Жүгі батпан жас ұжым

Сонау заманда патшаның жарлығын, биліктің заңнамалық нұсқауларын жариялау үшін алғаш рет газетті шығарған еді. Содан бері газет халық пен билік арасындағы көпірге айналды. Бертін келе көгілдір экран арқылы халыққа ақпарат таратылды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткізген телеарна жұмысы жанданып, қызмет көрсету аясы кеңейе түсті. Ал бүгінде ақпарат тарататын түрлі пабликтер ашылып, телеарналар алдына түсті десе, артық айтқанымыз емес. Ақпарат айдынына бертінде келген «Saryarqa aqparat» ЖШС-на қарасты Life 09 интернет редакциясы бүгінде қанатын кеңге жайды.

Әлеуметтік желіні ашсаңыз, бейресми ақпараттарды көруге болады. Теріс ағымдағы түрлі парақшалар да бар. Ал, біз оларға тек газет пен телеарна арқылы тосқауыл қоя алмаймыз. Бізге мемлекеттік саясатты, аймақ тынысын жаңа форматта ресми жариялайтын ұжым қажет болды. Осы мақсатта ақпараттық портал құрылған болатын. Жастардың ақпаратты көруі, қабылдауы – бір бөлек. Сол себепті, аймақтың ажарын, тыныстіршілігін көпшілікке видео арқылы жеткізіп, әлеуметтік желі, паблик, сайт, youtube каналы арқылы жариялаймыз, – дейді Life 09 интернет редакциясының жетекшісі Нұрлан Әбілдин.

Ақпараттық портал осыдан екі жыл бұрын құрылған. Жылдан жылға көрермендері де артып келеді. Ал, ұжымда – 12 адам. Шағын ұжым болса да қызқыз қайнаған жұмысты бір кісідей бөліп, ауызбіршілікпен атқарып келеді. Оған әлеуметтік желідегі түрлі бағытта түсірілген бейнероликтер дәлел. Бүгінде «Арқа-жарқа» әңгіме-дүкен алаңы, «Көңілдегі көрікті ой», «Ауыл Times» туындылары елдің асыға күтіп көретін бағдарламасына айналып үлгерді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында түсірілген «Верь в себя», «Эмоджи», «Жаңа толқын», «История одной улицы» сынды еркін форматтағы бағдарламаларын әлеуметтік желі қолданушылары жақсы біледі.

Ұжым «Арқа like» жаңа жобасын түсіруді бастап кетті. Біріне-бірі ұқсамайтын қала, ауданның тұрмыстіршілігін түсіріп, көпшілікке ұсынамыз. Мысалы әлеуметтік желіде еркін форматта түсірілген кез келген қала, аудан жайлы бейнероликтер аз. Бүкіл ел сол аудан жайлы кеңінен танып, білуі үшін бастаманы қолға алдық, – дейді Нұрлан Қалиақбарұлы.

Life 09 интернет редакциясы ақпарат айдынында ірі орталықтармен иық тірестіріп келеді. Алдағы уақытта ұжым жаңа форматқа көшіп, түрлі бағдарламалар түсірмек. Ақпарат айдынына қосылған жас ұйымның алар асуы көп. Ал, сол жолда абыроймен өтуге сәттілік тіледік!

Ербол ЕРБОЛАТ.