Руханият

Жүзден жүйрік «Жезкиік»

Жүйрік аттарын жаратып, бәйгеге қосып, аламанның алдын бермей жүрген атбегілер аймақта жоқ емес. Сондай жылқыға жаны құмар, арғымақ десе, ішер асын жерге қоятын азаматтың бірі, Шеттің тумасы – Жанұзақ Қабди. Жанұзақ десе, ауыздықпен алысып, жер тарпып тұрған қос тұлпар Жезкиік пен Көкбайрақ көз алдыңа келеді. Жезкиік жақында Егіндібұлақ ауылында өткен облыстық «Алтын тай-2023» бәйгесінде бас жүлдені иеленді.

Алтын тай

Жанұзаққа ат баптау – әкесі Байзақтан дарыған дағды. Байзақ аға – Арқаға белгілі атбегі. Жасынан ұлы Жанұзақты ат жаратуға тәрбиелейді.

– Әкем марқұм жылқыны өзіне ертеден-ақ серік еткен. Оны ерекше қадірледі. Қазақтың жаратылысы жылқымен сабақтас екендігін жете түсінген әкем мені бала кезімнен шабандоз ретінде тәрбиеледі. Әкем баптаған талай арғымаққа шабандоз болдым. Бүгінде мен де жылқы ұстап, жүйрік баптап, бәйгеде бақ сынап жүрген жайым бар. Жезкиікті жарысқа биыл ғана қостық. Егіндібұлақ жеріндегі өткен жарыстан бөлек бұған дейін қанжығаға бөктерген 4 жүлдесі бар, – дейді Жанұзақ Байзақұлы.

Жасынан аттың жалында өскен Жанұзақ әкесі қайтқаннан кейін әке салған сара жолын жалғастыруға бел буады. Інісі екеуі ауылға ат қора салып, арғымақ баптауды қолға алады. Өзі қалада қызмет істейтін болғандықтан, сәйгүлікті Қайрақты ауылының тумасы Сұлтан Тойғанбек деген атбегі дайындапты. Ал, бәйгеге Еркіндік ауылының атынан түскен екен.

– Ат баптау – ежелден қазақтың қанына сіңген өнер. Спортшыларды қалай жарысқа дайындаса, тұлпарды да тап солай баптаймыз. Оған берілетін тамаққа дәрумендері сай болу керек. Ат баптауға да біліктілік, шеберлік, үлкен жүрек, тәуекел керек. Аттың бағын алдымен бабы мен шабандоз ашады. Шабандоз – Мейір есімді мықты бала. Оралдан келген. Біраз белестерді бағындырған, –деп қосты бапкер.

Бүгінде қос сәйгүлік – Жезкиік пен Көкбайрақ қатар шапқан бәйгеде егіз қозыдай жұптары жазылмай келеді.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button