Жаңалықтар

Жүректен жол тартқан кәсіп

Әлеуметтік кәсіпкерлік тұлғаның әрі қоғамның мүддесі үшін маңызды. Бұл бағыттағы кәсіпкерлер әлеуметтік түйткілдерді шеше отырып, жаңа немесе бұрын тартылмаған ресурстарды іздеуімен ерекше.

Сурет almadeya.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатқанына ризашылық білдіріп, олардың идеясын жиі қолдайды. Президенттің айтуынша, мемлекет бүкіл республика аумағындағы әлеуметтік бизнеске жан-жақты қолдау көрсете береді. Жыл сайын Қарағанды облысы әкімінің жастардың бизнес-бастамаларын іске асыруға грант беріледі. Өткен жылы жаңа кәсіп бастаған 50 кәсіпкер қолдау алды. Солардың бірі әлеуметтік кәсіпкер – Анара Гизатулина.

Грант иегерлерінің арасында әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындар және ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмектесетіндер бар. Саранда бірегей даму ерекшеліктері бар балаларға арналған түзету кабинетін ашқан екі баланың анасы Анара Гизатулина грант алып, жұмысын жүргізіп отыр. Бүгінде түзету кабинетінде логопед-дефектолог, психолог, сенсорлық терапевт жұмыс істейді.

– Мен ерекше баланың анасымын. Инклюзия мен түзету әдістерінің бүге-шігесін жақсы білемін. Сондықтан осындай жобаны іске асырамын деп шештім. Балалардың дамуы және әлеуметтенуі тұрғысынан оң динамика байқалады. Әрине, әр балаға жеке көзқарас табуға тырысамыз. Сондай-ақ ата-аналармен жұмыс істеп, оларға көптеген мәселелер бойынша кеңес береміз, – дейді Анара Гизатулина.

Кәсіпкердің айтуынша, қаражатқа арнайы ойындарға арналған жабдықтар сатып алынды. Гранттан түскен қаражаттың үштен біріне түрлі ойыншықтар, конструкторлар, кинетикалық құм, оқу карточкалары, плакаттар, спортқа арналған жабдықтар, сондай-ақ балалардың жасына және даму ерекшеліктеріне сәйкес жиһаз алынды.

Қазіргі таңда ата-аналармен жұмыс-тренингтер, оқыту, ақпараттық жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, кабинет жұмысына сенсорлық интеграция енгізілген. Бұл монтессори жүйесі мен түзету тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Ыңғайлы болу үшін кабинетте дәрі қобдишасы, жылы еден жабыны бар.
Жалпы, Анара Гизатулинаның жоспарлары үлкен, оның ішінде кабинетті одан әрі жайластыру жұмыстары бар.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button