Бас тақырыпОблыс әкімі

Жаңа құрам іске кірісті

Өткен аптаның сейсенбі күні облыстың Қоғамдық кеңесінің жаңадан сайланған құрамы алғашқы ұйымдастыру отырысында бас қосты. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ, облыс әкімінің орынбасары Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алқалы басқосуды Серік Өтешов кіріспе сөзбен ашып, маңызды қоғамдық құрылымның мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы өзара тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз етудегі тиімді тетікке айналып үлгергенін атап өтті. Жаңа құрамның қызметіне толымды табыс тіледі.

Қоғамдық кеңестің төрағасын сайлау мәселесі бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, кеңес мүшесі Қадиша Оспанова енгізген ұсыныс негізінде Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерқара Аймағамбетовтің кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.

Одан кейін отырысты жүргізу тізгінін жаңадан сайланған төраға өз қолына алды.

Ерқара Балқараұлы үлкен сенім артып, аталған құрылым төрағасының орынбасарлығына ұсынған кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Серік Төрегелдин мен «Намус» әзірбайжан этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Любовь Қуанышбекованың кандидатуралары Қоғамдық кеңес мүшелерінің тарапынан қолдау тапты.

Басқосу барысында сондай-ақ, салалық бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін комиссиялардың төрағасы лауазымдарына ұсынылған кандидатуралар да талқылаудан өтіп, сайланды. Енді бюджеттік комиссияны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, құқық мәселелері жөніндегі комиссияны ішкі істер қызметінің ардагері Николай Калашников басқаратын болады. Ал, азаматтардың арыз-шағымдарын қарастыру комиссиясының тізгінін мемлекеттік қызмет ардагері Кәрібай Шушиков ұстаса, қоғамдық бақылау комиссиясын басқару құзыреті Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтановқа берілді.

Бұдан тысқары, Қоғамдық кеңес мүшелері кеңес президиумы құрамына да дауыс берді. Соған сәйкес, президиум мүшелері болып облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов, облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов, ҚЭУ ректоры, кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов, кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Серік Төрегелдин, «Намус» әзірбайжан этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Любовь Қуанышбекова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, ішкі істер қызметінің ардагері Николай Калашников, мемлекеттік қызмет ардагері Кәрібай Шушиков, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов және Қазақстан қолөнершілер одағы төрағасының орынбасары Наталья Вшивцева сайланды.

Жиын түйінінде Қазақстан Республикасы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы негізінде және ел Үкіметінің Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ережесіне сәйкес, облыстық Қоғамдық кеңестің бұған дейінгі құрамының өкілеттілігі тоқтатылғаны туралы қаулы таныстырылып, назарға алынды.

Осы орайда жоғарыда аталған Заң талаптары аясында Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын іріктеу мен сайлау үдерісі барлық қажетті шарттылықтарды сақтай отырып ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Іріктелген жаңа құрам облыстық мәслихаттың биылғы жылдың 28 ақпаны күні өткен ХХІІІ сессиясында бекітілген болатын.

Өздеріне жүктелген міндеттерді абыройлы атқаруды меже тұтқан Қоғамдық кеңес құрамында 39 адам бар, олардың 31-і – ер-азаматтар, 8-і – қызкеліншектер. Екеуі 18-29 жас аралығында, яғни, жастар санатына жатса, басқалары өмір тәжірибесін өткерген ересек адамдар.

Сөз орайы келгенде, жаңа құрамда мемлекеттік органның, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, кәсіподақтардың, мәслихаттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, этно-мәдени бірлестіктердің, кәсіпкерлік құрылымдарының өкілдері және қоғам қайраткерлері бар екендігін айта кеткен жөн.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Back to top button