Облыс әкімдігінде

Жаңаарқада қанатқақты жоба іске қосылды

Жаңаарқа ауданында «электронды бақташы» жүйесі енгізіледі. Бұл жануарлардың жолға шығып кетуінен болатын жазатайым оқиғаларды азайтуға көмектеседі. Пилоттық жоба туралы онлайн режимде өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. Сұрақтардың басым бөлігі жол қауіпсіздігіне қатысты болды.

Көбінесе апаттар жануарлардың жолға шығуынан орын алатыны айтылды. Республикалық трассаларда торлы қоршаулар орнату жалғасуда. Сондай-ақ, жайылымдарды қауіпсіз жоғары кернеулі сыммен қоршау туралы шешім қабылданды.

Республикалық маңызы бар жол өтетін елдімекендерде жаяу жүргіншілер өткелдерін прожекторлармен жарықтандыру жоспарланған. Жол белгілерін жол бөлігіне проекциялау жүйесі түнгі уақытта «зебраны» қауіпсіз етеді деп күтілуде. Қарағандыда 2022 жылы 18 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан бағдаршамдарды басқару жүйесін ауыстыруды бастау жоспарлануда.

Қарағанды-Теміртау жолы қосымша жарықтандырылады. Шамдарды орнату мәселесі мердігердің жоқтығынан туындады. Осы кезеңде жарық жабдықтарының бір бөлігі істен шықты. Қазір шамдардың 50% қалпына келтірілді, қалғандарын жақын арада ретке келтіру көзделіп отыр.

Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллиннің айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеуге арналған жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер өз тиімділігін көрсетті. Олар 1 қазанда облыстың бес қаласында орнатылды. Төрт күн ішінде 14 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бейнебақылау камераларын қосымша қаржыландыруды қарастыруды тапсырды. Аймақ басшысы бұл қадам автокөлік жүргізушілерін тәртіпке келтіретінін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button