Басты тақырыпЖаңалықтар

Жұмақтың иесі немесе тоғызқұмалақ пәлсапасы

         Бүгінде тоғызқұмалақ жөнінде әңгіме көп. Аузы-мұрнымыз қисаймай ойын атауын өзгертейік деп біраз езеуредік. Байқасақ бақа екен дегендей, біреулерге тоғызқұмалақ атауының аудармасы ұнамайды екен. Оқыған надандығымыз осыдан-ақ көрініп тұр. Қай халықтың ұлттық ойыны басқа жұрттың тіліне аударылып жүр екен? Бейсбол, карате, го, рендзю, регби ойындарының қазақша атауын білетін жан бар ма екен? Олай болса тоғызқұмалақ та өз атауымен қалуы керек. Елбасымыз айтпақшы, бабаларымыз біз ұялатындай ештеңе қалдырған жоқ. Ал құмалақ сөзі үшін ұялатын жандар болса олардың алдымен қазақ болмағаны, қалды мүсілім болмағаны. Осының барлығы тоғызқұмалақ ойынының табиғатын түсінбегендіктен. Белгілі мәдениеттанушы-тоғызқұмалақшы Еркетай Иманбаев ағамыз тоғызқұмалақ философиясын жазып жүр. Ал біздің бүгінгі әңгімеміз осы ойынның пәлсапасы туралы болмақ.

Қош, сонымен тоғызқұмалақ ойыны қалай пайда болды? Әркім әртүрлі айтады. Толық жауап жоқ. Жауап бар еді. Біздер соны аттап кетіп жүрміз. Тоғызқұмалақ ойыны адамзат баласымен сонау Ибраһим пайғамбар дәуірінен өмір сүріп келеді. Қалай келді, неге келді? Оны ел-жұрт білсе керек.

Ұлық пайғамбарымыздың ниет тазалығын көріп Һақ тағала көктен қой түсірді.

Көк дегеніміз пейіш, жұмақ. Бабаларымыз қой түлігін тергегенде пейіштен жаралған деп әспеттейді.

Олай болса тоғызқұмалақ ойыны сакральді өнер!

Қой пейіштен құмалақсыз түскен жоқ. Құмалағымен түсті. Тоғыз құмалағымен…

Абай тоғызқұмалақ ойнады деген сөзді барша жұрт жазып та, айтып жүр. Біздің Арқада Қаздауысты Қазыбек тоғызқұмалақ ойнады деген де сөз бар. Соны екінің бірі айта алмайды. Өйткені жасқанады. Өзінің сауатынан. Өзгенің сауатынан.

Шын мәнінде ойнаған. Бұл ойынды Төле бабамның да, Әйтеке бабамның да ойнағаны даусыз. Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ.

Қаздауысты Қазыбек бабамыз қазан көтерген жерде бас ұстаған ғой. Сол әулие бабамыз басты былайша мүшелейді екен. Алдымен құлақты кесіп алып, ақыр күніңе дейін жаманшылық естіме деп әуелі оң жағындағы, соңынан сол жағындағы көршісіне береді екен. Одан кейін аракөршісіне, яғни көршісінің көршісіне ақыр күніңе дейін жаманшылық көрме деп екі көзін береді дейді. Таңдайын кесіп алып, өзің өлсең де сөзің өлмесін деп қарсы отырған адамға береді дейді. Ең соңында өзіне кеңсірікті қалдырып иіскейді екен. Пейіштің иісі шығады деп. Бұл сөзімізді тағы бір мәдениеттанушымыз Жұмажан Нұртайұлы да қолдайды.

Құмалақтан жиіркенсе қазіргі қазақ жиіркенген. Бұрынғы қазақ қой сүтіне түскен құмалақты алып тастап іше берген.

Осы құмалаққа біздің бақсы, балгерлеріміздің де қатысы бар. Олардың тобын құмалақшы дейді. Олар алдарындағы құмалақты таратып, мәлімсіз жайтқа бал ашады. Құмалақтардың ұзын саны – 41. Сол қырық бір құмалақ цифр тілімен сөйлейді. Демек, әр құмалақтың соңында ақпарат бар деген сөз.

Бұл жағдайда да құмалақ өзінің сакральдігін сақтап тұр.

Олай болса қағынан безген құландай болмайық. Тоғызқұмалақ атауын өзгертейік деп шет болмайық.

Қасиетті Құран Кәріміміз тұнып тұрған математика. Оны әбжад есебімен түсіндіруге талпынған ғалым-тоғызқұмалақшы Ғұзыхан Ақпанбек. Кешегі Машани шәкірті. Ғұзыхан ағамыздың бұл жөнінде күрделігі еңбегі де бар. Сол кісі айтады. Әбжадты тоғызқұмалаққа да қолдануға болады деп.

