Жұмыспен қамту – басты міндет
Еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде Президент Қ.ТОҚАЕВ халыққа экономиканы, шағын және орта бизнесті және ел тұрғындарын әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған бірқатар нақты тапсырманы айрықша атап айтты.
Маңызды мәселелердің бірі, адамдардың жұмыспен қамтылуы және еңбекке орналастыруды қамтамасыз ету. Бұл мемлекеттің ерекше бақылауына алынған. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде 66 мың жоба оң нәтиже беріп, 150 мыңнан астам жұмыс орыны ашылған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.
Ел азаматтарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге арналған бағдарламаны орындауда Қарқаралы ауданы жүйелі түрде жұмыс жасауда. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 19 адам жолданған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу жоспары – 96 адам болса, жоспар 156% орындалған. Кәсіпкерлікті дамытуға ниет еткен 155 адамға 594 млн. 886 мың теңге несие берілсе, 20 адамға 11 млн. 668 мың теңге грантқа ие болған. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 25 адам, жастар практикасымен – 15 адам, қоғамдық жұмыстарға – 255 адам, «Бірінші жұмыс орын» жобасы бойынша 2 адам жолданған. Сонымен қоса, жыл ішінде аудандағы жұмыс берушілердің беретін бос жұмыс орындарына 750 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 396 адам жұмыспен қамтылып үлгерген.
Аудандағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізіп келе жатқан бағдарламаның тұрғындар үшін маңызы зор.