Жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарының бастауы: Өспен мыс руднигінен басталған тарихи жол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында, кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың маңыздылығына, жұмысшылар еңбегінің еліміздің өркендеуінде айрықша орын алатынына тоқталды. Жұмысшылар қауымына арнап: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі»  деп аса жоғары маңыз берді. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және  инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын» деген болатын.

Суреттер автордан

Ел экономикасын еселеп арттыру үшін орта арнаулы білім беретін колледждерде білім алып жатқан жұмысшы мамандарды дайындауда жастарды әлемнің көшбасшы колледждерінің даму парқымен салыстыра оқытупақ ләзім. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Астана қаласында 11-15 ақпан аралығында «Жұмысшы мамандықтары қаласы фестивалін» ұйымдастыртып, осы салаға жауапты мамандардың, жалпы халықтың көріліміне, талқысына салды. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі қолға алып отырған бұл жан-жақты ұтымды шарада болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен  еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының республика бойынша өзара ынтымақтастығын бағдар етті. Колледждерді көп жылдар бойы басқарған тәжірибелі басшы ретінде айтарым, бұл – өте сәтті қадам. Оқу-ағарту министрлігінің келесі шаралары да көңіліме қонып отыр. Бұл еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласында қызмет атқаратын тәжірибелі өндірістік оқыту шеберлерін, ұстаздарды алыс, жақын шет елдердің колледждеріне жіберіп, тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастырулары құптарлық іс. Шамамен екі ғасырға шегініс жасап, Арқа жерінде жұмысшылар қауымының пайда болғанына тоқталмақпын.

Тұрақты түрде  өндірісте еңбек ете бастаған жұмысшылар қауымы, Сарыарқа жерінде осыдан 178 жыл бұрын, Ақмола уезіне қарасты, Нілді болыстығына жататын, Нілді ауылындағы Успенский мыс руднигінде (Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нілді-Успен селолық округі) XIX ғасырдың орта шенінде пайда болған. Яғни, елімізде тұңғыш рет мыс кенін өндіруді қолға алып, тұрақты жұмыс істеген кәсіпорын, 1847 жылы қазақ Арқада бастау алған. Еліміздегі мыс өнеркәсібі өндірісінің қарашаңырағы болып есептелетін өндірісті өңір жайлы тұңғыш рет, 2023 жылдың қаңтар айында, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғылыми кеңесі монография ретінде бекіткен – «Нілді: Тарих және тағыылым» атты еңбегімде (Успенский мыс руднигі, Қарағанды көмір кен орындары, Спасск, Қарсақбай мыс заводтары)  жазғанмын.

Енді, елімізде жұмысшы мамандықтарының пайда болу тарихына тоқталайын. XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында бүгінгі Сарыарқада тұңғыш рет ашылған Успенский мыс руднигінде жергілікті ұлт өкілдері жұмысшы мамандықтарын біртіндеп игеріп, өнеркәсіпте жұмыс істеуге қалыптаса бастаған кезең болатын.

1847-1904 жылға дейін мыс өнімдерін өндірген Ресей кәсіпкерлері Никон Ушаков пен Аникий Рязанов болса, 1904-1920 жылға дейін француз кәсіпкері Жан Клод Карно, ағылшын Нельсон Феллдің, кейін ағылшын қаржы компанияларының иеліктерінде болған. Осы шет ел кәсіпкерлерінің жергілікті шахтёрлердің құқығын шектеуіне орай, монографияда Успенский мыс руднигінде 1905 жылдың желтоқсан айында, рудник жұмысшыларының тұңғыш қозғалысын басқарған, олардың құқын қорғау жолында аянбай тер төккен, тұңғыш кәсіподақ лидері болған қазақ Әли  (Әлімжан) Байшағыровтың тұлғасын ел тарихында тұңғыш рет толық қамтығанмын.

1871 жылы Никон Ушаков өмірден өткеннен кейін Успенский руднигінің технологиялық жүйесіне жататын Спасск мыс заводы, Сораң, Шерубай көмір кен орындары (бүгінгі Қарағанды көмір бассейіні), Қарсақбай мыс заводын Мария Рязанованың  (Аникий Рязановтың жұбайы) мұрагерлері  өндірісті жүргізе алмай, француз кәсіпкері Клод Эрнест Жан Карноға 1904 жылы патша өкіметінің қазынасына әуелде 776 000 сом құйып жалға алады да, 1907 жылдан меншік иесісіне айналады. Жан Карноның шешімімен өндірістердегі жұмыстарға ағылшын кәсіпкері Нельсон Фелл басшылық етеді. Нельсон Фелл өз кезегінде Успенский руднигінің басшылығына, өндірісті басқаруда мол тәжірибесі бар ағылшын азаматы Мартинді тағайындайды.

