Жаңалықтар

Жүйелі тәрбие – жарқын болашақ кепілі

Жас ұрпақтың елінің азаматы болып, тұлға болып қалыптасуының түп тамыры тәрбиеден басталады. Еліміздің болашағы әрине, ол келешек ұрпақ екені сөзсіз. Ендеше бүгінгі таңда жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

«Тәрбиеге әсер беретін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғыруы, не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі…» дейді, Ж.Аймауытов. Халқымыз бала тәрбиесіне қашанда ерекше мән берген. Тәрбие ең бірінші отбасынан басталатыны белгілі. Бұл үлкен тәрбиенің бастауы. Алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя – мектеп. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ, міндеті бір. Сондықтан, ұстаздар мен ата-аналар арасындағы байланыс неғұрлым тығыз болса, оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

Тәрбиенің мазмұны оның мақсаттары мен міндеттері арқылы анықталады. Тәрбие жұмысының негізгі мақсаттарына жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азаматты тәрбиелеу, тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, балалар мен жастардың құқықтық санасын, оларда балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұру даярлығын қалыптастыру жатады. Сонымен қатар, тұлғаның қазақстандық қоғам өмірінің жалпы адамзаттық құндылықтарымен, нормаларымен және дәстүрлерімен келісілген рухани-адамгершілік және этикалық ұстанымдарын, моральдық қасиеттерін және көзқарастарын қалыптастыру маңызды.

Тұлғаның өзін кәсіби анықтауына саналы қарым-қатынасын қалыптастыру, экономикалық ойлауын және экологиялық мәдениетін дамыту, жалпы мәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, өнердегі және болмыстағы эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін дамыту, білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құру керек.

Әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндігін, көшбасшылық қасиеттерін және дарындылығын, сондай-ақ, ақпараттық мәдениетін дамытуды қамтамасыз ететін уәждемелік кеңістік қалыптастыру, салауатты өмір салты, дене дамуы және психологиялық денсаулық сақтау дағдыларын, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтау біліктілігін ойдағыдай қалыптастыру үшін кеңістік орнату қажет.

Осы мақсаттарға қол жеткізуде ата-анамен ұстаздар бірлесіп жұмыс атқаратын болса, онда дені сау, білімді, адамгершілікті, тапқыр, кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын, кез келген адаммен тіл табыса алатын, ел тағдыры үшін жаны ашитын, жауапкершілігі мол, мәдениетті, еңбекқор, бойына басқа да жақсы қасиеттерді жинаған азамат қалыптастыра аламыз деп толық сеніммен айта аламын.

Жаһандану дәуірінде үздіксіз білім беру, міндетті қажеттілік болып саналады, мұнда әрбір адам өмірінің барысында өзінің білімін жаңартуға, дағдаларын жетілдіруге мәжбүр болады. Дегенмен, ұлы ойшыл әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп айтып кеткендей, адамға ең алдымен дұрыс тәрбие берілуі керек деп ойлаймын.

Светлана Омарханова,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының

жетекші маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button