жібермесін түсінуіміз керек. Осы уақытқа дейін мыңдап, миллиондап өткізген түрлі шарадан халықтың рухы мен санасы өсіп кетпегені мәлім. Ізгілік пен ізеттің бастауы әр ұлттың түп қайнары – салтдәстүр, әдет-ғұрпында тынып жатады. Ал, оны түсініп, тереңіне бойлау үшін халық тыңдармандық пен көрермендіктен оқырмандық деңгейге көтерілуі керек. Бірінші Абай айтқан «адал еңбек, терең ой» насихатталуы керек. Бізде осының қайсы бар? Абайтанушы Омар Жәлел өткенде хакімнің елдің бәрі білетін жалғыз-ақ ауыз сөзін мысалға келтіріп, талдапты. «Ғылым таппай мақтанба» деген. «Ал, біз немізбен мақтанып жүрміз?» дейді абайтанушы. Жасаған той, берген асымен! Қай елдің оқырманы көп, сол елдің ғылымы күшті, біздіңше. Өкінішке қарай, қазақ әлі де тыңдарман ұлт.
Аталған бағдарлама науқанға айналмай, елдің санасында жүруі керек деуіміздің бір сыры осында. Адам адал еңбек етіп, оқып, өздігінен ізденбесе, рухани байымасы (жаңғырмасы) кәміл. Қазіргі заманда табандап отырып, зейін қойып кітап оқу – еңбектің зоры. Қайрат керек, қандай кітап оқуыңды білу үшін ақыл керек. Бір жағыңнан жұмыс, бір жағыңнан «сотка», бір жағыңнан бала-шаға, туғантуыс тартып алып жөнелгенде, кітап қайда, басқа қайда, өзің далада қаласың. Әлеуметтік желінің өзі ішкі елегің мықты болмаса, ақылыңды ұрлап қояды. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап, қазақ зиялылары мына карантинге байланысты оқып жатқан кітаптарын насихаттап жатыр. Сондықтан, бұл карантин жақсы да болды адамзатқа. Меніңше, атқарушы органдар осы орайды пайдаланып, халықты рухани жаңғыртуды бұданда жетілдіріп, тетігін тапса, мемлекет те гүлденіп сала берері сөзсіз ғой. Және бұл бірер жылда науқандық шаралармен шешіле салар дүние емес. Бірнеше жылдар бойы жүруі тиіс көлемді үрдіс болмаққа керек. Себебі, рух пен сана, ақыл мен мейірім (адамдықтың басты екі шарты), қысқасы, адамдық пен әділет салтанат құрмаған жерде, экономикалық жетістік, тұрмыстық игіліктер ғана алға озады да, сана құлдырап, рух құлайды. Адам бойындағы ізгілікті нәпсі (жемқорлық, парақорлық) билеп алады. Ал, нәпсі сайран салған жер белгілі. Бәріне жеңіл жолмен жеткісі келеді. Ондай пенде бір нәрсеге шын ықылас қойып, мехнатты болса да еңбектене бастаса, санасына сабыр ұялап, берекесі арта түспегі ойына кіріп шықпайды. Басынан ұлттық уызына жарып, рухани толысқан адам жетістікке жету үшін жеңіл жолды таңдамайды. Олай болған соң, жемқорлық та, парақорлық та тыйыла бастайды. Демек, рухани жаңғырып, кемелденген қоғамда әркім өз орнын біледі. Сондықтан, бұл бағдарлама тек тарихымыз бен ұлттығымызды түгендеу ғана емес, әлгіндей жемқорлық пен парақорлықтың бәріне тосқауыл түбін түсінгенге.
Жеңіл жолды таңдау – Абай заманынан келе жатқан індет білгенге. Әйтпесе, Абай: «Саудасы – ар мен иманы, қайрат жоқ бойын тыйғалы. Еңбекпен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғалы» дей ме «Заманақыр жастары» өлеңінде? Осының бәрін Елбасы күні бұрын аңдап, алдын-ала байыпты бағдарлама қабылдап қойғаны – таңқаларлық іс. Негізгі мақсат – замануи көшке ілесе отырып, ұлттық тамырымызға бойлап, руханият атты әділетті әлемге оралу-тұғын.
Жәнібек ӘЛИМАН