Жаңалықтар

Жаһандағы жалғыз факультет

«Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет».

(Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік

революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты

Жолдауынан)

«Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтып, білім және ғылым саласындағы үндестігі ортақ мүдде мен өзара тиімділікке негізделген. Осыған сай соңғы жылдары білім беру инновациялары мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тиімді пайдалануға, сол тәрізді шетелдегі жоғары оқу орындарымен өзара тәжірибе алмасу мәселелеріне аса зор мән беріп келеді. Бұл кезеңде гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың да негізі қалыптасты, ғалымдар мен студенттер академиялық ұтқырлықты жетілдіру мен бірлескен ірі ғылыми жобалар жүзеге асырылып келеді. Алдағы 5 жылда Қытай тарапы қазақстандық студенттер үшін қосымша 200 білім грантын ұсынбақшы. Ең бастысы – бұл Қазақстан жетістіктерінің, өзара ынтымақтастығымыздың нәтижесі мен әлеуетінің Қытайда мойындалуы.

Әлемдік мәдениет пен өркениеттің озық үлгілерін меңгеру, басқа елдердің ғылыми жетістіктерімен танысу мен тәжірибе алмасу мақсатында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультеті профессор-оқытушылар құрамы мен студент, магистранттары көптеген ғылым мен білім саласындағы халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға, семинарларға қатысып  жүр. Атап айтсақ, «Қазақ әдебиеті» кафедрасы соңғы жылдары білім беру инновациялары мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тиімді пайдалануға, сол тәрізді шетелдегі жоғары оқу орындарымен өзара тәжірибе алмасу мәселелеріне аса зор мән беріп келеді.  Әлемдік мәдениет пен өркениеттің озық үлгілерін меңгеру, басқа елдердің рухани мәдениеттерімен танысу мақсатында атап айтарлықтай жұмыстарды жүзеге асырды.

Бұл бағыттағы академиялық және ғылыми байланыстағы жұмыстар Елбасымыз Н.Назарбаевтың осы жылдың қаңтар айындағы Жолдауындағы: «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» деп атап көрсеткен талаптарға сәйкес келіп отыр. ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасы ұжымы  ҚХР Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық университетінің филология институты мен Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетімен (Минзу) ғылыми – әдістемелік бағытта тығыз байланыс орнатуға қол жеткізді. Аталмыш университеттермен ғылым-білім саласындағы ізденістерді өзара ынтымақтастықта жүргізуді жүзеге асыру мақсатында меморандумдар мен келісімшарттар жасасты. Соның нәтижесінде 2014-2015 жылдары осы жолдардың авторы және доцент С.Такиров, ғылым магистрі Ж.Жұмагелдин тәжірибе алмасу бағытында біліктілікті арттыру мақсатында  Іле педагогикалық университетінің филология институтында дәріс оқуға барса, 2016 жылы факультеттің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының төрт студенті академиялық ұтқырлықты жетілдіру бағытында бір семестр бойы білім алып қайтты. Елбасы Жолдауында айтылған «Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет» деген бастамасының алғашқы қадамдары да жасалып жатыр. Соған орай Қытайдағы осы университеттің жетекші мамандары ф.ғ.д., профессор Ү.Жетібайұлы мен ф.ғ.к., доцент С.Ысқақұлы және Үрімші қаласындағы Халық ағарту университетінің профессоры, ф.ғ.д. Б.Нәукенұлы арнайы шақыртумен келіп дәріс оқыды.

Кафедраның шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен өзара сабақтастыққа байланысты академиялық ұтқырлықты нығайту, ғылыми зерттеулерге бірлескен консалтингтік жетекшілік жасауда  Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетімен (Минзу)  ғылыми-әдістемелік байланысы ерекше. Себебі осы Минзу университетінде  жер жүзіндегі ешбір жоғарғы оқу орнынан кездестіре алмайтын, бізге тікелей қатысы бар бір факультет бар.  Ол  «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультеті деп аталады. Қазақстанда осы салада маман кадрлар дайындайтын бөлімдер «филология» немесе «филология және шет тілдер» факультеті деген атауға ғана ие. Осы  «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультеті алғашқыда 1953 жылы Орталық Ұлттар университетінде ф.ғ.д., профессор Гың Шыминның бастауымен және ұлт жанашырлары Бағашар, Аман мырзалардың қолдауымен осындағы  қазақ мектептеріне  тіл және әдебиет мамандығы мұғалімдері үшін арнайы сынып болып қана ашылған. Қытайдағы саны аз ұлттардың тілі мен әдебиетін, тарихын, рухани және бейзаттық мұрасын зерттеуге деген мемлекеттік қамқорлық арқасында дами келе, 1971  жылы «Қазақ тілі» кафедрасы құрылады. 1971-1989 жылдары  оның алғашқы меңгерушісі болған халықаралық деңгейде танылған оқымысты, профессор Гың Шымин осындағы көне түрік филологиясы мен қазақ тілін оқыту мен зерттеудің негізін қалады. Ал, 1989-1995 жылдары қазақ және түркі тілдерін зерттеудің әйгілі маманы,  ф.ғ.д., профессор Ли Зишиаң кафедраны басқаруда игі бастаманы жалғастырып әкетті. Түркі тілдерін салыстырмалы ерттеуде атақты ғалым, ф.ғ.д., профессор Еркін Ауғали 1995-2000 жылдары кафедра меңгерушісі болған тұсында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен педогог мамандар дайындау мен қазақ ұлты өкілдерінен ғалымдар қалыптастыру ісі жандана түсті.

