Жаңалықтар

Жұлдыздар із тастап ағады

Сурет марқұмның жеке мұрағатынан

Арқа қаламгерлерінің көшбасшылары қатарында әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған, әдеби сөздің танымал шеберіне айналған Оралбек ағамыздың пәнилік өмірден кеткен сәтін естігенде жанымыздың күйзеліп кеткені рас.
Қамшының қысқа сабындай баянсыз тірліктің ащы шындығы шымбайға батып кетті. Көз алдыма Есілді жағалап келе жатқан сарабдал, ешкімге ұқсамайтын, өлім түгілі өкпеге қимайтын маңғаз бейнесі келе қалды. Сол Есіл жағалауынан ұзамайтынын, мәңгілік мекені болатынын жүрек шіркін сездірген де болар. Ақын жанды, асқар таудай азаматтың нәзік жүрегі мына дүниеде болып жатқан түрлі өзгерістер нөпіріне шыдас бермеді-ау! Аузынан «айналайыны» түспейтін, адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған қайран ағаның жанындай сүйетін Ақтоғайы жетімсіреп қалды. Сан мәрте жырлаған Ақсораңы, Бегазысы мен Қызыларайы, Бектауатасы Есілге мұңлы кейіппен қарап, қабырғалы елі біртуар перзентін көпке дейін жоқтайтын болады.
Жұлдыздар із тастап ағады…
Бұл – өнегелі өмір сүріп, артына мол мұра қалдырған Оралхан ағаның төл сөзі. Ақтоғай, Қарағанды өңірінде дарынды қаламгер ағаның ізі түспеген елдімекен жоқ шығар. Небір еңбек майталмандары жайлы қалам тербеп, олардың адамгершілік қасиеттерін баса суреттеп, өлке тарихына өлшеусіз үлес қосқан ардагер аға жайлы өткен шақпен қалам тербеу де оңай болған жоқ. Осыдан шамалы уақыт бұрын Қарағанды қаласында жерлестерімен бас қосып, әнін айтып, әңгімесін шертіп, бір жасап қалғандай болып еді. Кетерінде кең құшағына алып, айналайынын қоса айтқан аға жайлы қоштасу сөзін жазам деп кім ойлаған.
Бақұл бол, аға. Артыңда қалың ормандай елің, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағың барда ұмытылмайсың.

Аңғар СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button