Жаңа жобалар жұмыссыздықты жояды
Былтырғы жылдың ІV тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды көрсетті. Яғни, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 456,1 мың адам – жұмыссыз мәртебесіне ресми ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды кампаниясында жұмыссыздықпен күресті күшейтуді басты міндеттердің қатарында атады. «Экономиканың барлық саласында тұрақты жұмыс орындары ашылады. Барлық өңірді кешенді дамытуға ерекше назар аударылады», – деді.
Билік жұмыс орындарын құруда жаңа жобаларға арқа сүйеп отыр. Инвестор шақыру ісі ширады. Мәселен, былтыр бір ғана Қарағанды облысында 12 жоба жемісін берді. Құйылған қаржы – 259,2 млрд. теңге. Биылғы жоспар да ауқымды…
Жаңа жұмыс орнын ашуда инвестиция ауадай қажет. Мемлекет басшысы кемінде 150 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды тапсырды.
Президент тапсырмасына сәйкес, Инвестициялық штабтың отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов биыл Үкімет алдында экономикаға 24,4 млрд. АҚШ доллары сомасында инвестиция тарту міндеті тұрғанын мәлімдеді. Ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Отырыста Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,1 трлн. теңгені құрағанын айтты. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артық көрсеткіш. Мұнда жылжымайтын мүлік бойынша жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймада сақтау сияқты салаларда өсім тіркелді.
Көп қаржы салған елдер тізіміне Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия енді. Бұл елдердің Қарағанды облысында ашылған зауыт-фабрикаларда да үлесі айтарлықтай.
Былтыр ашылған кәсіпорындар Саран индустриялық аймағы мен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен. Себебі, мұнда қолайлы экономикалық климатпен қатар, өндіріс тұрғызуға қажетті инфрақұрылым түгел тұр.
Бес жобаға шетелдік компаниялар қаржы салды. Бұлардың қатарында Түркия, Иран, Ресей, Швейцария инвесторлары бар. Облыстың өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жобалар нәтижесінде 1,8 адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Айта кетейік, Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың қорытындысында 4,3 пайызды құрады.
Жаңа кәсіпорындар туралы бірнеше мәрте газет бетінде жаздық. Сондықтан, қайталап дәмін кетірмейік. Ал, биыл құны 163,8 млрд. теңге болатын 11 нысан іске қосылмақ. Отандық компаниялар қатысатын жобаларда Қытай мен Өзбекстан инвесторларының да үлесі қомақты.
Нақтылап айтсақ, арнайы кокс зауыты жұмысын бастайды. Құны – 60 млрд. теңге. Жылдық қуаты – 109 мың тонна. 261 адам жұмыспен қамтылады.
Жел энергиясын өндіретін қондырғыларға қажет конусты мұнаралар жасау қолға алынады. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, құны 33,6 млрд. теңге болатын кәсіпорын жылына 40 мұнара шығарады. 168 адам жұмысқа орналасады.
Өзбекстандық инвестордың күшімен тұрмыстық техника зауыты жұмысын бастайды. Жоба 24,9 млрд. теңгеге бағаланды.
І сұрыпты әктас өндіретін зауытқа 20 млрд. теңге қаржы тартылды. Сарыопан кен орнында тұрғызылуда. Жылына 300 мың тонна өнім беруге қауқарлы зауытта 105 адам еңбек етпек.
Қытай бизнесмендері өндіріске арналған жарылғыш заттар зауытын іске қоспақ. 9 млрд. теңге қаржы құйды. Жүз адамды еңбекпен қамтуы тиіс кәсіпорын бір жылда 40 мың тонна өнім береді.
Отандық компания санитарлық-гигиеналық қағаз өнімдерін шығаруға кіріспек. 5,74 млрд. теңгеге бағаланған жоба арқылы 100 адам жұмысқа орналасады.
«Қамқор» кен орнын игеруге 4,5 млрд. теңге қаржы құйылды. Инвестор бұл жерден жылына 1 млн. тонна кен мен 64 мың тонна концентрат алуға жоспар құруда.
Сондай-ақ, полимер материалдардан сантехникалық бұйымдар зауыты, «Дирексил» коксы өндірісі, селенді шақпақтау цехы, қымбат металды шлакты өңдеу цехы іске қосылады.
Аталған жобалар толық жүзеге асқанда бір мыңнан аса адам тұрақты табыс көзіне ие болады
Нұрқанат ҚАНАПИЯ,
Оrtalyq.kz