Жүйе жүйкені жұқартпасын десек…
«Қарағанды Су» ЖШС өкілдері қарағандылықтарға барлық қоқысты дәретханаға тастауға болмайтынын түсіндірудің жаңа әдісін тапты. Бұл жолы компания жадынама қағазы арқылы онда бәрін сызып көрсетті.
Осылайша «Қарағанды Су» ЖШС жұмысшылары кәріз коллекторларын қайтадан қоқыстан тазартты. Тұрғындар үшін жаңа ескерту қағаздарын да таратты.
Компания өкілдері сонымен қатар, дәретханаға тамақ қалдықтарын, темекі тұқылдарын, жаялықтар, май, тұрмыстық қоқыс, құрылыс қоқыстарын, гигиена құралдары, жануарларға арналған дәретхана толтырғыштары, шүберектер, құлақ таяқшаларын тастамау керектігін көрсетті.
– Елдімекендердің су бұру жүйелеріне ағынды суларды қабылдау қағидаларына сәйкес құрамында топырақ, құм, құрылыс және тұрмыстық қоқыс, май бар сулар қабылданбайды. Кәрізді пайдалану ережелерін бұзу жиі бітелуге әкеледі. Тұтынушылар көбінесе кәрізге тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, жеке күтім құралдарын, шүберектерді, мысық қоқыстарын тастайды. Кәріз бұл – қоқыс тастайтын орын емес. Оның да әртүрлі міндеттері, пайдалану ережелері бар, – деп еске салды компания өкілдері.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz