Жаңа кешен – жұрт игілігіне
Жезқазған қаласында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Атамекен» бағытын қамтитын әрекеттерді әлеуетті ету мақсатында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен орнатылып, жалпы бұқараның тұтынуына арналған Street Workout көшедегі жаттығу қондырғылары кешенінің ашылу рәсімі өткізіліп, пайдалануға берілді.
Бұқаралық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны одан әрі дамыта отырып халық арасында дене шынықтыру мен спортқа ден қоюшылардың санын арттыру, тұрғындардың, оның ішінде, жас буынның бос уақыттарында спортпен шұғылдануын ұлттық идея деңгейіне жеткізу – бүгінгі таңдағы бірегей міндеттердің бірі. Жаттығу кешенінің тұсаукесерінде жиналған жұртшылыққа сөз арнаған Жезқазған қаласы жастар ресурстық орталығының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Бақытжан Көпбаев пен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айнұр Әбікенова осынау мақсатты қажеттілікті айрықша атап өтіп, спортпен үзбей шұғылдану арқылы денсаулықтарын нығайтуға мүдделілік танытатын қала тұрғындарының саны арта түсеріне сенім білдірді. Жағымды жаңалықты жария еткен жиынға сондай-ақ, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Хансейіт Бөлен қатысты.
Сөз орайы келгенде көшедегі жаттығуға арналған құрал-жабдықтардың орнатылуына жергілікті жомарт пейілді кәсіпкерлер Николай Распопов және Абдусилим Абдусалимов қолұшын созып, қажетті қаржыны өз қаражаттары есебінен бөлгенін атап өткен жөн. Алдағы жылы қала аумағында дәл осындай тұрпаттағы тағы бір жаттығу кешені салынып, ел игілігіне берілмекші. Демек, қала тұрғындарының, әсіресе, жастар қауымының спортпен шұғылдану көрсеткіші жылдан жылға еселене бермек.
Білікті мамандардың пікірінше, Street Workout жаттығу кешенінде шұғылдану – денені шынықтыру мен ширатудың, ағзаның ішкі күш-қуатын арттырудың таптырмас тиімді тәсілі. Ол сонымен қатар, адамның санасында спортты сенімді серігі ету пиғылын да қалыптастырады.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар Street Workout көшедегі жаттығу кешенінде шеберліктерін шыңдауға машықтанған «Спорт тарландары» аула клубы спортшыларының жаттығу сәтіндегі көрсетілімдерін қызыға тамашалады. Олардың жаттықтырушысы Сергей Финогеевтің айтуынша, аула клубының құрамында бүгінгі күннің өзінде 10 жастан 50 жасқа дейінгі аралықты қамтитын 30-дан астам адам бар екен. Ал, келісті кешеннің іске қосылуы спорттың осынау түрімен шұғылданушылардың қатарын анағұрлым арттыра түсуге күмәнсіз дәнекерлік ететін болады.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»