1971-2004 жылдар аралығында бұл кафедра Шыңжаңдағы саны аз ұлттардың тілі мен әдебиетіне қатысты мамандар дайындауға байланысты  алғашқыда 1986 жылдан «Аз ұлттар тіл – әдебиеті» факультеті сапында болса, кейін «Түрік тектес ұлттар тіл – әдебиеті» (1994-1996), «Ұйғыр – Қазақ – Қырғыз тіл мәдениеті» (1996-2004) факультетінің құрамында болған. 2004 жылдың сәуір айында осы кафедра негізінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультеті жеке шаңырақ көтерді. Онда қазақ тілі мен әдебиеті арнайы мамандық ретінде тереңдей оқытылып, Қытайдағы қазақтардың ұлттық фольклоры мен әдебиеті тарихын зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. 1979 жылдан бастап аспиранттар, кейін магистранттарды, 1993 жылдан бастап докторанттарды дайындайтын деңгейге дейін көтеріліпті. Содан бері мектептер мен әр дәрежелі жоғары оқу орындарына білікті мамандар дайындау, қазақтың ұлттық дәстүрі мен мәдениетіне мұрагерлік жасау, оны ғылыми тұрғыда зерделеу мен таныту, аудармашылық шеберлікке баулу секілді тарихи борышты абыроймен атқарып келе жатыр.  1953 жылы тек  жеке сынып, одан соң кафедра болып ашылғаннан  бергі алпыс жылдан аса уақыт ішінде факультетте 50-ден астам білікті мамандар мен қызметкерлер жұмыс атқарған.

Осы жылдар ішінде факультет Шыңжаңдағы саны аз ұлттар мектептеріне мұғалімдер мен басқа жоғарғы оқу орындарына оқытушылықпен шұғылданатын тілші, әдебиеттанушы оқытушы ғалымдар оқытып шығарумен қатар, «Ұлттар баспасы», «Шыңжаң халық баспасы», «Іле баспасы» сияқты баспаханаларды, «Жүңге ұлттар аударма орталығын» білікті мамандармен қамтамасыз етуге қол жеткізді.  Сонымен қатар «Шыңжаң», «Алтай», «Іле» телевизиялық орталықтары мен «Орталық ұлттар радио станциясы», «Шыңжаң халық  радио станциясы» және осында қазақ тілінде шығатын екі газет пен бес журнал секілді бұқаралық ақпарат құралдарына журналистер  дайындау жолындағы міндеттерді қоса атқарды.

Осындай тарихы бар факультет бүгінде Қытай еліндегі қазақ диаспорасының тарихы мен тағдырын, әдеби мұрасы мен өнер-мәдениетінің жоқшысына айналған ғылыми және рухани орталық болып отыр. Оның бүгіндегі факультет деканы  – қазақ тілі грамматикасын зерттеуде білгір ғалым, қазақша мақалдап сөйлегенде кез келгенді жаңылдыра алатын, ф.ғ.д., профессор Жан Динжиң. Факультет партия ұйымының хатшысы,  жүнгедегі ұлт әдебиетінен білікті ғалым ф.ғ.д., профессор Мұқтар Әбілхақ екеуі оқу орнының қарыштап дамуына еңбек жасап жүр. Бірі – ханзу, бірі – қазақ осы екі азамат факультет басшылығына келгеннен бері Қазақстанмен ғылым-білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту ерекше өркендеді. Факультет Германия, Аустрия, Жапония, Ресей, Швеция,  Қазақстан мемлекеттерімен тығыз байланыс орнатып, мамандар  дайындаудың әлемдік аренадағы арнада деңгейінің жоғарылауын жүзеге асырды.

