Бас тақырып

Жұмыс бар, маман жоқ

Қарағанды былай тұрсын, Қазақстанға тән бұл түйткіл гуманитарлық емес техника, жаратылыстану саласына қатысты бүгінде. Тепсе темір үзетін жұмыс күшінен гөрі, техниканың тілі – тетікке (кнопка) қараған заман келді. Бұл жерде басты мәселе – адамның күші емес, маманның біліктілігі. Осы заманның тілімен айтсақ, негізгі мәселе жұмыссыздықтан көрі, біліксіздікке барып тіреледі. Кәсіби маман, мықты кадр екенсіз, жұмыс іздеп әуреленбейсіз, жұмыс сізді іздеп табады. Қай салада болсын, солай. Жарнамаңды жаса да, тапсырыс алып, жұмысыңды істей бер. Елбасы үнемі айтатын бәсекеге қабілеттілік те құлағын осы жерден қылтитып шығарады.

Жақында академик, атақты математик Асқар Жұмаділдаев «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деп анығын кесіп айтты. Оны естіген руханият өкілдерінің көбі ертоқымын бауырына алып туламаса да, Асекеңді біршама сынап тастады. Бірақ, ол кісі ақындық пен руханиятты жоққа шығарған жоқ. Математика мен поэзия, физика мен лирика туыс деді. Қарапайым ғана ойлап көріңіз. Қазағы көп бір облыстың мектеп бітірген түлектерінің арасынан бес жүзі ақын болуды армандаса, қалғанының арасынан жүз, екі жүзі техника маманы болуды армандай ма, жоқ па? Көбісі заңгер, экономист болғанды қалайды. Ойланатын жағдай. Қазақ – онсыз да табиғатынан ақын халық. Туа салып техника құлағына жармаса кетердей, біздің елде ғылым мен техника кең өріс алып, тұрмысымызбен қабысып кете қойған жоқ. Оның үстіне, қалалық жерлерді білмеймін, ауылдағы ата-ананың көбі «үкімет өлтірмейді» деген көзқараста әлі. Осындай тәрбиеде өскен бала оқып, диплом алған соң, бірден мемлекеттік қызметке орналасуды ойлайды. Өздігінен өнер тауып, техниканың құлағынан ұстап, кәсібін дөңгелетуді мақсат етіп қоюы – екіталай.

Мысалды алыстан алып қажеті жоқ. Осы «Орталық Қазақстан» газетіне білікті бағдарламашы (программист) іздегенімізге біраз болды. Яғни, компьютердің ішек-қарынын ақтарып, жинап беретін «айтишник» маман. Қалада қазір ондай мамандардың түкірігі жерге түспейді. Не айлық қаражаты қомақты ірі компаниялар қағып алады, не олар бір жерден түсетін айлық жалақыға қарап отырмай, екі-үш жерде жұмыс істеп, бірнеше жалақы алуға тырысады. Себебі, сұраныс көп, маман жоқтың қасы. Жұмыс бар, маман жоқ деуіміздің бір сыры осында.

Өткен 2018 жылы Қарағанды құю-машина жасау зауытында маман тапшылығы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова атап айтты. «Maker» ЖШС басшылығының айтуынша, өндіріс орнын тиімді техникамен жаңарту нәтижесінде 100-ге жауық жаңа жұмыс орны ашылған. Сонда заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар жетіспей қалған. Күн сайын түрленіп, жаңарып отыратын цифрланған заманауи технологияны кез келген жоғары оқу орнының түлегі алып кете алмайтын көрінеді.

Бұл мәселені зауыт басшылығы ҚарМТУ және Алматы технологиялық университетімен меморандум жасап, білікті кадрлар даярлау арқылы ғана шешкен. Яғни, техника құлағын ұстағандарға сұраныс бар деген сөз.

