Жаңа мазмұн жаңа міндет жүктейді

«Жақсы ұстазға қандай қасиеттер тілеуге тиіспіз? Өзінің оқытатын пәнін терең білуді, адал да сезімтал жан дүниесі болуын…»

Дени Дидро,

француз философы.

    Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5 институттық реформаны жүзеге асыру жө­ніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары республикамызды ұзақ мерзімді тұрақты дамуға жетелейтін сара жол екені анық. Қазақстан Республикасын дамыған отыз елдің қатарына апаратын, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы тұра алатын осы ұлт жобасы ұлтымыздың Мәңгілік Ел болып қалуының кепілі, сонымен қатар, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыратын, еліміздің мемлекеттілігін одан әрі нығайтуға күш беретін жоба. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды істердің бірі – орындалу мерзімдеріне дейін қамтылған Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына өзгерістер енгізілуі және оны жүзеге асыру жолдары. Осы өзгерістерді қолдап, алдын ала шаралар ұйымдастыруда Қарағанды облысының мектептері де белсенділік танытуда.

     Жаңа оқу жылынан бастап жұмысшы мамандықтарына тегін оқыту, қосалқы оқыту жүйелерін енгізу, мектептегі білім берудің жаңа мазмұнына өту, ҰБТ-ның жаңа форматына көшу, оқушыларды бірыңғай мектеп формасына көшіру шаралары іске аспақшы.

     Бұл өзгерістер не үшін қабылданып жатыр? Бұл бізге не береді? Еліміздің даңқын аспанға көтеріп, әлемге танытып жүрген ғалымдарымыз, батырларымыз, қайраткерлеріміз қандай білім алып еді? Біздегі қалыптасқан білім беру жүйесі кімдікінен кем еді? Жаһандану жағдайында білім беру үдерісіндегі өзгерістерге психологиялық тұрғыдан тез икемделу оңай шаруа емес. Сондықтан, біз жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мен интеграциялануы, бәсекеге қабілеттілігі оның білім, ғылым қуатымен анықталатынын білуіміз керек. Түпкі мақсатымыз – білімге қызығушылығы жоғары оқушылармен жұмыс істеу барысында олардың бойында қоғамның саяси-экономикалық, әлеуметтік саласына деген таным негізін қалыптастырып, өзінің отбасынан бастап, айналасының, жалпы қоғамның әл-ауқатын сараптай алатын, ұлтжанды тұлғаны дайындау.

    Қазіргі таңда әлем мемлекеттері, олардың білім беру жүйелері жаhандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жалпы әлемдік бәсекелестігіне негізделген жаңа стратегиялары мен бағдарламаларын ұсынып жатыр. Біздің еліміз де білім саласындағы жаңа ойлар мен жаңалықтар толқынын қабылдай отырып, әлемнің бейбіт дамуының үдесімен үндесуге бағыт алды. Облыс ұстаздары бұл туралы «Білімді ел – Мәңгілік Ел» атты тамыз педагогикалық кеңесінде жан-жақты ойларымен, пікірлерімен бөліскен еді. Әрине, әлемдік үдерістен қалуға болмайтын мұндай ізгі шараны жаппай қолдауымыз қажет. Біріншіден, он екіжылдыққа көшу 2019 жылы толық аяқталады, 2020 жылы барлық мектептер он екіжылдық оқу бағдарламасына көшеді. Екіншіден, білім еркіндік пен таңдаудың көзі әрі дем берушісі ғана емес, рухани дүниесі бай, сұранысы үнемі көп мамандарды қалыптастыратын факторға айналатыны сөзсіз.

    Меніңше, біздің еліміз, қоғамымыз таң қаларлық жылдамдықпен алға басып келеді. Бұдан жиырма бес жыл бұрын бізді кім таныды? Ал бүгін әлемнің түкпір-түкпірі бізді жетекші озық идеяларды туғызушы және іске асырушы мемлекет ретінде мойындап жатыр. Еліміз тоғыз жолдың торабында болғандықтан, әлемнің таңғажайыптары Ұлы Дала төсінде екінші рет өмірге келіп жатқандай. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде әр бағыт бойынша өткізілген халықаралық олимпиадалардың көрсеткіштері бойынша әлем мемлекеттерінің арасында еліміз 1998 жылы 50-ші орыннан, 2005 жылы 35-ші орыннан, 2015 жылы 12-ші орыннан көрінген екен. Мемлекетімізде дарынды ұрпақ баршылық, олардың білім көрсеткіштеріне көз сала отырып, өсіп келе жатқанын анық байқаймыз. Біздің мектептерде жүргізілген сауалнамалардың нәтижесіне сүйенсек, математика+ физика, биология+химия, математика+география, биология+география, шет тілі+тарих, тіл-әдебиет+тарих пәндері кіретін мамандықтарға сұраныстар көп болатын сияқты. Яғни, білім беру құрылымын сақтай отырып, оқушыларды сұранысқа орай іріктей оқытса деген ой туады. Сонда, мектеп бітірушілердің таңдаған мамандығына оқуға түсуіне де және оны бітіріп, алған мамандығына сай орналасуына да ыңғайлы болар еді.

    Біздің облысымыз білім сапасының көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы лекте келе жатқаны белгілі және білім беруді дамытуда жеткен жетістіктері жоғары деңгейде. Десек те, қабылдануы тиіс «Білім туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістерді іске асыруда біраз қиындықтар кездесетінін ұстаздардың пікірлерінен байқауға болады. Айталық, біріншіден, шағын ауылдардың мектептеріндегі балалар ағылшын тілі былай тұрсын, орыс тілін де білмейді. Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады. Үш тілділік енген жағдайда ата-ана шет тіліне көбірек назар аударады. Ал балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыс тілді қазақтар баласына ағылшын тілін үйретуді басты назарда ұстайтын болады. Үштілділік енгізілетін болса, мамандар мәселесі туындайды. Екіншіден, оқу сауаттылығы бойынша тапсырмалар қайдан алынады, жас ерекшеліктері ескеріле ме, қандай мәтіндерге рұқсат етіледі? Үшіншіден, «Алтын белгі» иелеріне және халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарына ҰБТ-да жеңілдік берілгені немесе мүлде босатылғаны абзал. Төртіншіден, функционалдық сауаттылыққа тапсырмалар толық енгізілсе дейміз. Бесіншіден, ҰБТ-ға қарастырылған уақытты тым құрығанда жарты сағатқа ұзарту қажет. Сонымен бірге, тест тапсырмалары кітапшасын қазірден бастап таратқан жөн. Өйткені, бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтарға жауабын алдын ала дайындап, оқушы біраз жаттығуы керек. Бизнеске немесе кәсіпкерлікке бағытталған жоғары сыныптарда курстық пәндер енгізілсе, оқушылар еңбекке ұмтылар, тілді меңгерер, оған қоса экономика мен қарым-қатынас этикасын да қалыптастырар деген ұсыныстар бар.

    Мектептерімізде жаңа өзгерістерге байланысты, оқытудың тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп отырады. Елбасы алға қойған міндеттер заман талабына сай орындалып келеді және орындала беретініне сеніміміз мол.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

(«Егемен Қазақстан»,

7.12.2016 жыл)

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.