Жаңа қадам уақыты
Қарағандыда дамуында проблемалары бар балаларға арналған ерте араласу қызметі пайда болады. Аймақ биыл «Дара» қайырымдылық қорының «Мүмкіндіктер уақыты» жобасына енді. Күзге қарай облыста үш жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасыларға ерте қолдау көрсету қызметі іске қосылады деп күтілуде.

Жоба жетекшісі Айгүл Табергенованың айтуынша, өткен жылы еліміздің 11 өңірінде психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің базасында 18 қызмет ашылды. Осы уақытқа дейін білікті мамандардың көмегін ел көлемінде 170-тен астам отбасы алған.
– Биыл «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесі белсенді қатысуда, – деп атап өтті «Дара» қорының өкілі. – Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында үш жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасыларға ерте қолдау көрсететін алты қызмет ашуды жоспарлап отырмыз. Сәбилерді дамытудың аса маңызды кезеңінде арнайы оқытылған әлеуметтік қызметкерлер уақытылы және білікті қолдау көрсетеді. Спикерлер ретінде біз инклюзия саласындағы халықаралық сарапшыларды шақырамыз.
Аймақта жоба облыс әкімдігінің, сондай-ақ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, «Шеврон» компаниясының қолдауымен іске асырылады. Отбасыларды ерте қолдау қызметі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде қызмет көрсету бөлімшесінің базасында орналасады. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталғанша, қажетті жабдықтар сатып алынуда. Сондай-ақ, екі әлеуметтік қызметкер оқудан өтіп жатыр.
– Аталған қызмет жұмысы жоспар күзде басталуы тиіс. Бірақ толыққанды жұмыс жыл соңында басталады. Қызмет тегін көрсетілетінін атап өту керек, – деді «Мүмкіндіктер уақыты» жобасының жетекшісі.
Жаңа қызмет балалардың дамуындағы бұзушылықтарды өмірдің ең ерте кезеңдерінде анықтауға және кешенді көмек көрсетуге бағытталған. Бұл балалардың мүгедектік деңгейін төмендетіп қана қоймай, балалар мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»