Бас тақырып

Жаңа кодекстің жаңалығы неде?

«Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасы елдің үрейін ұшырып, қоғам белсенділерінің қарсылығына тап болды. Әзірлеушілердің айтуынша, құжат еліміздегі медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға оң ықпал етуі тиіс. Ал, әлеуметтік желі белсенділері заң жобасының қабылдануына түбегейлі қарсы шығып отыр. Интернетте жарияланған петицияда аталмыш құжатта балаларға жыныстық сауаттылық жөнінде тәрбие беру, екпе салуды міндеттеу және қайтыс болған адамның ағзаларын жақындарының рұқсатынсыз алу мәселелері қарастырылғаны айтылған. Олар кодекс адамдардың таңдау еркіндігін шектеп, құқығын бұзады деген пікірде. Әйтсе де, жауапты органдардың қарсы айтар өз уәждері бар. Сонымен…

 

ЕКПЕ АЛУ ЗАҢМЕН МІНДЕТТЕЛЕДІ

 Даулы мәселеге орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев пен Қарағанды облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың қатысуымен брифинг өтті. Онда заң жобасындағы өзгерістер туралы баяндалып, өзекті сұрақтарға жауап берілді. Солардың бірі – екпені міндеттеу мәселесі.

– Соңғы үш жылда облысымызда екпеден бас тарту оқиғалары айтарлықтай азайды. Мәселен, былтыр дүниеге келген сәбилердің 93,7%-ы екпе алса, биыл 97,4% екпе салынды. Десек те, екпе алудан түбегейлі бас тартқан тұрғындар да бар. Бұл – дұрыс емес. Өйткені, екпе алмаған адамның инфекциялық ауруға ұшырау қаупі жоғары. Ата-аналар екпеден бас тарту арқылы балаларына қауіп төндіреді. Біз ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Осының нәтижесінде, бұрын екпеден бас тартқан бірқатар азамат пікірін өзгертіп, екпе алды. Ойлап қарасаңыз, екпеге қарсы шыққан жандардың басым бөлігі бір кездері екпе алып, жұқпалы аурудан сақтанды. Бірақ, сөйте тұра өз перзенттеріне мұндай мүмкіндік бергісі келмейді. Бұл әділетсіздік қой, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Жаңа кодекс екпе дауына түбегейлі нүкте қоймақ. Яғни, Қазақстан Республикасы аумағында тұратын азаматтарға жұқпалы инфекциялық ауруларға қарсы екпе алу заңмен міндеттеледі. Ал, сәбилердің екпені уақытылы алу жауапкершілігі ата-аналарға жүктелмек. Осы орайда, қоғам белсенділері екпенің сапасына күмән келтіріп, таңдау еркіндігінің болмауы азаматтардың еркіндігі мен құқықтарын шектейтінін айтуда. Ал, жауапты орган өкілдері бұл пікірмен келіспейді.

– Екпеден бас тартушыларды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: діни сенімдеріне, жеке көзқарастарына және БАҚ таратқан теріс ақпараттарға байланысты екпе алудан бас тартушылар. Мәселен, жекелеген оқиғаларға қатысты жалпы екпенің сапасына күмән келтірушілер бар. Қазақстан Республикасы аумағына әкелінген дәрілердің барлығы тиісті зертханалық тексеруден өтеді. Олардың сапасы қатаң бақылауда. Егер екпе сапасыз болса, онда тұтас халық зардап шегер еді. Сондықтан да, екпеге қатысты бірлі-жарым келеңсіз оқиғаларды оның сапасымен байланыстыруға болмайды. Мұндай қорытынды тиісті зерттеулерден соң барып жасалуы керек, – дейді Қанат Асқаров.

ЖЫНЫСТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ЗАМАН ТАЛАБЫ МА?

Заң жобасында балаларды жыныстық сауаттылыққа тәрбиелеу мәселесі қарастырылған. Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінде қолданысқа енген тәжірибе. Әйтсе де, біздің менталитетіміз бөлек. Әрі Батыс мәдениетінің жағымсыз құбылыстары да бар. Ата-аналарды алаңдатып отырған да осы мәселе.

– Бұл – өте күрделі мәселе. Баланың психологиясын зақымдап алмау қажет. Мұның бәрі ескеріледі. Балаларға тиісті дайындықтан өткен мамандар ғана дәріс оқиды. Әрине, біздің менталитетіміз мұны қабылдамай жатыр. Бірақ, қазіргі жеткіншектердің дүниетанымы бөлек қой. Олар бұл тақырыпты өз беттерімен игеруге тырысады. Ата-аналарынан, туыстарынан сұрауға ұялған дүниені көшедегі ересек балалардан сұрап, интернеттен ақпарат іздеуі мүмкін. Ал, ол ақпараттар қаншалықты дұрыс? Бәлкім, керісінше қауіпті шығар? Сондықтан да, жыныстық сауаттылыққа тәрбиелеу мәселесіне үрке қарауға болмайды. Баланың сұрағына кім-көрінген емес, кәсіби білікті маман жауап беруі керек, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Қазіргі таңда қыз балалардың кәмелет жасына толмай жүкті болып қалу оқиғалары жиілеп кетті. Ерте жүктілік ана мен бала өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әрі оң босағада отырған қыздың тұрмыс құрмай жатып ана атануы ұлттық танымтүсінігімізге де сай келмейді.

Басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, балаларды жыныстық сауаттылыққа тәрбиелеу осы мәселелердің алдын алады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде 16 жаста жүкті болып қалған қыздар ата-аналарының рұқсатынсыз жасанды түсік жасата алатыны туралы ақпарат тараған болатын. Жауапты орган өкілдерінің сөзінше, бұл – жаңсақ пікір. Өйткені, кодексте мұндай ережелер жоқ.

МӘЙІТТІК ДОНОРДЫҢ МӘНІСІ НЕДЕ?

Жаңа кодекс жобасындағы әлеуметті алаңдатқан тағы бір мәселе – мәйіттік донор. Әлеуметтік желі белсенділері адам тірі кезінде донорлықтан бас тартпаса, қайтыс болған соң оның органдарын алуға рұқсат берілгеніне алаңдаулы. Сондай-ақ, құжатта адам ағзаларын шетелге шығарылуы мүмкін екені де айтылған екен. Бұл адам ағзасын саудалауға жол ашып бермей ме?

– Кодекс әлі күшіне енген жоқ. Онда көрсетілген ережелер әзірге ұсыныс түрінде ғана. Егер соңғы нұсқа қабылданған кезде мәйіттік донор мәселесі заңға енгізілсе, оны жүзеге асыру жолдары да қарастырылады.

Бұл кодекстің жобасы әлі талқыланып жатыр. Қазір қайтыс болған жағдайда ағзаларын алудан бас тартқан азаматтардың тізімін жасау ұсынылуда. Кейін адам ағзасын алу қажеттілігі туындағанда осы реестр ескерілетін болады. Бірақ, бұның бәрі әзірге, тек, ұсыныс түрінде ғана. Заңның соңғы нұсқасы қабылданған соң барып, оны жүзеге асыру тетіктері, нормалары мен ережелері бекітіледі, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы адам ағзаларын шетелге шығару мәселесіне де тоқталып өтті. Құжатта адамның ағзалары мен тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерін ел аумағынан тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына, сондай-ақ шетелде тұратын және транспланттауды күтіп жүрген реципиенттерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде, Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегі жақын туыстары мен жұбайына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде, диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде, бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын донордың гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін, донорлық лимфоциттерін шетелде тұратын және транспланттауды күтіп жүрген реципиентке транспланттауды жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылатыны көрсетілген. Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, қазақстандықтардың ағзалары шетелдіктерге саудаға салынады деп қорқуға ешқандай негіз жоқ. Ағзаларды тасымалдау, тек, заң шеңберінде ғана жүзеге асырылады. Әрі ағзаларды донор қажет етуші тұлғаға жеткізудің өзіндік машақаты көп. Ол үшін арнайы технология қажет. Мұның бәрі ағзаларды шекарадан заңсыз алып өтуге тосқауыл қояды. Сондай-ақ, кодекс жобасында тірі және мәйіттік донорлардың ағзаларын саудаға салуға қатаң тыйым салу көзделген.

ЕЛ ПІКІРІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Кодекс әлі қабылданған жоқ. Қазір, тек, талқылау жүріп жатыр. Оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар әзірге, тек ұсыныс қана. Соңғы нұсқа қабылданған кезде олар алынып тасталуы да мүмкін. Жаңа заңда нақты қандай өзгерістердің болатыны қоғамдық тыңдаулар мен сарапшылардың пікірінен кейін белгілі болады.

 – Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген заң жобасы жан-жақты талқылауға ұсынып отыр. Біз үшін әр адамның пікірі – маңызды. Сондықтан да, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар мен ескертулерді жинақтап, министрлікке жібереміз. Оның барлығы «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті қабылдау барысында ескеріледі, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

 Бұған дейін Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин өзінің «Твиттер» парақшасында заң жобасы туралы түбегейлі қорытынды шығаруға әлі ерте екенін жазған болатын.

«Бүгінде денсаулық сақтау саласына қатысты кодекс жобасы қызу талқылануда. Расымен де, Үкімет ұсынған заң жобасында тұрғындарды алаңдататын нормалар бар. Бірақ, қорытынды шығаруға әлі ерте. Мәжіліс үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен талқылау өткізеді», – деп жазды Нұрлан Нығматулин.

Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса халықтың қорқынышы мен алаңдаушылығын жақсы түсінетінін, бірақ, денсаулық саласын әрі қарай дамыту үшін кодекске мұндай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деген ұстанымда.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button