Жұмбағы көп өмірдің түсінбеген…
Абзал Бөкен. Қазақ шайыриятындағы үйлесім мен тереңдіктің нышанына айналған құтты есім-тек. Ақын шығармашылығы саналы адам жүрегінің түбіне бойларлық сандаған реңкке бай сиқыр ма дерсіз. Әр шумағында таңғажайып табиғатпен астасқан ізгілік, іңкәрлік, махаббат пен руханияттың тылсым тармақтары қаракөк сияға айналып, тамшылаған жұмбақ әуен болып жетеді енді бір шақта.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ақсамал ақын Абзал Бөкеннің мерейтойы күнінде өзгеге шенделмес өмірі мен шыңыраудан шығандаған шығармашылығына, оның лирикалық әлеміне саяхаттап қайтуды ұсынамыз, қадірлі оқырман!
Редакциядан.
ҚАС ҚАҒЫМ
Бәрі де әурешілік, әурешілік,
Жүргенің тас қопарып, тау көшіріп.
Өзен аз буып тастар теріс аққан,
Кезең аз қуып тастар жауды есірік.
Әуелден алқын ғалам, жұлқын ғалам,
Жері жоқ жел жұлқыса жыртылмаған.
Шыңның да шылп етпейтін тас тамыры
шым құсап тағдыр жетсе былқылдаған.
Шеңберің шеті кетсе доға болар,
Доға боп… шекесіне тоба қонар.
Шорағай шортан болар.
Ал, қарағай шортаның соға кетер қоға болар.
Түк емес тындырғаның, түнді ұрғаның,
Тұрмыстың түзеймін деп бұлдыр халін.
Мезгілден мың бір ақын майып болған,
Мезгілмен ғайып болған мың бір ғалым.
Баянсыз дүние бұл, аспа күнін
кететін тастап ұрың, тастап ұлың.
Дәметпе мәңгіліктен.
Мәңгілік сол –
мәнді етсең саған тиген қас қағымын.
ОЙ
Мен өлсем, мені қуған ойдан өлем,
Бас ойда, болғанымен тойда денем.
Айрандай ашыған ой ақырғанда,
Қайраңдай күй кешеді қаймақ-әлем.
Ойдамын жұмыста да, тыныста да,
Қисынға кигізгендей күміс таға.
Маған ой мұзға малған мамонтың да,
Маған ой сызда қалған құмырсқа да.
Маған ой біреулердің бай болғаны,
Біреудің ыңыршаққа айналғаны.
Күйім күл, қоз іздеген қайдан-дағы,
Миым бір мина сынды майдандағы.
Сырт сабыр, ал, іштейін аласұрам,
Сырттандай қақпандағы жарасы қан.
Төзімім тентірейді.
Теңдік таппай
Адамнан өрген адам баласынан.
Кімі дос әділеттің, кімі дұшпан,
Сан сұрақ санама кеп сығылысқан.
Көздерім босамайды көріністен,
Көңілім босамайды құбылыстан.
Тасынсам талабымды жасын жебеп,
Таудың да жіберемін тасын демеп.
Ой жоқта тұғырдағы денем мүсін,
Ой жоқта құбырдағы басым көнек.
Мен өлсем, бойдан емес, ойдан өлем,
Бой бүтін, бүтін болса оймақ-өлең.
Ол сөнсе, мен де сөнем.
Ойнамай қап,
ойын мен ойнақыға қойма денем.
ҚАРАКӨК
Қазақтың тал бойына тұнған әдеп,
Жақсысы жылқы ұстаған кіл қаракөк.
Заулаған қылқұйрығың сол білемін,
Лаулаған тамырында сырғанап от.
Таба алмай тойынуға жаздай ілік,
Тектің сол көп жусайтын, аз жайылып.
Шайнаған ауыздығын.
Шалық буса,
аспаннан аққу менен қаз қайырып.
Су ішсе жалдап ішіп тұнығынан,
Сұлының тоят тапқан сынығынан.
Бегің сол, бегзатың сол.
Бел қызық, – деп
жабыға қараспаған ұрығынан.
Кезде де керек емес керекси қап,
Егесі еркелеткен ерек сыйлап.
Суреті сұлулықтың тағы да өзі –
Қаз кеуде,
аққу мойын,
серек сирақ.
Иіліп таппаса да ұшпақ қырдан,
Игің ол ізгілікке іс бақтырған.
Аттың да,
адамның да,
өлеңнің де
өзегін өр биікте ұстап тұрған.
Кескіндеп дала кебін, қала кебін,
Қаламың қалт жібермей салады ебін.
Қара өлең – қалың жылқы.
Біз Күреңбай
өлеңнің іздеп өтер қаракөгін.
