Жас өрен Жайық Бектұров есімін ұлықтады
Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында іс-шара ұйымдастырылып, журналист ретінде шақырылдық. Кіреберісте арнайы шақырылған мектеп оқушылары арасындағы әңгімені құлағым шалып қалды. «Ж.Бектұров. Аты кім сонда? Бұл өзі кім?» деді бірі. Екінші логикасына салып, «есімі кітапханаға берілген. Жазушы, немесе ақын шығар?» деді. Сұрасам, 7-8 сыныптың оқушылары екен. Олар – жаңа толқынның, жаңа буынның өкілдері. Нағыз білімге, танымға қызығатын шақтары. Әрине, оларды Жайық Бектұровты білмегендері үшін кінәлай алмадым. Қайта, көңіл аударып, қызығушылық танытқандарына ішім жылыды. Кінә, мына бізде, алдыңғы толқында. Қасиетті ұлттың мұраты жолында ғұмырын арнаған, тағдыр салмағын көтерген ұлы тұлғаларды бізге өз уақытында насихаттады. Аз-кем болсын білдік, түсіндік. Ендігі кезек бізге келіп тұр. Бірақ, біз Жайық Бектұровты өз деңгейінде дәріптей алмай жүрген секілдіміз. Манарбек Ержанов көшесінің бір тасалау тұсына орналасқан кітапханада ғана қалып қойған сияқты.

Кеше ғана Тәуелсіздіктің 34 жылдығын атап өттік. Ту көтердік, «елім, жерім, азаттығым» деп емірендік. Алаш зиялыларын еске алып, рухтарына әркім шамашарқынша тағзым етті. Аза тұтайық па, мерекелік көңіл күймен жүрейік пе, соны ұқпай жүрген елді де көрдік. Бұл – енді басқа әңгіме. Бір өкініштісі – Манарбек Ержанов көшесінің елеусіз тұсында есімі берілген кітапханада Жайық Бектұров елеусіз қалып қойды. Мерекелеу де оңай ма? Даурығып жүріп, ұрандатып жүріп біршама дүние көзден қалып қоятыны да жасырын емес.

Біздіңше, Жайық Бектұровтың есімін ұлықтау тың тыныс алуы керек. Өйткені, Жайық Бектұровтың өмір жолында, шығармашылығында Алаш жұртының азаттық жолында аянбай күрескен XX ғасырдың тұтас һәм боямасыз тарихы жатыр. Ол бала кезінде-ақ тарихқа сан-қилы бұрылыспен жазылған Қазан төңкерісін өз көзімен көрген. Қазақтың байларын қудалаған кезеңде жиырмаға таяған бозбала еді. 32 жылдың қасіретті ашаршылығы да, 37 жылдың саяси қуғын-сүргіні де көз алдында. Соның бәрі қалдырған мұрасында. Ұлт зиялылары Әлихан, Міржақып, Мағжан, Ахмет, Жүсіпбек, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен тағдырлас, мүдделес болған. Тілхат алысып, азаттық жолындағы күрестің азабын тартқан заңғар тұлға. «Тағдыры қиын талант», «Батыр Баян және Мағжан», «Ақан сері және Мағжан», «Мағжанның анасы мен жұбайы» атты еңбектер Мағжан Жұмабаевтың ғұмырына қатысты жазылған. Мағжан арқылы сол қилы кезеңнің оқиғаларын баяндайды. Алаш зиялыларының ел мұраты жолындағы күрестері де қамтылған. «Кенесары керуенінде», «Осы екен самұрықтың өлген жері», «Киік» сияқты шығармалары да өткеніне қайырылып, содан сабақ алғысы келетін ұлттың ұрпағын саналы ету үшін ауадай қажет.
Жайық Бектұровқа «Анамыздың әлдиіндей, өзіңіз құлағымызға құйған анау Ахметтің, Шәкәрімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Сәкеннің тағдырларын елестетіңізші! Сіз сол арыстардың көзі болып, сөзі болып, өкше басар ұрпағымызбен жалғастыңыз…» деп еді Ақселеу Сейдімбек. Жайық Бектұровтың өнегелі ғұмырына, халқының тарихын түгендеуде, сол жолда кешкен қилы тағдырына жүрек көзін бұрып, ой алсаңыз, ол елеусіз қалатын көптің бірі емес. Азаттықпен бірге Алаш тақырыбы қалай насихатталса, дәл солай Жайық Бектұровтың да есімі ұлықталғаны абзал. Бұл – жаңа толқынның алдындағы асыл парыз. Мына жарық жалғанға кім келіп, кім кетпей жатыр?! Бірақ, адамды адамзаттың, соның ішінде, туған халқының игілігі үшін атқарған еңбегіне қарап бағалаймыз, биігіне көтереміз.
Бізден кейінгі, тіпті, солардан кейінгі толқында XX ғасырдағы тарихтың ақтаңдақтарын ашу үшін бәрібір осы Жайық Бектұровтан айналып кете алмайтыны анық.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



