Ұлытау

Жаңа балабақша ашылды

    Ұлытау ауданының Жезді кентінде қолданыстан шығарылған бұрынғы қонақ үйін қайыра жаңғырту нәтижесінде «Айгөлек» атты жаңа балабақша пайдалануға берілді. Сырт келбеті алыстан көз тартатын мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің келісті ғимараты, сөздің шынайы мағынасында, әсемдіктің үлгісіндей әсер қалдырады.

    Бүлдіршіндерді оқыту және тәрбиелеу ошағының ашылуына арналған салтанатты жиында кент тұрғындарын аудан әкімі Хамит Омаров ақжарыла құттықтап, ел мерейін өсірген жағымды жаңалық – Тәуелсіздіктің татымды жемісі екендігін тілге тиек етті. Жалпы жұртшылықтың ризашылығын жария еткен қарт ұстаз, кент ардагерлері кеңесінің мүшесі Құсайын Төлебаев дүйім елге алғаусыз пейілмен ақ батасын беріп, аудан басшысымен бірге лента қию рәсімін жүзеге асырды

    Жалпы аумағы 646,7 шаршы метрді құрайтын, 80 орынға есептелген балабақша ғимаратын қайыра жаңғыртуға арналған қаражат «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінсе, басқа да қажеттіліктерін өтеу қаржысы жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Балғын балалар ұясы замана талабына сай музыка залы, ойын алаңдары және спорттық жабдықтармен толыққанды жарақтандырылып, дербес жылу беру жүйесіне қосылған. Отандық өндіріс өнімдері санатындағы жиһаздарының саны мен сапасы да көңілге қонымды. Тапсырысты орындаушы мердігер компания – «Олжа KZ» ЖШС (директоры А.Маликов).

   Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымовтың айтуынша, жаңа балабақшада жас ерекшеліктері бойынша үш топқа бөлінген 80 бала тәрбиеленеді. Мекемеде бүлдіршіндер жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытылып, Мемлекет басшысы ұсынған «Үштұғырлы тіл» ұстанымына басымдық берілмекші. Жауапты міндетті мінсіз атқаруға қызмет лауазымдарына сәйкес, тиісінше, арнайы біліктілік курстарынан өткен педагог-қызметкерлердің мүмкіндіктері күмәнсіз негіз қалайды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button