Бас тақырып

Жұмыс бар, ынта керек

Бүгінгі таңда жастардың өздері еңбектенуге құлық танытпайтын секілді…

Олай дейтініміз, өңірде ірі жобалар іске асырылған сайын бос жұмыс орындарының саны да қоса артуда. Білікті маман іздейтін басқармалар жаз бойы ілген жарнамаларында бос жұмыс орындарын ұсынумен әлек болады. Сондықтан, биылғы жобалардың басым көпшілігі де жастарды жұмысқа тартуға бағытталып отыр…

Жақында Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ түлектерді жұмыспен қамту мақсатында университеттерде кәсіптік бағдарды айқындау жұмысы жүйелі түрде жүргізілуі керектігін айтқан. Осы орайда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының және Жұмыспен қамтудың жол картасының құралдарын күшейтуді тапсырған. Биыл «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылыпты. Оның басым көпшілігі – жастар.

– Қазіргі таңда облыстағы кәсіпорындарда еңбектенетін мамандардың әрбір үшіншісі – 50 жастан асқандар. Жастар аз. Бұл – заманауи кәсіпорындарға жұмыс істейтін жастар керектігін алға тартады. Лайықты жалақыдан бөлек, жас мамандарға дұрыс жағдай жасалуы қажет.

Аймақтың кәсіпорындары, құрылыс компаниялары жұмыс істейтін жастарды жиі іздейді. «Екі қолды бір күрекпен» қамтуға дайын. Кәсіби мамандарға деген сұраныс жоғары уақытта ірі жобалар іске асырылғаннан кейін, вакансиялар, тіптен көбейеді, – дейді Қарағанды машинажасау зауытының Аслан есімді қызметкері.

Аслан айтып өткендей, жақында Үкімет отырысында Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында барынша көп тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысқа оң баға берілген болатын.

Сәйкесінше, биылғы 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасы енгізілетіні белгілі болды. Ал, осы уақытта Қарағандыда жұмыссыз жастарға арналған жаңа жоба іске қосылды. Негізгі жоспар облыста биыл 36 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту. Сол үшін жұмыссыз жастарға көмектесу мақсатында «Бірінші жұмыс орны» жаңа жобасы жұмысын бастады.

– «Бірінші жұмыс орны» жобасына ЖОО мен колледж түлектері, сондай-ақ 29 жасқа дейінгі NEET санатындағы жастар қатыса алады. Кәсіпорын мен жұмыспен қамту орталығы арасындағы шарт бойынша кемінде екі жыл мерзімге жұмыс ұсынылады. Бірінші жылы жергілікті бюджет қаражатынан жұмыс беруші 20 АЕК (58 340 тг.) мөлшерінде ай сайынғы субсидия алады, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова .

Жобаға бірінші болып Саран, Сәтбаев, Шахтинск қалалары және Абай аудандарының тұрғындары қосылып, бірінші тоқсанда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 8 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасыпты. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 10 мың жұмыс орны құрылған. Қоғамдық жұмыстарға 2 563 адам орналасуға ниет білдірсе, соның ішінде жастар тәжірибесіне 203 адам жіберіліпті.

– Өзім үшін «Бастау бизнес» жобасын оқымақпын. Ол өз кезегінде бар жағынан тиімді. Соның нәтижесінде өз кәсібімді ашып, жұмысымды жүргіземін, – дейді Мөлдір есімді жастар тәжірибесіне қатысушы.

Жұмыссыздар мамандықты тегін игере алатынын ескерсек, курстарды таңдауға да ерік берілген. Мысалы, «1С» бухгалтері, механизатор, қазандық қондырғыларының машинист-операторы, маникюр шебері, массаж жасаушы, киім пішуші секілді мамандықтар, әсіресе жастардың қалауындағы жұмыс.

Ал, жоғарыда Мөлдір атап өткен «Бастау бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытады. Бүгінгі таңда онлайн режимінде бірінші топқа арналған курстар басталып кеткен. Негізгі жоспар биыл облыста барлығы 1 250 адамды оқыту. Түлектерге шағын несиелер мен гранттар үшін қаражат қарастырылған.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша биыл өңірге 22,8 млрд. теңге бөлінді. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және ТКШ саласында 19 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.

Осы орайда алдағы уақытта аймақтың өзінде жұмысқа орналастыру статистикасы әрдайым басты назарда болмақ. Өйткені, әр көрсеткіш зейнетақы қорына түсетін жарналар арқылы тексерілмек.

Қашықтан жұмыс істеу форматының барлық салаға өзгеріс енгізгенін ескерсек, өңірдегі мекемелер мен кәсіпорын өкілдері қазірдің өзінде түлектер үшін онлайн вакансиялар ұсынуда. Тиісінше, түлектер үйден шықпай-ақ жұмысқа орналасуда. Өйткені, Жұмыспен қамтудың жол картасы – пандемия кезінде өзінің тиімділігін дәлелдепті. Соның арқасында өткен жылы 177 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасып, олардың ай сайынғы табысы орташа есеппен 90 мың теңгені құрағанын айтады ресми деректер. Жобамен қамтылғандардың 40%-ы – жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүгінген жастар көрінеді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button