Бас тақырып

Жұмыссыздықпен күрес – қарқынды дамуға үлес

Сайып келгенде саналы адамның жақсылық іздеудегі түпкі мәні – еңбек етіп, игілік жарату. Қазіргі күнде кез келген Үкімет үшін негізгі сын-қатерлердің бірі – жұмыссыздық мәселесі. Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жұмыссыздық деңгейін төмендету және азаматтар үшін қолайлы экономикалық орта құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бірқатар реформалар мен бастамаларды іске асырып жатқан Үкімет қым-қуыт қоғамда тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге мүдделі. Бұл мақалада сіз бен біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыссыздықты азайтуға бағытталған негізгі реформаларын қарастырып, алға тартқан мәселенің төркініне үңілетін боламыз…

Инфографиканы жасаған Ерқанат Кеңесбекұлы

Кәсіпкерлікті қолдау: бір өкініш, бір үміт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Мен бүгін тағы бір өзекті мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру», – деп мәні терең мақсат-міндеттерді алға тартты. Мұндағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген тақырып өзегі де тұтас ұлтқа не нәрсені болсын адалынан жаратуды меңзегендей.

Мәселен, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру әр кез, әрдайым, әр жерде әрқашан өзекті! Қасым-Жомарт Кемелұлы жұмыс орындарының негізгі көзі ретінде шағын және орта бизнес секторын дамытуға терең мән береді.

Осы орайда, ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек, – деді Президент.

Әлбетте, кәсіпкерлікті дамытамыз деп, осы салада бизнесті тіркеу және лицензиялау рәсімдерін жеңілдету, кәсіпкерлер үшін салық және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша шаралар кешенді негізде кезең-кезеңімен енгізілу үстінде. Бұл арада Мемлекет басшысы кәсіпке деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, ұлттық сана қалыптастыру қажет екендігін аңғартады. Сонда ғана кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне әрі жаңа жұмыс орындарын құруға негіз бекиді. Тағы да Президент сөзіне сүйенсек:

– Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір мәселені ашық талқылауға дайынмын. Өздеріңізге мәлім, кәсіпкерлерімізбен үнемі кездесіп жүремін. Бизнес өкілдері белгілі бір саладағы сая­сатты жетілдіруге қатысты стратегиялық бастама көтереді деп сенемін. Олар экономиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміттенемін. Алайда, кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады. Тіпті, бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекеттік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолымен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады, – дейді мемлекет басшысы.

Міне, кәсіпкерлікті қолдаудың бір өкініш, бір үміті осы жерде тұр. Мемлекет қамқорлығын сезінген кәсіпкер елдік мүддеден алшақ кетпесе керек-ті.

Білім мен білік

Хош. Не десек те, үйдегі көңіл күйіміз тыстағы нарықтың темірқазық талабына байлаулы. Бұл орайда заманауи білім беруді дамыту және кадрларды сауатты негізде даярлау мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Өйткені, ресурс пен инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникация­ға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін баршамыз сезінгенімізбен, кей уақыт қайран қыла алмай жатамыз. Неге? Себебі, кадрдың қадірі артпай тұр. Халықты оқытудың бірегей бағдарламалары, білім беру және кәсіптік даярлық жүйесін жетілдіруге аса мұқтаж. Кез келген оқыту бағдарламасы еңбек нарығының сұранысы мен қажеттілігіне бейімдеу бойынша негізделсе керек-ті. Бұл бұқараның біліктілігін арттыруға және оның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға игі ықпал етері сөзсіз.

– Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Бұл – өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал, – деп қайырылады жастарға ел Президенті.

Ал, жастардың дені лайықты инфрақұрылым мен инновация­ға мойын бұрады. Өйткені, ақзер әлем күнбе-күн жаңарып екі көзімізді жаһандық жетістік атау­лысымен арбайды. Демек, еңбекке әркімнің ықтиярын құстай ұшыру үшін инвестиция құйылмағы – тағы бір алғышарт. Иә, экономикалық өсуді ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын құру үшін Президент Қасым-Жомар Тоқаев инфрақұрылым мен инновацияларды дамытуға инвестицияларды белсенді түрде ілгерілетуге күш-жігерін жұмсайды. Бұған көлік желісін дамыту, энергетика, экономиканы цифрландыру, сондай-ақ, инновациялық стартаптар мен жоғары технологиялық салаларды қолдау кіреді. Мұндай инвестициялар экономиканың өсуіне ықпал етіп қана қоймай, көптеген жаңа жұмыс орындарын ашады.

