Жөндеу жұмыстарынан ақау шықты
Орталық әмбебап дүкені мен «Кеншілер Мәдениет сарайы» аялдамаларындағы жерасты өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда, құрылыс сапасына қарағандылықтардың көңілі толмайтын көрінеді. Еденнің тайғақтығы, тұтқалардың тот басқаны, төбеден түсіп тұрған тоқ сымдарының болуы және тағы да басқа шағымдар жетеді. Тіпті, қар суының салдарынан жерасты өткелінің төбесінен тамшылап тұрған суды да бейнекамераға таспалап алыпты.
Бұл жағдайға қатысты Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің мамандары қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
– Мамандары жерасты өткелінің үстінен тамшылап тұрған суға қатысты тексеру жүргізді. Мердігермен жөндеу жұмыстарын бастамай тұрып келісімге отырғанбыз. Яғни, кепілдік бар. Енді олқылықтарды жою үшін қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. 1 сәуірге дейін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтайды, – деді Қазыбек би ауданы әкімдігінің мамандары.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Оrtalyq.kz