Жаңа заманға лайық білім

Халықтың білім деңгейі – мемлекеттің қазығы, сондықтан, білім беру жүйесі мемлекеттің адами капиталының даму индексін құрайтын негізгі фактор болып табылады. Қазіргі технологиялық заманда өзгерістер өмірдің барлық саласына енуде. Ол өзгерістер білім беру саласын да қамтиды. Жаңа заманда балаларды ескі жүйемен оқыту арқылы болашаққа дайындау мүмкін бе? Ойланып көрелік…

Көрнекі сурет

Қазір айтылып жүрген сындарға қарасақ, көпшілігіміз өткенді аңсап, бұрынғы білім жүйесінің қалғанын қалайтынымыз байқалады. Ол – психологиялық заңдылық та, бұрынғының барлығы – белгілі, үйреншікті болғандықтан сенімді; жаңаның барлығы түсініксіз болғандықтан, күмәнді. Дегенмен жаңару, даму – өмір заңдылығы. 
Өміріміздің барлық саласы өзгеруде: өндірістік, ақпараттық құралдар, көлік инфраструктурасы, тұрмыстық техника, сауда-қаржы жүйесі, т.б. Осы өзгеріп жатқан әдемде білім беру саласының артта қалуы қаншалықты дұрыс?!
Егер КСРО кезінде 1936 жылдан бастап педагогикалық психология ғылым ретінде жоққа шығарылып, оқыту әдістемесі тақырыпты лекция түрінде түсіндіру, ақпараттың есте сақталуын фронталды жауап алу арқылы тексеру басым болды. Мұнда күтілетін нәтиже  білім алушылардың нақты берілген нұсқау бойынша ойлап, қызмет етуі болса, қазіргі білім беру жүйесіндегі мақсат – сабақта қолданылатын сыни ойлау әдіс-тәсілдері арқылы оқушылардың шығармашылық әлеуеттерін арттыру.
Сондықтан да, қазіргі білім беру жүйесіндегі мұғалімдер үшін басты жаңалық пән, психология мен педагогиканың тоғысуында жатыр. Сөйтіп Қазақстандағы жаңартылған білім беру мазмұны да психологияға қарай бет бұрып, оқытудың жаңа белсенді әдіс-тәсілдерін қолдануды көздейді. Ондағы басты мақсат – бала алдында мәселені қоя отырып, шешімді өзіне іздету арқылы сыныптағы әр оқушының оқу мақсатын меңгеруін қамтамасыз ету және бала миының қызметін ақпаратты жаттау дағдысынан мәселені жан-жақты талдап, қорытынды жасауға машықтандыру. Экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани тақырыптарды қамти отырып, балаларды шынайы өмірге дайындайды. Мысалы, түрлі келісім-шарт, есеп, мақала, эссе, ресми хаттарды түсіну, әзірлеу, талдау – өмірде қажетті дағдылар. Бұл болашақта банк, заң салаларының қызметіне жүгінудің, олардың терминдерін түсінбеудің нәтижесіндегі өкінішті салдардың алдын алуға, бір сөзбен айтқанда, шынайы өмірге дайындау. 
ХХІ ғасырда сананы басқарудың түрлі әдіс-тәсілдері күрт дамуда, ол ғаламтор, бұқаралық ақпарат құралдары, жеке тұлғалардың қаруына айналып отыр. Заманның осы ерекшеліктерін ескере отырып, балаларымыздың болашақта түрлі секта, ағым, ұйымдардың қуыршағына айналмауы үшін каптаған ақпараттарға талдау жасап, қажеттісін іріктей алуға икемдеу – жаңа білім беру жүйесінің міндеті. Әдістемелік материалдардың да жетіспеушілігі сипатындағы кедергілер де уақыт өте келе шешілетіні айқын. Жоғары оқу орындарының, Назарбаев мектептерінің тәжірибелері жан-жақты енгізілуде. Бұл да әдістемелік жағынан зор қолдау. 

Әсем ҚЫЗЫР ОВА,
С.Саттаров атындағы
№ 57 мектеп лицейдің қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.