Білім және ғылым министрлігі былтыр тіл, әдебиет саласына бөлінетін бес жүз грантты техника ғылымдары саласына бағыттап жібергенде, филологтар тағы да шулап қоя берген. «Онсыз да ұлттық рухтан ақсап, Алаш мұрасы зерттелмей жатыр» деп. Мәселенің мәнісін сол кезде аталған министрліктің вице-министрі қызметін атқарған, қазіргі облыс әкімінің орынбасары А.Аймағамбетовтің журналистермен болған бейресми кездесуінде ұққанбыз. «Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыссыз жүргендердің көбі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушы мамандары. Керісінше, өндіріс ошақтарында техник мамандар жетіспейді. Кадр мәселесі шешілмей жатады. Осыны бағамдап, Білім және ғылым министрлігі әлгі гранттарды жаратылыстану саласына бөлді» дейді А.Аймағанбетов. Мәселен, Қазақстан бойынша барлық мектептер мен оқу орындарына шаққанда бізге 37 мың дене шынықтыру пәнінің оқытушысы жетеді екен. Бұл мамандыққа жыл сайын министрліктен 8000 грант бөлінетінін ескерсек, қажет маманды 5-6 жылдың көлімінде толтырып аласыз.

Тақырыптың тұздығы ретінде біз дәл осы тұсқа республикалық «Qazbilim» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірін бергенді жөн көрдік.

«Бұл мәселенің шығуы еңбек күші мен білікті кадр тапшылығына байланысты. Қатардағы компаниялардың өзінде талапқа сай келетін кадр аз. Мұның басты себебі – біздегі білім жүйесіндегі кемшіліктен деп ойлаймын. Себебі, сұранысқа ие маманды жетілдіріп шығаратын жоғары оқу орындары болсын, мектеп болсын, әлі замана көшіне ілескен жоқ. XX ғасырдағы зертханалар, ХХ ғасырдағы ғылыми техникалық бұйымдар бар. Мұның бәрі жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік бермейді. Бұдан шығар жол – университет пен мектепті заманауи бағытқа көшіру. Университеттердің көпшілігінде тексеріс келгенде ғана ашылып, сосын жабылатын зертханалар бар. Шынына келгенде, ұлттық университеттердің өзінде химия, биология, биоинженерия, ядролық физика зертханалары ХХІ ғасырға өткен жоқ. Ең өкініштісі – осы» дейді ол.

Ғаламтор бетінде сараптама жасаушылар не дейді?

«Бұрынғы жүрісін өзгерткен ғалам цифрлы қоғамға бет алып кетті. Бәріміз кнопкаға бағындық. Баса салған оңай. Ал, баса салу – тұтынушыға оңай, ал оны құрастырушы үшін – еңбек. Бізге кнопка басқанын білім санайтын маман емес, соны құрастыра білетін маман қажет. Өндіруден көрі өнімді ала салғанды жақсы көреміз. Бірақ, бұлай ел жетістікке жете алмайды. «Apple» бола алмағанына «Samsung» ренжіп, бүктүсіп жатып алды ма? Керісінше, бәсекеге ұмтылып келеді. Дәл сол секілді, бізге де біреу бәрін өндіріп қойды дегенше, өндіріп көруге, ұқсап көруге тырысқан әлдеқайда тиімді»

  • ● ●

«Қазіргі балалардың арманы – әнші болу. Әке-шешенің ойында да сол, талабы мен таланты болмаса да, баласын әнші ету. Оларды дәрігер, IT маманы, қоғамға өте қажетті ғылым саласын игерту қызықтырмайды. Өйткені, қазіргі қоғамда әншілер насихатталады. Яғни, сол насихатталып жатқан соң, баланы қойып, ата-ананың өзі баласын технократ еткісі келмейді. Өзі суырылып шыққан тума талант онсыз да ақын не әнші болады. Елді танытатын, қоғамды көркейтетін, теңіздің бетіндегі көбікті емес, теңіздің астындағы маржанындай құнды заттарға ұмтылатын өнертапқыш технократтар керек бізге»

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button