Бас тақырып

Қайда бет алдың, қазақ киносы?

Ұлтқа тыңнан қауіп төніп тұр. Анығырақ айтсақ, қатер тілімізді айналсоқтап жүр. Онсыз да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болмай тұрған ана тілімізді бүгінгі кино одан әрі дүбаралауда. Қазақ пен орыс тілі аралас көшенің қарабайыр, тіпті, анайы тілі экранға көшіп алды. Осыған қарап отандық кинода цензура жоқ деуге әбден болады. Ең сорақысы, бұл тіл халыққа ұнап жатыр. Лық толған кинотеатрлар мен интернеттегі миллиондаған қаралым – осы сөзімізге дәлел. Кино – тәрбие құралына, идеология қаруына айналғалы қашан?! Сол себепті де, тәнге емес, ұлт санасына жұғатын қауіпті індетке назар аудармақ керек.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Шыққан жара сыздатпай қоймайды. Кино тілінің мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау да мінберден көтеріпті. Ол отандық киноларда анайы сөздердің айтылуына заң жүзінде тыйым салуды ұсынып отыр. Оның пікірінше, отандық киноның басым бөлігі мәдениеттен ада.

– Кейінгі уақытта ақылға сыймайтын, анайы сөздер көп айтылатын фильмдер экранды басып алды. Бұл кинолар біздің ұлттық мәдениетімізге, менталитетімізге мүлде жат. Әсіресе, YouTube, Aitube платформаларына шығып жатқан қысқа метражды туындылар көңілге үрей ұялатады. Мұндай сөйлеу мәнеріне көрер­мендер үйір болып барады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Фильмдерде анайы сөздердің қолданылуына заң жүзінде тыйым салынуы тиіс деп есептеймін, – деді депутат.

Осы проблема театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың «Керей ханы» аталып кеткен Қайрат Кемаловты да күйіндіріп отыр. Оның пікірінше, бұл – ұлтқа жасалып жатқан қиянат.

– Қазіргі қазақ киносында болып жатқан жағдайлар мені қатты күйіндіреді. Тілге жасалған қиянат – ұлтқа жасалған қиянат.

Бұл – кешірілмес күнә. Себебі, әр ұрпақ өзіне аманатталған құндылықтарды келешек буынға бүтіндей тапсыруы қажет. Егер осы ұрпақ өзіне тапсырылған міндетті ойдағыдай атқармаса, арада үзіліс пайда болады. Содан кейін, ұлттың өзегінен, күретамырынан ажыраймыз. Аманатқа қиянат жасаудамыз. Енді ғана маңайына қарайлап, жетіліп келе жатқан көк өскіндей балалар киномыздағы сөйлеу мәнерін көріп, содан жиіркеніп кетуі де әбден мүмкін. Жалғыз ғана уәдемен, антпен, сертпен адал ғұмыр кешкен, ана тілін қасиеті деп білген халықтың тілін осылай бұрмалауға, бұзуға жол берілмеуі тиіс, – деді Қайрат Кемалов.

Бейпіл сөздерден бөлек, қазақ тілі мен орыс тілінің араласуының өзі үлкен қауіп. Не десек те, жақсы дүние емес. Бірақ, режиссерлердің бұл талпынысын түсінуге де болады. Олар да – саудагер. Өзі түсірген туындының кассалы болғанын қалайды. Ал, кассалы болуы үшін әлбетте көрерменге ұнауы шарт. Көрермен шынайылықты талап етеді. Халықтың басым көпшілігі тұрмыста орысша мен қазақшаны араластырып сөйлейтіні жасырын емес. Қазақстандағы шынайы өмір – осы. Өзіміз түсінетін тілде фильм көргіміз келеді. Кино барынша шынайы шығуы үшін алдымен кейіпкердің сөйлеу мәнері шынайы болғаны абзал. Мәселен, көшенің бұзақысын театрдағы дулығалы батырдай буырқандырып сөйлете алмайды. Қылмыс­керлерден шаршаған, жүйкесі тозған тергеушіні де мәймөңкелеткісі жоқ.