Тоғызқұмалақ ойынындағы құмалақтың ұзын саны – 162 (81х2). Ғұзыхан ағамыздың айтуынша бұл «Фатиха» сүресінің әбжадтық мәні (162). Тыныштық жағдайында, ойын басталмай тұрғанда тоғызқұмалақ ойыны кәдімгі «Фатиха» сүресі болып шығады. Ойынның сакральдығы, қасиеттілігі, тылсымдылығы осылайша атойлап-ақ тұр емес пе?!

Қазір Ғұзыхан Ақпанбек жолын ұстанушылар шыға бастады.

Мен білсем бұл жолға арамыздан бірінші болып түскен жоғарыда айтқан Еркетай Иманбаев болса керек. Ол кісі тоғызқұмалаққа иман тұрғысынан келеді. Осылайша тоғызқұмалақ философиясынан тоғызқұмалақ пәлсапасына келіп отыр. Ырықсыз.

Сонда тоғызқұмалақ пәлсапасы дегеніміз не?

Ол – сакральдік, әрине.

Тоғызқұмалақ ойыны да математикадан тұрады. Сакральді болғандықтан оған да әбжад есебін қолдануға болады.

Һақ тағаладан басқасының барлығының да жұбы бар. Ақ-қара, ұзын-қысқа, ыстық-суық дегендейін. Сандар да солай. Толықтыққа ұмтылады. 1 санының жұбы – 2. Ал 3 санының жұбы – 2 бола алмайды, оның жұптық (толықтық) саны – 4.

1 санынан басқасының бәрінде нәпсі жатады. 1-ді 1-ге көбейтсек те – 1! Олай болса тақ сандардың барлығында да бір құпиялық жатады. Тоғызқұмалақ та осы тақ және жұп сандардан тұрады.

Тоғызқұмалақты екі адам ойнайды. Ойын басталмай тұрғанда онда бәрі де сакральді. Отау саны да тақ, құмалақтар саны да тақ. Ойын басталған соң-ақ пенделік болмысымыз атойлап шығады. Біздер нәпсіміз арқылы толықтыққа ұмтыламыз. Біздер қайткен күнде 82 құмалақ алуға тырысамыз. Өйткені бұл – жеңіс!

Ойын басталмай тұрғанда тараптарда – 81 құмалақ болады. Ойыншыға осы 81 құмалағын сақтап қалса болғаны!

Жеңу үшін қарсы жақтың 1 құмалағын ұтып алсаң жеткілікті.

Тоғызқұмалақ ойының философиясы – 82.

Тоғызқұмалақ ойының пәлсапасы – 81.

Тоғызқұмалақ ойының философиясы – жеңу (82).

Тоғызқұмалақ ойынының пәлсапасы – жеңілмеу (81).

Кез келген логикалық ойынның мақсаты – жеңу.

Тоғызқұмалақтың философиялық мәні де (мақсаты) – жеңу, қазандығындағы құмалақ санын 82-ге жеткізу.

Тоғызқұмалақтың пәлсапалық мәні (мақсаты) – жеңілмеу, алғашқы 81 құмалағын сақтап қалу.

Осыған орай, онда басқа логикалық ойындарға қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар. Оның ең бастысы – жемеу. Жемей-ақ діттеген мақсатқа жету. Тоғызқұмалақта бұл жүрістер алыс-беріс аталып жүр. Тоғызқұмалақ ойынында оның көрінісі – тұздық пен атсырау.

Ойыншылардың екеуіне де мұндай мүмкіндік берілген.

Осы екі мүмкіндік арқылы бастапқы құмалақ санын (81) сақтап қалуға болады.

Тоғызқұмалақ ойынының пәлсапасы дегеніміз осы. Ойынға қатысатын құмалақ саны – 162 (81+81).

Бұл сакральдық сан (81). 9 отау бар, әр отауда 9 құмалақтан бар, ұзын саны – 81 (9х9). Тоғызқұмалақтың пәлсапалық мәні ойын басталмай тұрғандағы саны ойын аяқталғаннан кейін де өзгермеуі керек, яғни ойынға 81 құмалақпен кіріп, ойыннан сол 81 құмалақпен шығу керек. Оған жетудің амалы – атсырау мен тұздық. Ал алыстың (жеудің) бұл жердегі мәні толықтыққа ұмтылу ғана! Олай болса оныншы отау (тұздық) толықтық отауы болып шығады.

81 саны бұл жерде кемелдік саны болып табылады. Өйткені ол 9 санының көбейтіндісінен (9х9) құралған.

Натурал сандардың кемелі – 9 саны және оның көбейтінділері. 9х9=81. Нәтижесінің өзі кемел сан – 9 (8+1). 9х9х9=729. Мұнда да екі тоғыз – (7+2) және 9. 9х9х9х9=6561. Мұнда да солай – 6+5+6+1=18 (екі тоғыз 18:2).

Ал тоғызқұмалақ ойынның философиясы дегеніміз не?!