Әлеуметтік масылдықтың әлегі

Жұмыспен қамтуды қолдау және әлеуметтік қорғауға тоқталсақ, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар халық арасында масылдық психологияның етек алуына ықпал етіп отырған жоқ па деген күмәнді ойға шырмалатынымыз жасырын емес.

Үкімет Президент басшылығымен жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлауды, жұмыс күшінің ұтқырлығын ынталандыруды және халықтың аз қамтылған топтары үшін жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілерді көтермелеу бағдарламаларын құруды қоса алғанда, жұмысқа орналастыруды қолдау жөніндегі стратегиялық бастамаларды іске асырады. Сонымен қатар, уақытша немесе ұзақ уақыт жұмыссыз қалғандар үшін әлеуметтік қорғау шаралары белсенді түрде енгізілуде.

– Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан, грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни, жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр, – деп қынжылыс білдірді Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай отырысында.

Демек, мүмкіндік бар, ықтияр жоқ. Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай сипатта болмақ?! Айтпаса да, түсінікті. Мұндай масылдық психологиясы салдарынан жастардың бірсыпырасы қазіргі талабы үстем нарыққа қабілетсіз келеді. Мұның соңы әлеуметтік жәрдем­ақыға көз сүзу. Оның арты – белгісіздік құрдымы…

Мәселенің төркінін індете отырып, оның өңірлік маңызын да бажайлап өткен абзал болар. Finprom.kz. бизнес және қаржы туралы сараптама порталының деректері былтыр Қарағанды облысы ел бойынша жұмыссыз­дық деңгейі ең төмен аймақтар қатарына енгенін растаған. Көрсеткіш – 4,2%. Биыл жастар жұмыссыздығы бағытында 4,9 пайызға ұлғаю бар. Жұмыссыздар қатарына заңсыз жалдамалы жұмыскерлер, ресми тіркелмеген кәсіпкерлер, үй шаруасындағы әйелдер, біліксіз жандар енеді. Бұл көрсеткіш көңілді көншітпейді. Сондықтан, жыл бойы өңірдегі 6 мыңға тарта, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 3800 жұмыссызды жұмыспен қамту көзделді.

Өңірде

– Жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында кәсібін бастаймын деген ынталы жастарға 20 грант, 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 130 жеңілдікті микронесие берілмек. «Бастау бизнес» жобасы негізінде 1200 адамды оқыту жоспарланды. Еңбек нарығына ең қажетті салаларға бейімдеу үшін 90 адамды даярлау межесі бар. Жұмыссыздықты мейілінше кеміту үшін биылға «Жасыл ел» сарбаздарының ұзын санын 2 мыңға арттыру тапсырмасы тұр. Сондай-ақ, 1,5 миллиондық 10 грант беру ойда бар, – деді қала әкімі Мейрам Кожухов.

Ал, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аталған мәселеге жүйелі көзқарас қажет екендігін атап өтті.

– Мысалы, колледж түлектері ертең қай жұмысқа тұрады? Еңбек нарығында олардың мамандығы бойынша сұраныс бар ма? Бұл мәселемен нақты кім айналысады? Бұған байыппен үңіліп, көрсеткіш көзге көрінерліктей нәтижеге жұмыс жасау керек! – деп айтты, өңір басшысы.

Задында оқуды да, жұмысты да қаламайтын NEET санатындағы жастар үлесі басым, әрі тұтас ел бойынша күрделі түйткіл екендігін естен шығармаймыз. Олардың үлесі былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес 10,2 пайызды құрады. Бұл жағымсыз картинаны еңсеру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының ресурстық сандық картасы жобасын әзірлеген. Бұл базада жыл басынан бері 19 мыңға тарта адам тіркелді. Ендігі кезекте облыс әкімі қаперге салғандай, персоналды әрі атаулы санатты жұмысты жандандыру міндеті қылаңытады. Келесі меже – 13 мыңға тарта жанды жұмыспен қамту. Тек сол жандардың бәрі ықтиярлы болса, деңіз.

Ел Президентінің жұмыссыз­дық деңгейін төмендету жөніндегі реформалары – кешенді де өміршең. Үкімет те берген уәдесіне бек-бекем. Жобалардың дені экономика мен әлеуметтік саясаттың түрлі аспектілерін қамтиды. Ілкімді шаралар жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ғана емес, сонымен қатар, елдің жалпы экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен инфрақұрылымға инвестициялар, сондай-ақ, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқае­втың басшылығымен осы саладағы табысты саясаттың негізгі құрамдас бөлігі. Тиесілі тапсырма орындалуда. Татымды жемісін теріп жеу, игілікке жетер күн де жақын…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button