Ал, қазіргі отандық кинолардан көрер­мен неге безінеді? Белгілі ақын, драматург, тарихи картиналарда кейіпкерлерді сөйлетіп жүрген Ұларбек Нұрғалымның пікірінше, біздің киноөндірісіміз қазақы әуезден ажыраған. Сөйлеу тілі жасанды. Ал, халық жасандылықтан жиіркенетін хәлге жеткен дейді.

– Қазір көп актерлерде қалалық акцент басым. Қазақы ырғақ, үн, әуез жоғалып бара жатқандай. Әр фильмге қарауыл қоймақ керек. Әсіресе, калькалардан сақтанған жөн. Қазақ киносында қазақы әуез болмаса, бүкіл еңбек зая кетеді. Сосын, актерлер тым жасанды сөйлейді. Жоғарыда айтқандай, қалалық акцент те құлаққа жағымсыз естіледі, – деді бір сөзінде Ұларбек мырза.

Тіл деген тірі ағза десек, калька – сол ағзаға жұққан вирус. Актерлердің аузындағы тікелей һәм шала аударылған орыс сөздерінде есеп жоқ. Одан бөлек, сөздің қол-аяғын кесіп, мүгедек етіп тастайтындары тағы бар. Мәселен, «отырсың ба?» дегенді «отсың ба?» дей салады. «Аман-есен жүріп жатырсың ба?» дегенді «Жүріпватсың ба» деп қайыра салады. Мұндай мысалдар өте көп. Тізе берсек, шетін көре алмаспыз. Бір сөзбен айтқанда – киномызды кассалы етеміз деп тіліміздің парша-паршасын шығардық.

Сурет: Инфографиканы жасаған Ш.Адамбекова

Бізде сахна тілі деген бар ғой. Бір кезеңде қалыптасқан, уақыт талабына сай өзгерген, дамыған. Кино тілі жоқ деуден аулақпыз. Бар. Бар болғанда да қандай. Бірақ, ақсап, замана көшінен қалып келеді. Шындығы – осы. Кино тілін қазақшалау қажет екен деп байырғы фильмдердегі тілді әкеліп, кейінгілерге тықпалай алмайтынымыз тағы бар. Бір сөзбен айтқанда – бүгінде «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» шешім таба алмай отырмыз.

Одан бөлек, киноны тобырдың арзан күлкісіне масайраған блогерлер қауымы да кәсіп қылып алған. Ақшаң болса болды, камераңды ал да жөнел. Тиісті білімі жоқ, ұлт алдындағы жауапкершіліктен ада кино түсіргіштерден не қайыр?! Ха-ха, хи-хи. Бітті. Басқа ештеңе қажет емес. Жеңіл күлкіге құмар аудиторияны тәрбиелеп жатырмыз.

Кино арқылы үлкен саясаттарды, небір идеологияларды жүргізуге әбден болады. Экран ұлттың санасын жандандырып, тіпті, уландыра да алады. Сол себептен, экранымызға бір сәт назар аударған абзал.

Оралхан Бөкейдің «Атау кересін» оқыған шығарсыздар? Міне, сол шығармада автор будандастырылған аралар туралы әңгімелейді. Алтай мен Америка араларының «қауіпті буданы». Бұрындары балын гүлден жиған Алтайдың тегі таза аралары Американың арасымен будандасқаннан кейін қоқыс аралап кетеді. Гүл емес, қоқыс! Сүйкімді жаратылған кішкентай жәндіктер тұмса табиғатпен жалғасқан тіршілік желісінен ажырайды. Ызыңы да өзгереді. Күндердің бір күнінде әлгі қауіпті будан Ерік деген бас кейіпкердің анасын шағады. Бойына тараған уытты удан әжей жан тапсырады. Атаның қасиетімен, ананың сүтімен дарыған ана тілімізге де осы қауіп төніп тұр. Тіліміз өзге тілмен будандасып барады. Қазіргі кино тілі – қауіпті будан.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button