Ол әу баста айтқандағымыздай толықтыққа ұмтылу, яғни тақ сандардың жұп сандарға ұмтылуы. Тоғызқұмалақ ойыны табиғаты осы – толықтыққа ұмтылуы.

Тоғызқұмалақ ойыны жағдайында толық (жұп) сандар шабытты (табысты) жүріс болып есептеледі. Өйткені осы жүрісі арқылы ойыншы өзінің қазандығындағы құмалақ санын еселейді, діттеген мақсатына жақындай түседі.

Бар-жоғы қарсыласынан 1 құмалақ алса болғаны. Егер өз құмалағымен қалған болса (81), онда ойын тең аяқталған болып есептеледі. Сондықтан, оған қайткен күнде 1 құмалақ артық алуға тура келеді. Отауларындағы 81 құмалақты толық қылғанда 82 (81+1) ғана мақсатына жетеді. Өйткені 81 санының толықтық (жұптық) мәні – 82.Тоғызқұмалақ ойынының дүниеуи (пәнилік) сипаты осы.

Ойынның толық және кемел түрінде ерекше бір күрделі айырмашылық жоқ.

Ал ойынның кемел түрінде 81 құмалақ алса жеткілікті.

Е. Иманбаев 9 санын – адам дейді. Өйткені адамның іш дүниесін бұл әлеммен байланыстыратын тесік саны – 9. Ауыз, көз, құлақ, тағы басқа тесіктер.

Адам жанының болмыстық үштағаны – заттық, рухани, рухтық. Жанның әбжадтық мәні – 54. Осы жанның болмыстық мәні – 162 (54х3).

Демек, тоғызқұмалақтың әбжадтық мәні жанның заттық, рухани, рухтық мәндерінен тұрады.

Дененің әбжадтық мәні – 74.

Иманның әбжадтық мәні – 92.

Міне, Иманбаевтың иманы!

Ақылдың әбжадтық мәні – 200. Жанды жоғарыда айтқанбыз – 54. Екеуінің қосындысы 254-ті құрайды. Енді осыдан 92 (имандылық) алып тастасақ 162 болады. Осыдан кейін тоғызқұмалақты қалайша имандылық ойыны демеске?!

Олай болса тоғызқұмалақ иманды байытатын ойын болып шығады.

19 саны Құранның арқауы деп аталады. Бұл дүние 6 күнде жаралған.19 және 6 сандарының көбейтіндісі – 114. Бұл сан болса қасиетті Құран Кәрімдегі сүрелер саны.

Жоғарыдағы адамға (9 тесік) байланысты мынаны айтар едік.

Жаратылыс бес тектен тұрады. Ауа, су дегендейін. Олардың тек құраушы сандары – 26 және 62 сандары. 26-ға 19-ды қоссақ 45 болады. Мұны да зерттеушілер адам деп қабылдайды. Өйткені адам сөзінің әбжадтық мәні – 45. Ал, 62-ге 19-ды қоссақ 81 болады. Мұны Ғұзыхан ағамыз да, Еркетай ағамыз да толық адамға барар жол деп түсіндіреді. Себебі, толық адамның әбжадтық мәні – 92!

Мұхаммед пайғамбарымыздың әбжадтық мәні – 92!

99 саны Мұхаммед пайғамбарымыздың көркем есімдерінің жиынтық саны. Енді осыдан 18-ді (он сегіз мың ғалам) алсақ 81 шығады.

Айдың (нұр) әбжадтық мәні – 11. Осы 92-ден 11-ді алсақ тағы да 81 шығады. Енді керісінше жүріп көрелік.

Осы жерде еріксіз еске һәкім Абай түседі. Абай адамның өзін үшке бөліп қарайды. Пенде (пақыр) деп, жартыкеш адам деп, толық адам деп.

Тоғызқұмалақтың ұзын саны – 81 (9х9). Енді оған нұр, жарық, қамар (ай) санын қосалық (11). Қосынды – 92 болады.

Олай болса тоғызқұмалақ ойыны иман (имандылық) ойыны болады.

Бұрында өткен бабаларымыз бұл ойынды сакральдығын сақтап ойнаған сынды, яғни, ойынды 81 құмалақпен бастап, 81 құмалақпен аяқтаған. Бұл кемелдік ойыны болса керек. Ал, ойынды 81 құмалақпен бастап, 82 құмалақпен аяқтау – бұл тоғызқұмалақ ойының толықтық (табиғи) сипаты, яғни, тақтық қашанда жұптыққа ұмтылады. Біз қазір осы кейінгісін ойнап жүрміз. Бәлкім, бабаларымыздың әубастапқы ойынын жаңғыртармыз?! Бастапқысын – бақи, кейінгісін – пәни деп те атауға болар еді. Тоғызқұмалақ ойынының бұл екі түрінің де дербес өмір сүруіне толық құқы бар деп білеміз.

Төрехан МАЙБАС

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button