Бас тақырып

Жаһан қауіпсіздігінің қалқаны

Рух. Бірлік. Жасампаздық. Елорда. Бұл – Тәуелсіздік ұғымының киелі төрт босағасы. Дәл осы төрт босағасы берік елдің Тәуелсіздігі де баянды болмақ. Рухымыз – берік, бірлігіміз – бекем, жасампаздығымыз – алты құрлықтың назарында. Ерке Есілдің жағасынан осыдан ширек ғасыр бұрын сән-салтанатымен бой көтерген Елордамыз Отанымыздың жүрегіне, елдігіміздің тірегіне айналды.

Бүгін – еңселі Елордамыздың, айбарлы Астанамыздың туған күні! Жалпы, Астана сөзі көне парсы тілінен аударғанда «киелі орын», «босаға» деген мағынаны білдіреді екен. Ал, біздің Елордамыз Қазақстан үшін ғана емес, барша әлем елдері үшін киелі орынға айналғалы қашан…

Астана – еліміздің бас қаласы һәм адамзат құндылықтарының қалқаны. Дауыңыз бар ма? Ал, біздің дәлеліміз бар!

Қазір әлем «жаңа дағдарыстар» дәуірінде ауыр тыныстап тұр. Кешегі Covid-19-дан кейін де адамзатқа бірігу тенденциясын емеурін еткен ереуілдер мен қарулы қақтығыстар жер планетасындағы тілі бар халыққа «қауіпсіздік» сөзін жиі қайталата бастады. Әсіресе, кейінгі жылдары ұйқымызды қашырып, күлкімізді сап тыйған жаһандық дағдарыстар мен саяси текетірестер қауіпсіздік мәселесін алдыңғы орынға шығарып отыр. Осы орайда, алты құрлықты мекендеген «алаң да, алаң, алаң жұрттың» ат басын тіреп, ақыл қосар, ақылдасар алаңы біздің Астана болып отырғаны әрбір қазақстандықтың мақтаныш сезімін ұялататыны даусыз.

Адамзат тарихында әртүрлі сипаттағы (қаржылық дағдарыс, саяси дағдарыс, т.б.) дағдарыстар қайталанып отыратынын айтады саясаткерлер мен әлеуметтанушы ғалымдар. Иә, Жер-Ананың төсінде тіршілік демі сезілгелі бері адам баласын тығырыққа тіреп, құндылықтарымызға қол сұққан қаншама дағдарыстың болғаны тарихтан белгілі. Біздің буын сол дағдарыстардың ең күрделісін басынан өткеріп отыр.

Әңгімені дағдарыстың пайда бо­лу шарттарынан бастасақ, тым ұзақ­қа көсіліп кетерміз. Салдары ту­ралы бірер сөз сабақтап, әлемді әбі­гер еткен жаһандық дағдарыс­тың тамырын басып, түйінін тарқатқан Астанамыздың абыройына ойысалық…

Дағдарыс салқыны. Ол не? Бү­кіл адамзатқа ортақ игіліктің де дағдарысқа себеп, толқуға негіз болатынын көріп отырмыз. Мәселен, мемлекеттер арасындағы еркін сауда айналымы, жаһандық инвестиция, инновациялық бәсекелестік дегендеріңіздің өзі жіктелуге алып келіп, геосаяси ахуалды күрделендіре бастайды екен. Даудың соңы, державалар арасындағы қақтығыстың түйіні «санкция» деген салқын үрдіске алып келіп жатыр. Санкцияның сал­қыны саяси һәм экономикалық дағ­дарыстың дақпыртын күшейтуде.

Күні кеше ғана, 8-9 маусымда Елорда төрінде жаһандық сын-қатерлерді таразылаған Астана Халықаралық форумы Қазақстан бас қаласының әлемдік деңгейдегі ашық диалог алаңына айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай: бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтас­тық рухында диалог арқылы қарсы тұру; төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту, – деген еді. Осылайша, біздің Астана төрткүл дүние алдында төрелік айтып, бітімгерлік миссиясын абыроймен жалғастырды. Иә, біздің Астана жұмыр жерде сәні мен салтанаты жарасқан арман қала болумен қатар, төрелігіне жүгінген елдің жүгін жеңілдетер жаһандық құндылықтардың қалқанына айналды.

Биылғы форум Астана төрелік айтқан бірінші жиын емес. 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де әлем алпауыттарының ақылмандары Ас­та­наға жиналып, Еуропаны есеңгіретіп, Азияны абдыратып тастаған дағдарыс дауылына тосқауыл болар тобықтай түйінді Есілдің жағасында айтқан-ды. Одан кейін 2010 жылы ЕҚЫҰ сынды халықаралық беделді ұйымның төрағалық тізгінін ұстап, сол жылы Астана төрінде 56 мемлекеттің өкілдері бас қосқан саммит салтанат құрғаны жадымызда мәңгі жаңғырар оқиға болған. Бір емес, бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын өткіздік. Осыдан кейін төрткіл әлемнің төбе биіне айналып, алты құрлықты аузына қаратқан Астанамызды күлтөбеге балай аламыз ба? Жоқ, әрине. Қазақстан Астанасы – күлтөбе емес, жаһандағы экономикалық ахуалдың күретамыры, адамзат құндылықтарының қалқаны! Мұндай тарихи жауапкершілікті бірлігі мызғымаған, рухы асқақ, қилы-қилы кезеңдерден сүрінбей өтіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ сынды қайсар елдің бағаналы орда, басты ордасы ғана абыроймен атқара алады. Біз – осындай жасампаз елдің азаматымыз!

Келешегі – кемел, ертеңі – нұрлы Қазақстан мемлекетінің әлемдік аренадағы абыройы да, ары, беделі де, бағы – Астана қаласы. Елорда – Еуразия жүрегі. Кәрі құрлықтың тамырына қан жүгірткен жүрегі мәңгілік соғуын тоқтатпаса екен! Ұлтымыздың ұясы, Қазақстан секілді қыран елдің тұғыры болған айбынды Астана, еңселі Елордамыздың мәртебесі биіктеген сайын Тәуелсіздігіміз мәңгі жасайтыны һақ.

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button