ИЛЕУ
Беу, балалық!
Білместіктің билеуі
болмысыңды бұзады ғой үйдегі.
Ойын қуып ойпаң жерде кезіккен
әлі есімде құмырсқаның илеуі.
Қызық үшін қала алмаған аяп мен,
Быж-тыж қылғам қолымдағы таяқпен.
Талқандалған тал ұшымен ұлы орда
у-шу болған ұлысымен құларда,
жайрағандай көктен түскен жай-оқпен.
Неткен пәстік!
Өзі нәзік, қосы дәу
күш көрсету кішілерге осынау
қайыңдай қол, бөренедей аяқпен?!
Қапияда құқай көрген аспаннан
Құмырсқа-жұрт құты қашып сасқаннан
ойнап кеткен оябында быжынап,
амалымен жай оғынан жасқанған,
жанарымен қан аралас жас тамған.
Ал, біз деген ләззәт тауып қашқаннан
мүскін боппыз «ерлігіне» мастанған…
О, қара жер!
Сен де сондай илеусің,
Өзіңде емес, өзге жақта билеушің.
Ол билеушің бір табиғат, бір құдай,
Қолындағы «таяғымен» бұрғыдай
бір кездегі мен құсап,
төбеңізге белгі сап;
Бүтініңді тесіп кетсе қайтесің,
Күтіміңді кесіп кетсе қайтесің?
Қадіріңді білмей келсек, киелі ел,
Кеңдігің ғой кем ақылдар сүйенер.
Кешір біздей ұя бұзған бір кезде
тентегіңді теріс іске иегер.
Әлем шетсіз,
уақыт шексіз,
жер илеу,
адам да бір құмырсқа ғой сүйегі ер.
Сақта соны быж-тыж қылар таяқтан,
Быж-тыж болу емес, әсте, би-өнер.
«Бесігіңді түзе», – деген Әуезов,
Біз де солмыз, илеуіңе ие бол.
ОСЫНДА
Оқта-текте алатын ел алғысын,
О, әділет, әлі де сен бармысың.
Бар болсаңыз бүгін тартқыз сазайын,
Бұзған қудың жақсылықтың жарғысын.
Той көретін асылдардың азасын
тәлімсіздің жырмен алам мазасын.
Суайт біткен,
сұйық біткен,
сұм біткен
сиратта* емес, осында алсын жазасын.
Осында алсын ел ырысын жеп кеткен,
Осында алсын жебір ісін көктеткен.
Осында алсын бесінші амал іздеген
шыға сала төрт амалдық мектептен.
Тозақ бар, – деп тасыр мінез тосынға,
Тоқтай берме молдаң айтқан жосынға.
Кім сындырса ел сенімін,
Дәл соның сағы сынсын, жағы сынсын осында.
Елді мынау ел етпеуге бекіген
Еренсіздің пейілі тас, беті көн.
Қорқауларға құдай әлі жетпепті,
Сол себепті құдай боп жүр шетінен.
Беу, әділет бір шығатын төбе-шың,
Мені өзің, сені тәңір жебесін.
Зұлымдарды көрде өкіреді, – дейді жұрт,
Көр не керек, осында өкірмегесін?!
*Сират – қияметтің қыл көпірі.
ТІЛ
Бұлақ болса, сылдырасын бұлақша,
Бұлақ емес, булығып ол құр ақса.
Құрақ болса, сыбдырасын құрақша,
Жарамайды қалқию құр құлақша.
Тасқын болса, арқырасын тасқынша,
Тасқын тілі арқырау ғой асқынса.
Қасқыр болса, ұлып берсін қасқырша,
Қасқыр емес, итше үруге бас бұрса.
Жолбарысың жортып келген түнімен,
Жөн айтады ыңырану үнімен.
Ал, арыстан бола алмайтын күбір ем,
Күркірейді көмей керген үнімен.
Таудың да өз, баудың да өз тілі бар,
Тасың тау боп тантыраса кім ұғар?!
Шымның тілін былқылдаған шым ұғар,
Сұмның тілін сұңқылдаған сұм ұғар.
Түлкі ұғады шәуілдеген түлкіні,
(Шәуілдеткен, мүмкін, оны құлқыны).
Кісінесе сиырың да күлкілі,
Мөңіресе жылқы деме жылқыны.
Туған тілде сөйлей алмай қалыпты,
Қайран қазақ налытты ғой, налытты,
Кімдер дейміз күйі малдан жоғары,
Тілі бірақ одан төмен халықты?!
МАЙДАЛАР МЕН ІРІЛЕР
Кіші қалып, жататын үлкен кетіп,
Өмір деген толмайтын бір кем-кетік.