Успен руднигіндегі төрт жүзге тарта жұмысшыың 80 пайызға жуығы қазақтар болғандықтан, Мартин орыс тілін жақсы меңгерген Әлімжан Байшағыровты «староста» етіп тағайындап,  орыс-қазақ жұмысшыларының арасында туындаған түрлі жағдаяттарды сол арқылы шешіп отырады. Әлімжанды рудник басшысы Мартин Әли деп атап, Оралдағы Нижний Тагиль қаласына қысқа білім көтеру курсына жібереді. Бұл қалада Әли Байшағыров тау-кен мамандығы оқуын бітірген, көзі ашық Николай Топорнинмен танысып, оны қазақ еліндегі Успен руднигіне жұмысқа шақыру ойы туындайды. Әлидің Топорнинді шақырудағы мақсаты Рудникте құқықтары мүлде сақталмай жатқан қазақ, орыс тілді азаматтарға насихат жұмысын жүргізіп,  саяси тұрғыда сауатын ашып, рудник басшыларына заңды талаптарын қою болатын. Топорнин Әлидің шақыруын қабыл алады. Успен руднигіне қайта оралысымен Успенский руднигінің басшысы Мартин Әлиді кен қазу жұмысынан ауыстырып,  нарядчик әкімші етіп тағайындайды. Әлидің ұсынысын қабыл алған Топорнин Успен руднигіне келіп, досы Байшағыровтың үйіне орналасады. Оралдың тау-кен техникумын бітірген маман досы Пётр Топорнинді Әли Мартинға айтып, шахтаға бригадир етіп орналастырады.

Успен руднигі жұмысшыларының мүлде сын көтермейтін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары туралы Оралда Әлиден естіген Топорнин, енді өз көзімен көреді.

Әли мен Топорнинде маза жоқ,  орыс жұмысшыларын Топорнин, тегеурінді көзі қырағы қазақ жұмысшыларының жайын екі жақтап қолға алып, құқықтарының тапталып жатқандығы туралы түсіндіруді бастайды.

 Осы кезеңде орыс-қазақ мектебі ашылатынынан дәмелі, бақуатты әулеттен шыққан Сейфолла (Сәкен Сейфуллиннің әкесі) ақсақал, алғыр баласы Сәкенді Қарашіліктен жұмысы қайнап жатқан Успенский руднигіне әкеледі. «Нілді ауылында орыс тілін үйренсін!» деп орыс достарын да жағалатып, өндірісте шыңдала бастаған досы Әли Байшағыровтың ауылына әкеліп, ағайыны Зәкірбек Боздақтегінің үйіне орналастырады. Балаң Сәкен өзі туыс, сауда кәсібін кезінде бірге бастаған әкесінің досы Әлидің үйінде жиі болады. Әли мен Топорниннің жұмысшылардың құқығын қорғау жолындағы қызу жұмысын Сәкен көзімен көріп, ой-өрісі жетіле түседі.

1905 жылдың желтоқсан айында рудник шахтасының төбесі құлап, көптеген орыс-қазақ жұмысшысы қаза табады. Қаралы митингті жүргізген Әли Байшағыров жұмысшыларға құқықтарының мүлде қорғалмай жатқанын нақтылап айтып, қаза болған орыс-қазақ жұмысшыларын бөлмей, бір бейітке «Бауырластар зиратына» жерлейтінін хабарлайды.

Рудниктегі ушығып тұрған ахуалды дүкендегі шахтёрлердің тамаққа таласы одан ушықтырып, Әли Байшағыров бастаған «орыс-қазақ одағы» құрылып, оған И.Низовитин, П.Топорнин, Ысқақ Қасқабаев,С.Невзоров, Батырбайұлы, Өмірбекұлы, М.Жилиндер мүше болады.

