Ресми

Жаңа орталық дәстүрді дәріптейді

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай, қала орталығында «Dástúr» этно-мәдени өнер орталығы есігін айқара ашты. Игі шараға облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов және мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының мүшелері қатысты.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Аталған орталық жетекшісі танымал әнші, облыстық мәслихаттың депутаты Меруеш Башай ұлттық өнер атаулысының мәні зор екендігін мәлімдеді. Жастарға елдің байырдан келе жатқан төл құндылығын сіңіру әруақыт маңызды. Алдағы уақытта орталықтың қанаты кеңейіп, өңір-өңірде ұмыт бола бастаған салт пен дәстүр, қолөнерді жаңғыртуға яки кәсіп қылуға септігін тигізбек. Бұл орайда, рухани тұрғыдан ұлт тәрбиесі мен музыкалық құндылығын да жоғалтпау мақсаты жатыр. Аталған этно-орталықтың ашылуына дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жергілікті филиалы жан-жақты атсалысты.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов өз кезегінде көктемнің алғашқы күнін бірқатар соны істермен сәтті қарсы алып тұрғанын тілге тиек етті. Қазақстан халқының мәдени байлығы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ежелгі дәстүрлерді, бірегей әдет-ғұрыптар мен даналықты бейнелейді. Этно-мәдени құндылықтар ел бірегейлігін қалыптастыратын және әлемнің мәдени ландшафтын байытатын баға жетпес мұра екендігін қаперге салды.

– Қазақ халқының қолөнері қағаберіс қалмауы абзал. Ұмытылмағаны ләзім. Бұл орталық тек тәрбиемен ғана шектеліп қоймай, төлтума дүниелерімізді жаңғыртумен тікелей айналыспақ. «Отыз игі іс» науқанының шеңберінде төбе көрсеткен өнер мен мәдениеттің төрі кең болсын! – деді құттықтау сөзінде Нұркен Сайфиддинұлы.

Шараға арнайы ат басын тіреген AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков жылы лебіз білдірді.

– Дәстүр мен ғұрып – ұлттың туабітті асыл мұрасы. Халықтың кес­кін келбеті. Алғыс айту күнінде келген ақжолтай ақпар жұртшылық жүрегінен орын алсын. Дәстүрін дәріптеген ұрпақ қуатты болары һақ. Бүгінде 36 000 мүшесі бар партия атынан құттықтауымызды қабыл алыңыздар. Партиялық жобаларды іске асыру жолында республикалық партиялық штабтың төрағасы, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы және депутаты Ерлан Қошановтың тікелей тапсырмасы негізінде ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндықтар әлеуетін көтеру, қолөнерін дамыту мақсатында игілікті бастама іске сәтті асырылды. Өткеніміз бен келешегіміздің арасындағы жауһар дүниелерімізді дәріптеу жаңадан жалғасын таппақ. Орталық ордалы болсын! – деді Бекзат Қомарұлы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button