Облыс әкімдігінде

Жаңа кәсіпорындар – жаңа тыныс

Облыста Индустрияландыру картасына 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын жалпы сомасы 1,2 трлн. теңгені құрайтын 134 жоба енгізілді. Бұл туралы онлайн түрде өткен облыс әкімінің аппараттық кеңесінде мәлімденді.

Аталмыш жобаның көпшілігі іске қосылды һәм жұмысын бастап та кетті. Сонымен қатар, жаңа өндірістердің ашылуымен аймақта өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі өткен жылға қарағанда 5 есеге ұлғайғандығы байқалды.

– Жалпы 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы басталғанын баршамыз білеміз. Осы Индустрияландыру картасы аясында облысымызда бүгінде 94 жоба іске қосылды. Осыған орай қаржыландырудың жалпы сомасы 387,3 млрд. теңгені құрап отыр. Жергілікті кәсіпорындарда 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бұл өз кезегінде ірі жобаларды іске асыруға және өндіріс көлемін 5 есеге, еңбек өнімділігін 1,7 есеге арттыруға мүмкіндік берді, – деп тоқтала кетті өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков.

Қазіргі таңда жергілікті кәсіпорындар шет елден импорттайтын өнімдерді өздері шығаруға толық қабілетті екендігін байқатты. Және ол нәтижесіз де емес. Алдағы үшінші бесжылдықта 2020 жылдан 2025 жылға дейін 43 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр. Ал, өткен жылы үш ірі жоба іске қосылған еді. Атап айтар болсақ Теміртауда «Линде Газ Қазақстан» ЖШС екінші кезегі енгізілді. Сондай-ақ, Қарағанды қаласында «Qaz Carbon» ЖШС құю өндірісі жұмысы жаңғыртылды. Саран қаласының өзінде «Yutong» әлемдік брендімен бірлесіп автобус зауыты іске қосылды. Биылғы жылдың аяғына дейін 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Дегенмен, пандемияға байланысты олардың кейбірін кейінге қалдыруға тура келді. 2021 жылы Индустрияландыру картасы бойынша Жәйрем тау-кен байыту комбинаты, агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауыты және тағы осындай ірі кәсіпорындарда жобалар іске қосылады деп күтілуде.

– Жыл басынан бастап жоспарланған жобалардың уақытылы іске қосылуын біртұтас болып жұмыла қамтамасыз еткеніміз жөн болар. Аталмыш жобалардың күшіне толық енуі толық бақылауда. Кәсіпкерлерді қолдау картасына енгізу үшін жаңа қаржыландырудың жолдарын іздестірумен айналысу керек, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Отырыс барысында осы өзекті мәселелермен қатар, биылғы жылғы жазғы дала өрттеріне де тоқтала кетті өңір басшысы. Ұлытау, Қарқаралы сияқты өңірлердегі биылғы дала өрттерінің негізгі себептерін анықтап, техника жетіспеушілігін толық шешуді тапсырды.

 Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button