Жұмысшылардың арасында Ресей социал-демократ жұмысшы партиясының манифесті оқылып, таратылады. Әли Байшағыров, Топорнин, Ерофеев, Белоглазов, Низовитин, Ысқақ Қасқабасов, Невзоров, Засыпкиндер басшы болып, мәжіліс шақырып, ереуілге шығу мәселесін талқылайды. Осы мәжілісте жұмыскерлердің атынан петиция дайындау, оны өндіріс қожасына тапсырып, жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін 4 (төрт) адамнан тұратын депутация сайлайды. Олар – Әли Байшағыров, Топорнин, Мартылого, Невзоровтан. Петиция орыс тілінде дайындалып, мәтініне сәйкес қазақшасын Өтемісұлы, Батырбайұлы, Өмірбекұлы жазады. Бұл петицияның көшірмесі орталық газеттерге жіберілсін деп көрсетіледі…

1905 жылдың 6-желтоқсанында Спасск мыс зауытының директоры Нельсон Фелльге петиция-хат жолданады. Онда өндіріс қожайынының алдына төмендегідей талаптар қойылды:

  1. «Бізге сатылып тұратын барлық азық-түліктің тезінен бағасы төмендетілсін. Себебі, қазіргі бағаны жоғары және заңсыз деп санаймыз, өйткені, дүкен ай сайын орта есеппен 250 сом ыңғай таза табыс келтіріп отырады. Ендеше, ол қымбат бағалы сауда орыны болғаны. Азық-түлікке бағаны жоғарылату бар, мысалы ұнға, рудникке ұн келіп жеткенше, бірнеше қолдан өтеді. Ақмола қаласында ұнның пұты 40 тиын болса, мұнда бір сом қойылып, шамадан тысқары бағамен сатылып отыр.
  2. Жұмыс уақытын 12 сағаттан 8 сағатқа түсіруге, жұмысшылардың еңбек ақысын айына 50 сомға дейін алатындарына 50%, 50 сомнан жогары алатындарына 15% өсірілсін және жұмысшыларға бір айлық еңбекақы күні бұрын беріліп, олардың мойнындағы борыштары алдырылсын.
  3. Сулы жер, забойларда істейтін жұмысшылар су өтпейтін сыртқы және аяқ киімдерімен тегін жабдықталсын. Бақытсыздыққа ұшыраудан күні бұрын сақтану үшін шахталар ішіне тезінен бағаналар тірелсін.
  4. Орталық Ресейдегі мектептер үлгісімен жақын арада 4 (төрт) бөлімді орыс-қазақ мектебі салынсын…
  5. Тез арада қазақ жұмысшыларының (казарма) қазармаларының терезелері әйнексіз, амалдап қаптап, шоқпыттармен бітеп қойған, мұндай қалыпта тазалық сақтay мүмкін емес.

Ереуілшілер осы талаптарды орындауға 5 тәулік уақыт береміз (7.ХІІ-12.ХІІ.1905 ж.), ал, орындалмаса, жалпыға бірдей орыс-қазақ ереуілін жариялаймыз және оны Спасск, Қарағанды кеніштерінде жалғастырамыз», – деп мәлімдейді.

Қорытындысында АҚ иелері петицияның 6-шы буынынан басқасын түгелдей кабылдайтын болады.

Нілді зауытының жұмысшылары мен қызметкерлерінің ереуілі, 1905 жылғы орыс революциясы кезінде Қазақстандағы тұнғыш саяси ереуіл болды. Бұл ереуіл жергілікті жұмысшы табының шет ел кәсіпкерлерінің алдында өз құқығын қорғауға жасаған алғашқы қадамы болатын.

Тұңғыш рет жұмысшы мамандарының құқын қорғаушы кәсіподақ лидері, қайраткер тұлға Әли Байшағыров – Нілді болыстығына қарасты Нілді ауылындағы Успенский мыс руднигінде 1860 жылы туған. Әкесі  Байшағыр Естемесұлы рудниктің шахтасында жұмыс істеп, өкпе силикозынан қайтқан. Әли 1890 жылдары шахтада кенші болып жұмыс істеп жүріп, Сәкеннің әкесі Сейфолламен бірігіп, жер өңдеумен шұғылданып, бидай, тары, көкөніс дақылдарын өсіріп, алғашқылардың бірі болып сауда-саттық жасап, кәсіпкерлікпен айналысып, тұрмыстық жағдайын көтереді. Сауданың арқасында жергілікті кантор қызметкерлерімен араласып жүріп, орыс тілін біршама меңгереді…

