Ресми

«Жұртқа жақын полиция»

Қоғамдық тəртіпті қамтамасыз ететін ішкі істер жүйесі соңғы жылдары реформаны жиі өткерді. Бұл тарапқа бұған дейін де айтылған сын да, мін де аз емес еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметін жетілдіретін басым бағытты белгілеп бергені мəлім. Ондағы мақсат – «жұртқа жақын полиция» қағидатын» қалыптастыру. Тарқатайық…

Полиция

Ел Президенті ден қойған ең əуелгі мəселе – полицияның сервистік моделі. «…Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту» қажеттігін атаған болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан кейін Жолдауларында құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық əңгіме жүргізуге үйретудің маңыздылығын, ішкі істер органдарына «жұртқа жақын полиция» қағидатын» енгізу керектігін қадап көрсетті. Ішкі істер министрлігінің штаттық саны оңтайландырылды. Полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылта отырып, үнемделген қаражаттан полицейлердің жалақысын көбейтуге жұмсау көзделді. Сол арқылы олардың тұрғын үй жəне өзге де əлеуметтік мəселелерін шешу де назардан тыс қалмады.

Полицияның сервистік моделінің қанатқақты жобасы алғаш рет Қарағанды облысында іске асқанын атап өткен жөн. Соның нəтижесінде, бүгінде аймақта учаскелік инспекторлардың қоғаммен байланыс орнатуы мақсатында əлеуметтік желілерде 664 чат ашылған. Оның 200-і облыс орталығында болса, ол 25 мың тұрғынды қамтып отыр. Мұның сыртындағы өңірдегі киберволонтерлердің де алар орны ерен. Бұл да Қарағанды облысында алғашқылардың қатарында іске қосылған жобаның бірі. Оның ішінде, Отбасы қатынастарын зерттеу орталығының құрылуы аса зор мəнге ие.

Сондай-ақ, Қарағанды заң академиясының ақпараттық технология мамандарымен бірлесіп, өтінішшағымдарға дер кезінде əрекет етуді бақылауға арналған бірыңғай электрондық жүйе жұмыс істейді. Мұның бəрі «жұртқа жақын полиция» қағидатынан жүзеге асқан жобалар екені даусыз. Биыл жаңа модуль типтес 3 стационарлы полиция бекеті ашылды. Жалпы, 14 аппараттық-модульдік бағдарлама кешені бар.

Жалпы, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың өлшем-критерийлерін түбегейлі өзгерту, полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру мəселелері – бүгінгі күннің сұранысынан, қажеттілігінен туындап отыр.

– Түптеп келгенде, бұл аталғандардың мəн-мағынасы азаматтар санасында ішкі істер органдары жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші органдар деген түсінікті əрбір адам бойына дарыту, түпкілікті орнықтыру. Осылайша, түрлі деңгейдегі ішкі істер органдары Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша əрекет етіп, азаматтарға қолайлы жағдай жасау дегенді білдіреді. Халық тарапынан білдірілген сенім, адамның өзін қауіпсіз сезінуі – полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері. Қазіргі уақытта сервистік үлгіге көшуде проблемалар бар. Бұл, ең алдымен, жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жағдайы, кадр тапшылығы. Мəселен дейік, отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы қоңырау түсті. Онда жеке немесе қызметтік көлігі жоқ учаскелік полиция инспекторы міндетті түрде жіберіледі. Мұндай жағдайларда учаскелік полиция қызметкері шақыруға жаяу барады, сірə, өмір мен өлім мəселесі тұрған уақытында жетіп үлгермейді. Оқиға орнына келген учаскелік полиция қызметкері ерінің əйелін ұрып-соққанын анықтап, балалар қатты қорқып кеткенін көрді. Əйелі ауруханаға түседі, ал, бұзақы əкімшілік қамауға алынады. Сұрақ: «Балалар қайда қалады?» Балалар уақытша кəмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылады. Мұндай жағдайлар елімізде өте көп. Жағдайды көріп тұрсыз, егер учаскелік полиция қызметкері қоңырауға уақытында келсе, осының бəрінің алдын алуға болар еді. Бұл арадағы ең үлкен мəселе – материалдық-техникалық база екенін баса көрсеткіміз келеді, – дейді заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Болат Сейітқожин.

Ғалымның айтуынша, халықпен тікелей жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторларында ең жақсы жағдай, жоғары жалақы болуы керек. Бұл арада полковник мырза шетелдік тəжірибені зерттеп, енгізу қажеттігіне назар аударады.

Негізі, жергілікті полиция қызметі сервистік модельдің негізгі мазмұнын айқындайды. Өйткені, олар халықпен, үнемі көмекке мұқтаж əлеуметтік осал адамдармен тығыз байланыста. Бұл жөнінде қызмет көрсету аумақтарын оңтайландыру жүргізілуде.

Қоғамдық тəртіпті қамтамасыз етудің барлық жүйесі түбегейлі қайта құрылуы қажеттігін уақыт көрсетті. Ал, жаңа формациядағы полицияның халық сенімін ақтайтынына қоғам сенеді.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button