Жаңалықтар

Жәдігер сырын ұғындырған кеш

Халықаралық музей күні аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Музей түні» – «Музейлік вернисаж» атты мұражай мерекесі өтті. 

«Музей түні» акциясы мұражай басшысы Ержан Нұрланұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ол келген қонақтарға алғысын білдіріп, уақытты көңілді өткізуге шақырды. 

Тарих таңбасын бедерімен бес ғасырға жеткізер жалғыз мекен ол музей екені хақ. Сан жылдардан қалған көне жәдігерлерге тіл бітіріп, қиял қиясына шығарар осы бір таңғажайып орын туралы «Hollywood» талай фантастикалық фильмдер де таспалады. Жалпы музей еңбектеген балаға да еңкейген қартқа да қызық мекен ғой әуелден.

Музей түні барысында Орталық Қазақ­станда болған басты тарихи оқи­ға «Қоян­ды жәрмеңкесінің» 175 жылды­ғына арналған театрландырылған инс­­таля­ция көрсетілді. Сондай-ақ, Қарағанды «Han­dmade» шеберлерінің жәрмеңкесі, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптар, «Неге?» ғылыми ойын-сауық балалар бағдарламасымен көрме өткізілді. Келген қонақтарға сурет өнерінің бірнеше туындылары ұсынылған суретші Монарбат Кайраттың «Кей-кей» арт галерея­сы орналасты. Және де  тарихи лото, «Музей заттарының құпиясы» және «Ғарышқа саяхат», өлкетану және зияткерлік викторина «Музей білгірлері»  сынды әр түрлі квест ойындар, викториналар, сайыстар өтті. Бұл сайыстарға келген қонақтар қатыса отырып, қағаз ақша күйіндегі банкноттарды жинап, кеш соңында ұйымдастырылған «Сәттілік ұстаушылар» лотореясына қатысып, сыйлықтар ұтып алды. Мұражай түні қонақтары сонымен қатар әр түрлі ертегі кейіпкерлерімен естелікке суретке түсті. 

Музыкалық алаңда академик Бөкетов атындағы Жастар сарайының өнерпаз қыз-жігіттері өнер көрсетті. Музей фойесінде «Шай рәсімі» кафесін ұйымдастырды.

Сиқырлы музей түніне қала тұрғындары мен қонақтары бала-шағасымен, қоғамдық және мектеп музейлерінің өкілдері, ЖОО мен колледж студенттері, ұйым өкілдері қатысты. Іс-шара – заманауи музейлердің ресурстарын, мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, музей қызметін таныстыруда жаңа, креативті тәсілдерді анықтау, мәдени-интеллектуалдық уақыт өткізу үшін музейге келушілерді көбірек тарту мақсатын көздеген-ді. Музей түні кешкі сағ. 19.00-ден түнгі сағ. 24.00-ге дейін жалғасты.

Қалың ел ішке кіргенде түрлі кейіптегі мамандар күтіп алып, қолымызға бағдарлама ұсына берді. Қала құрылғандағы ескі көше атаулары мен жергілікті суретшілердің туындылары да ілініпті. Бірінші және екінші қабаттардағы барлық зал әдемілеп әрленген, жәдігерлер орналастырылған. Атап айтсақ, ескі радиолар, пластинкалар, телефон, теледидар, фотоаппарат және тағы басқалары.

Музей түнінің бағдарламасындағы музей экспозициясы бойынша «Жанданған тарих» театрландырылған экскурсиясында келушілер көптеген тың дүниені білуге мүмкіндік алды. Онда «Алтын адам» және оның аты қойылыпты. Қасында хан екі уәзірімен тақта отыр. Сонымен қатар, Алаш арыстарының портреті, өмірдерегі, тұтынған бұйымдары мен жасаған заң қаулылары да тұр. Музей қорынан «Жәдігерлер шеруі» мерейтойлық жобасы бойынша тарихи-тұрмыстық коллекция көрмесі арқылы бабалардың өмір сүру салтымен, өнерімен етене таныстық. Бұдан бөлек ауылшаруа­шылық бұйымдары соқа, тырма, мала, жер өлшеу құралдары да ұсынылды.

Сонымен қатар, келі, диірмен, күбі, рагатка, торсық, кебеже, аң терісі, қамшы, ат әбзелдері, түрлі күміс әшекейлер, шоқпен қызатын үтік, самауырдың түр-түрі де көздің жауын алады. Көрсең көзің тояды. Өзімізді байырғы баба ізі қалған Сығанақ базарында жүргендей сезіндік.

Жан Амантай,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button