Менің  «Нілді: Тарих және тағылым» атты монографиямды негізге алған Қарағанды облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков 2023 жылдың тамыз, қыркүйек айларында облыстық кәсіподақ лидерлерімен арнайы Кеңес өткізді. Онда 1905 жылы Успенский мыс руднигінде Әли Байшағыров басқарып ұйымдастырған тұңғыш Жұмысшылар қозғалысына 2025 жылы 120 жыл толатындығына тоқталды. Ол монографияның авторы еңбегін шығарар алдында, «Әли Байшағыровқа қатысты тұстарымен ақылдасқаны туралы» айта келіп, елімізде тұңғыш рет рудник жұмысшыларының құқын қорғап, кәсіподақ лидері болған Әли Байшағыров тұлғасымен тереңірек танысу үшін, өзінің орынбасары Т.Шатохинаның басқаруымен 2023 жылдың 10 қазанында атап өтілетін Кәсіподақтар мерекесі алдында Әли (Әлімжан) Байшағыровтың туған еліне экспедиция ұйымдастыруды ұйғарды. Экспедиция құрамына облыстық кәсіподақ ұйымы жанындағы «Келешек» Жастар Кеңесі өкілдері, облыстық салалық кәсіподақтардың барлық филиалдарынан мүшелер, облыстық маслихаттың депутаты, белгілі кинорежиссер Арман Әлімжанов, Шет ауданынан аудан әкімінің орынбасары Орал Ыстыбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмір Кәріп, облыстық БАҚ-ның өкілдері, Әли Байшағыров бабамыздың туған немересі, осы ауылдың әкімі болған Егінбай Әлиев кезінде Успенский мыс руднигі орналасқан, Өспен (тарихи аты Нілді) ауылына келіп, өндіріс орнының бүгінгі әлеуметтік-тұрмыстық сипатымен тұңғыш рет ресми түрде танысты:

 1906 жылы Әли Байшағыровтың бастамасымен, жергілікті жұмысшылармен асарлап жүріп, тұрғызылған бастауыш орыс-қазақ мектебінде болды. Әрине ол бүгінде тұңғыш өндірістің тарихына арналған «Сәкен музейі» деп аталады. Бұл бастауыш мектепте 1922 жылдың қазан айынан 1924 жылдың қазан айына дейін, Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин 1906 жылдың күзінен 1909 жылдың күз айына дейін оқыған.

Англиядан 1914 жылы арнайы шақыртумен келіп, Сарысу байыту фабрикасының салып, оны 1916 жылы аяқтаған ағылшындық инженер конструктор (Джон Уильфорд Уордел) John W.Wadellдің тастан қаланып салынған ғимаратының қалқайып тұрған қабырғалары тарихымен танысты.

Қасиетті Әулиетас орналасқан рудник шахтасының су толып тұрған терең қазан шұңқырының орны мен көкке самғап тұрған рудник шахтасының биік Копёрын тамашалады. Рудник әкімшілігінің батыстық үлгіде XX ғасырдың басында салынған конторын көріп, тарихтан біраз мағлұмат алды.

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында, облыста  жұмысшы мамандардың әлеуетін арттырып, әлеуметтік және еңбек қатынастарын ретке келтіру және әлеуметтік әріптестік туралы Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының шешімімен, облыс әкімі, комиссия төрағасы, облыстық жұмыс берушілер Кеңесі, ТОП облыстың еркін кәсіподақтар достастығы, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу қауымдастығымен  бірлескен хаттама жасалып,  1905 жылдың 6 желтоқсанында басталған тұңғыш кәсіподақ ұйымының құрылғанына 120 жыл толуына орай, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының қалыптасу тарихы және қазіргі кезеңде еңбекші халықтың мүддесі үшін әлеуметтік серіктестіктің нығаюуына бағытталған деректі көркем фильм жасауға кірісу туралы мәміле жасалды.

Мемлекет басшысының Жолдауында жұмысшы мамандықтарын, еңбек адамдарын дәріптеу арқылы, «Қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болу керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп қорытындалаған еді.

Жұмағали МАҒЗИ,

 «Қазақстандық оқу ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі

Басқа материалдар

Back to top button