Жер шарында «Қазақ тілі мен әдебиеті» деп аталатын осы жалғыз  факультетте бүгінде «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» атты екі кафедра жұмыс жасайды. Меңгерушілері – ф.ғ.д., профессорлар Б.Шөкеев пен М.Әбілхақ.  Екі кафедраның профессор – оқытушылар ұжымы  13 білікті мамандар алқасын құрайды. Факультетте бакалавр  бойынша 200-ден астам студент білім алса, магистратура мен докторантурада 50  шәкірт ғылым жолына ұмтылуда. Тәлім алушылардың негізгі бөлігі қазақтар болғанымен, ұлты ханзу (қытай) және ханзу тіліндегі мектептерде  оқыған өзге жұрт  өкілдері де білім алып жүр.  Факультет олардың қазіргі таңдағы білім мен ғылымды игеруі үшін заманауи озық технологиялық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіп, нақты барлық жағдай туғызған. Әр жыл сайын толық курста үздік оқитын 3 студент шетелдерден білім алып келуіне жағдай жасап, олардың барып оқып қайтудағы барлық қаражат шығынын  университет өз мойнына алған. Оқу үдерісі мен ғылымға бейімділігімен танылған студенттерге мемлекет тарапынан оқуға жәрдемдесу мақсатындағы әр түрлі дәрежедегі 14 бірдей  ақшалай сыйлық қаражаты берілуі де факультет шәкірттерінен жоғары деңгейдегі білімді маман дайындап шығару мақсатында ұйымдастырылған.  Университет жоғары деңгейде білім беруде негізінен ханзу иероглифі және араб графикасына негізделген төте жазу алфавитімен жазылған оқулықтар мен ғылыми еңбектерді пайдаланады. Сондықтан факультет  ұжымы Қазақстанда кириллицамен, яғни орыс алфавитімен шығатын кітаптарды араб графикасындағы  қазақ тілінде  шығару арқылы  студенттерге білім беру мазмұнын тереңдету мен филологиялық ғылымдарға бағыттауда  өлшеусіз еңбек жасап жатқанын атап айту ләзім.

Бұл Минзу университетінен жылына ондаған монографиялар мен жүздеген ғылыми-танымдық мақалалар жарияланып жатады. Іс жүзінде қазіргі таңда Қытай қоғамдық ғылым саласында Орталық Азияны зерттеу жаңа бір ғылыми зерттеу тармағы ретінде қалыптасып кетті. Бұл сала бойынша мамандар дайындаудың жаңа жүйесі жасалды. Оны Бейжің Орталық Ұлттар университеті атқарады. Олар баклавриат, магистрант және PhD докторант дәрежелері бойынша Орталық Азия елдерінің тілін және орысшаны меңгерген маман кадрлар дайындауда. Қытай зерттеушілерінің арнаулы тақырыптарда жүргізген зерттеулерінің ақырғы нәтижелері жеке монография немесе ғылыми мақалалар жинағы болып баспалардан басылып шығып жатыр. Сол еңбектерді тұтастай саралап қарайтын болсақ, олардың Қазақстан және Орталық Азияны зерттеу үдерісін және зерттеу тенденциясын анық байқауға болады.

Қазіргі таңда Орталық Ұлттар университеті (Минзу) Қазақстанның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Еуразия ұлттық университеті, Абылайхан атындағы халықаралық қатынас және шет тілдер университеті, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеттерімен өзара ынтымақтастық пен сабақтастық туралы жасасқан ғылыми меморандумдар мен келісімшарттар негізінде жұмыс жасауда. Бұл  халықаралық байланыстар бойынша осы ЖОО-ларымен іс-тәжірибе алмасу арқылы біліктілікті арттыру мен ғылыми өзара ғылыми шығармашылықты нығайту, академиялық ұтқырлықта студенттер мен оқытушылар алмасу арқылы дәрістер жүргізу, ғылыми конференцияларға қатысу мен ұйымдастыру сияқты көкейкесті мәселелер өз шешімін тапты. Осындай жүйелі ұйымдастырылған жұмыстар нәтижесінде бұл университеттерден академиктер С.Қасқабасов, Д.Қамзабекұлы,  ф.ғ.д., профессорлар Т.Жұртбай, Б.Момынова, Г.Смағұлова, Д.Қамзабекұлы, Ө. Әбдиманұлы, Т.Тебегенов,  Ж.Жақыпов, С.Жұмағұлов  сынды тағы басқа жиырмадан астам  ғалымдар Пекинде дәріс оқып, тәжірибе алмасты, көкейкесті тақырыптардағы бірнеше бірлескен халықаралық  ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Бұлардың қатарында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың ф.ғ.д., профессорлар – осы жолдардың авторы мен Ж.Жарылғаповты да атауға болады.

ҚХР Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетімен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына заман талабы қажет етіп отырған мамандар дайындау жолындағы академиялық және ғылыми байланыстарды жетілдіру жұмыстары жаңашыл мәнге ие. Әлемдік дәрежеде танылып, халықаралық беделге ие болған Қазақстан Республикасының  көші-қон туралы саясатының басты мақсаты да   ұлттық рухты сақтап қалу арқылы ата мекенге оралушылардың табиғи болмысын орнықтыру және байыту, қоныстандыруды оңтайландыру және ынталандыру. Бұл бағытта жасалып жатқан Қазақстан ғалымдарының осы жұмыстары екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолында ғана емес, Қытайдағы қазақ диаспорасына бүгінде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылып отырған Қазақстанның  ғылымы мен білімінің,  өнері мен мәдениетінің озық жетістіктерімен  таныстыру, үйрету мен өзара бірлестіктегі ғылыми зерттеулер жүргізуге ден қоюда.

Жандос Смағұлов,

ҚарМУ-дың филология

 ғылымдарының докторы,

профессоры.

СУРЕТТЕ: Факультет деканы филология ғылымдарының докторы, профессор Жан Динжиң және партия ұйымының хатшысы,  филология ғылымдарының докторы, профессор Мұқтар Әбілхақ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button