Динозавр жоғалды.
Орынына шегірткенің айғырын бүлкеңдетіп.
Шағыр көзі шайтандай шатынаған,
Құлтемірден бір күні қапы қалам.
Зілдің орнын басам деп зілденетін
піл де кетіп барады сахнадан.
Шиырында азулы арыстардың
шиебөрі шығып тұр жарысқан күн.
Барыс кетіп, бәсіне мысық қалар,
Талысқа өтіп терісі арыстанның.
Тісі сойдақ, телпектей түрік ерні,
Қар адамын біреулер тірі көрді.
Ол да ғайып болыпты.
Білгеннен соң оңдырмасын майдалар ірілерді.
Шарасы жоқ шалдығып жұтқа бәрі,
Шалқар теңіз шалшыққа ұртталады.
Құланыңнан, кел де өкір, қодық туып,
Жыланыңнан, көр де тұр, құрт қалады.
Ел тонаған ел аман, жұрт тынышта,
Етеміз, – деп қор болдық, – қыртты нұсқа.
Халық кетсе толымын тобыр басар,
Алып кетсе… орынын құрт-құмырсқа.
ҚҰЙРЫҚ
Ауыл итінің құйрығы қайқы.
(Мәтел)
«Жаман үйді билейді», – деп, – қонағы,
Жұртым қалай мықты мәтел жонады?!
Отынымды келіншегі көршінің,
Шоқы-қырды келімсегі тонады.
Тұтқасынан алтын аққан ыдыстың
Айырылып қап, айдалаға ығыстым.
Балымды алды балшысы кеп батыстың,
Малымды алды малшысы кеп шығыстың.
Місе тұтқан жамбыны емес, жапаны,
Менікі құр ие, – деген атағы.
Солар жиды дудыраған долларды,
Солар киді судыраған матаны.
Қонағына қона жатар, қонбай да,
Қолай бермес кешегідей зор қайда?
Барақ итім қайқитатын құйрығын,
Қонақ итім қысып оны борбайға.
Киіп алған бірі тон да, бірі ішік,
Келімсекті алмас болды қыр-үсік.
Инвестор-ит ыр еткенде,
Дір етер
«Күн кешкір ит» қарадайын құнысып.
Қоңсыңызға қонса үйдің билігі,
Қандені де ит біткеннің жүйрігі.
Хал сұраса төбетіме қараймын,
Қайқы емес, тайқы тартқан құйрығы.
ҚАРА КӨБЕЙТУ
Әлекке түссе әсірешілдік,
Әдібін үзер көркем ой.
Өлеңің анау басы кесіліп,
Көкпарға тартқан серкедей.
Тартыста осы жеке түлемес,
Талайы соның жел-көбең.
Мақсаты жұлып әкету емес,
Жұлғанға тұру көлденең.
Шабан да емес, жүрдек те емес,
Алдында тұсау, арты өре.
Дүбәраларға дүр көкке емес,
Дүрмекке еру мәртебе.
Содан да болар ана қағазды
айдақтағанмен түрлі еңбек,
Қара үзіп шыққан қаракөк аз да,
Қара көбейтіп жүрген көп.
Жабығып қалдым сұрақтан неше,
Жауабын айтсаң бас жарар.
Құлагерді де құлатқан кеше,
Қара көбейткен қасқалар.
Шәлдірік бүгін шайырға күлмек,
Жыр қайда жалпақ жаядай.
Жақсы мен жаманды айырмадың деп
жабырқап кеткен Абай-ай.
Жүйрікті қайтсін дара төгілген,
Жүрегі жырға жадаулар.
Сен аман болшы,
Қара тобырмен қаржасып жүрген қадаулар!
АЛЛЕГОРИЯ
Жайраң қағып жүрсем де ішінде мен,
Жұмбағы көп өмірдің түсінбеген.
Беті адам болғанмен,
Әр пенденің
аң-құсы бар бойға шақ мүсіндеген.
Бірі барыс олардың, бірі арыстан,
Құзырына қалғаны құрақ ұшқан.
Патша арыстан болғанда, барыс уәзір,
Зәреңді алар жеткенде зілі алыстан.
Қасқыр-әкім қысқанда, қоян-халық
ұқсамайды, әрине, ноянға анық.
Мөрі маймақ министр бал қуалап,
Танытпады таяуда тояр қалып.
Мықтыларды жағалап түлкі мыстан,
Көтереді миығын күлкі қысқан.
Жымиғанда сұр жылан көзіңді арбар,
Жаралғандай іші алтын, сырты мыстан.
Сайын дала сасыса сайғақ құрып,
Қоймағаны қорқауға ай бақтырып.
