Ресми

Жұмыс бар, жұмыскер жоқ

Облыс халқының төрттен бірін құрайтын еңбекке қабілетті 400 мыңға жуық жастың 6 мыңнан астамы – жұмыссыз. Жұмыстың жоқтығынан емес, құлықсыздықтан. Ал, облыс кәсіпорындары жұмыскерге зәру. Былтырғыны айтпағанның өзінде, биыл 147 млрд. теңгеге 11 жаңа өндіріс іске қосылған. Бұл дегеніміз – 2 мыңнан астам жұмыс орны. Одан бөлек, мемлекет кәсіп ашамын дегендерге де барынша қолдау көрсетіп, төмен пайызбен несие беріп бағуда. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында көрініс тауып, Үкіметке арнайы тапсырма да беріледі. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Демек, олардың өзі жұмыс орнын ашып, жұмыскер жалдауға мүдделі. Соған қарамастан, жұмысқа шақырушылар да, жұмыссыздар да азаяр емес. Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр осылай дейді.

Іздену – маңызды

Нәпақасын тауып қана қоймай, әл-ауқатын арттыруға талпынғанның алдынан даңғыл жолдың ашылары анық. Ол үшін «темір етігің – теңгедей, темір таяғың – тебендей» болғанша жортудың да, шетел асып, түрлі келеңсіз оқиғаларға ұрынудың да қажеті жоқ. Бәрі алақандағыдай. Ниет болса, жеткілікті. Мысалы, өңірде 1,5 трл.теңгеге 55 ірі инвестиция­лық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл – 13 мың жұмыс орны. Жалақы да жаман емес. Бірақ, Дарын Бейбітұлы жастардың кәсіпорындарда жұмыс істеуге құлықсыз екенін айтады. Себебі, нарықтық жүйенің сұраныс-талабына қарамастан, әлі күнге дейін заңгер, экономист және тағы сол тәрізді «беделді» мамандықтарды таңдап, қолдарын «былғағылары» келмейді.

– Әрине, аталған мамандықтар да керек. Оны мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де, бүгінде облысымызға жұмысшы мамандары ауадай қажет екенін де ескерген жөн. Жұмысшы мамандықтардың жалақысы өзгелерден бірнеше есе артық. Кәсіпорындар өз қаражатына шетелде оқытып, маман дайындауға мүдделі. Оқыған, тоқығаны қажет деп, қол қусырып отырған жоқ. Бұл, мамандығы жоқ жастар үшін өте оңтайлы, – дейді Дарын Бұлқайыр.

Одан бөлек, жоғарыда айтқанымыз­дай кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан төмен пайызбен, атап айтқанда, жылына 3% үстемақымен несие беріледі. Несие мерзімі – 7 жыл. Жұмыс жасап, кәсіп ашқысы келгеннің қолын қағып жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне, несие берген Үкімет салықтан да босатады.

– Қазір жастардың басым бөлігі, атап айтқанда, 50-60%-ы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Осылайша жұмыссыздар саны артады. Біз өз тарапымыздан өңірдегі жұмыс орындары туралы ақпарат беріп отыруға тырысамыз. Оқу орындарымен және кәсіпорындармен меморандумға отырып, кездесулер өткіземіз. Одан бөлек, жастардың болашақта тұрақты жұмыс орындарында қалулары үшін нақты мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін оқуды ұйымдастырамыз. Ал, оқу орнын бітіргендер шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін шыңдайды. Білікті маман қашан да сұранысқа ие, – дейді Дарын Бұлқайыр.

 

Кадрсыз кәсіпорын да тоқтап тұр

«Қарағандыдан не шығады?» дегеннен, «Не шықпайды?» деген жөн. Автобустан бастап, тұрмыстық техника, күнделікті қолданатын ұсақ-түйектің барлығы өзімізде жасалады. Тіпті, Қарағандыдан шыққан өнімге жақын шетелдің сұранысы да жоғары. Мәселен, Саран қаласындағы «Kama TyresKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жеңіл автокөліктің дөңгелегінен бастап, ауыл шаруашылық техникаларына арналған шиналар да шығады. Мыңнан аса жұмыс орны бар кәсіпорынның жұмысы толық қуатына енген жоқ бүгінде. Бірқатар техникалық сәттерден бөлек, қолбайлау болған дүниенің бірі – жұмыс күшінің кемдігі. Кәсіпорын басшылығы жұмыскерлерін шетелде оқытып, тағылымдамадан өздері-ақ өткізіп отыр.

– Біз зауытта жұмыс істегісі келетіндерді, әлбетте, өзге өңірлерден, болмаса, шетелден іздемейміз. Ол, біріншіден, екі жаққа да тиімсіз. Зауыт қосымша жатақхана салуы керек болар еді бұл жағдайда. Сондықтан, жұмысқа жергілікті тұрғындардан алуға тырысады. Бірақ, әлі де зауытта жұмыс күші – жеткіліксіз. Кәсіпорын жұмысының толық қуатына еніп, жоспарлы өнімді шығаруына кедергі – осы жұмыс күшінің жетіспеушілігі, – дейді Дарын Бұлқайыр.

Бұл бір ғана мысал. Одан бөлек, бір ауысымда 4 автобус дайындап үлгеретін Saran индустриалдық аймағындағы QazTehna зауыты тағы бар. Бұл жерде кәдімгі автобустармен қатар, әлем мегаполистері ұстанған бағыт – электромобильдер де шығады.

Дарын Бұлқайыр биыл іске қосылатын тағы 11 жобаға тоқталды. Олар – тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» ЖШС, жел қондыр­ғыларына арналған конустық мұнара жасайтын «United Energy Qazaqstan» ЖШС, құрылыс материалдарын шығаратын «Saryopan Operating» ЖШС сияқты кәсіпорындар.

 

Кәсіпкерлер қолдаусыз емес

Бизнесті қолдау мақсатында өңірде инвесторларға қызмет көрсету орталығы бар. Кез келген жобаға басынан бастап, аяғынан тік тұрып кеткенше көмек көрсететін орталықтың кәсіпкерлер үшін көмегі зор. Яғни, облысқа келген инвестор қолдаусыз қалмайды. Орталық мамандары ахуалға талдау жасап, бизнестің күйіп кетпеуі үшін барлық жағдайды қарастырады.

Орталықтың директоры Дидар Мизембаева кәсіпкерлер үшін пайдалы болатын тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті. Директордың айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі пилоттық жоба әзірлеген. Әуелде тек Алматы қаласында ғана қолға алынған жобаны болашақта барлық өңірге енгізу жоспарда. Әрине, тізімде Қарағанды да бар. Бүгінде облысқа 3 млрд. теңге бөлу қарастырылып жатыр. Қаржыландыру «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы жүргізіледі.

– Пилоттық жоба өңірімізде қолға алынса, кәсіпкерлер жылына 3%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алады. Одан бөлек, шағын өндірістік аймақ құратын компания үшін көлемі 1500 шаршы метр ғимарат ұсынылады. Кәсіпкер 20%-ын өз мақсаты үшін пайдаланса, 80%-ын нарық бағасынан төмен сомаға жалға беруі тиіс, – дейді Дидар Мизембаева.

Шағын кәсіпорынға берілетін ғимарат бос тұрмауы керек. Яғни, ол жерде жиһаз немесе тігін цехы сияқты шағын өндіріс орындары орналасады.

Орталық директоры пилоттық жобаға қатысты жұмыстар жүргізілуде екенін айтады. Яғни, жобаны жүзеге асыратын кәсіпкерлер іріктеліп, жалға алушыларды іздеу үстінде. Бұның өзі болашақта қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button