Пілге мінді маймылдар.
Алыптарда ақыл тапшы, – дегенге айғақ қылып.
Қашқан торғай ішінен жыңғыл-үйдің
дейтін сынды қырғиға, – құр қыдидың.
Әлділері әлсізін майып етіп,
Жүріп жатыр жұмысы джунглидің.
Іздемеген азығын адалынан,
Ілбісіннің тырнақ пен табаны қан.
Өзгермейді-ау жуықта,
«Аң-құстарым» келе жатқан Крылов заманынан.
ШЕГІНУ
Әлсіредім, дегенмен, әлсіредім,
Әдеміше, – десең де қанша, – іреңің,
Асау едім, жетекке жүргіш болдым,
Қашау едім, қажыды хал-сүреңім.
Өрелесті таппайтын өз қасынан
өршіл басым бүгінде тез басылам.
Сөзді асырам басымнан.
Сөз түгілі, өңменіме қадалған көзді асырам.
Атым қалды мінетін қарғып әлгі,
Қатын қалды, көрпемді қарғын алды.
Шепті беріп шегінген сәттерімнен
көпті көріп көндіккен шал құралды.
Жүрген сайын болатын бәдені пәс,
Жүдеу жанға сеп болмас кәде құлаш.
Қартай, – дейді әдемі.
Соны айтқанның өзі болып жүр ме екен әдемі жас?
Кешегідей шапшу жоқ, шалқаю жоқ,
Күн өтеді қалақтай қалқаю боп.
Жұрт та қызық.
Көнбеске көнгеніңді
атайтұғын «әдемі қартаю», – деп.
ТАНЫМ
Қызық кейбір оқырман,
Байтағында би болғансып отырған,
Би түсетін үй болғансып отырған,
«Кісі» көріп өзгелердің ішпегін,
ісі берік өзіндегі тоқымнан.
Көбі соның бірақ та
көтеріңкі сөз құйғанмен құлаққа;
Күмісіңді айырмайтын қоқырдан,
Ұлы шыңды айырмайтын шоқыңнан
таңқы таным.
Топатайы миының
мақтангөйлік талшығынан тоқылған.
Сөйте тұра, қол «көргіш-ақ» шолақтан,
Сөйте тұра, көз «көргіш-ақ» соқырдан.
Құбылысты сырты тақ та, іші жұп
түсіне алмай тұрса-дағы «түсініп»,
пісіре алмай тұрса-дағы «пісіріп»
кеспелтек боп шыға келед.
Ол құсап «ұқпағанның» ұма майы пішіліп.
Ол білгенді мен білмесем күлмеңдер,
Білмегенін білген ғана жырды өңдер.
Жоқты бар, – деп бар болмайсың ешқашан,
Жоқты жоқ, – деп бүтіндеген іргеңді ел.
Қыр аспайсың сен де өтірік танығыш,
Сен де өтірік білім бізін жанығыш
күмпиткенмен көңіліңді үрген жел.
Айтайықшы турасын кім тілесе,
Білімсізден қауіпті екен мың есе;
Ілмесе де ілген боп,
Білмесе де білген боп,
Мұрынына исі бармас мұнарды
көзбен «көріп», қолмен «ұстап» жүргендер.
МАЙДА
Талмауынан өтіп кеткен мықтылар,
Талай жылдың тобығына жұқты қар.
Өлген дана өгей болып,
Орнына келген бала «кемелдігін» ұқтырар.
Кісіліктен қымбат болса құлқыны,
Қиын емес кенеп ету құлпыны.
Өйткені, көзі жоқтың өзі жоқ,
Өйткені, ол өлі де, бұл тірі.
Жақтайтындар жақсыларды жыры құт,
Жарым жолдан кеткен сынды бұрылып.
Өзін қойып,
Өзгелердің мерейін
өрге қояр қайда қалды ірілік?!
Есіл-дерті болғаннан соң жейтін жер,
Елес берді есіріктің кейпінде ел.
«Қауым үшін» далада қап,
Қағынды ауым үшін, бауым үшін дейтіндер.
Әділеттің түп атасы ардан деп
айтатынның топысы тұр тардан кеп.
Төтен ердің демін буып,
Тантиды бөтен елдің құмалаған маржан деп.
Сөйте-сөйте арқан болды құлаш жіп,
Салқам болды салым салып тыраштық.
Кетті солай кемелдікпен бір тоқтық,
Жетті солай төмендікпен бір аштық.
Ұбақ-шұбақ ғасырлардан шұбаған
мұнарадан мұқыл боп тұр мұнарам.
Кешегіден бүгін майда,
Бүгіннен ертең майда, қайда барады бұл адам?!
Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.